Қазақстанда сақтандыру және қор нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы әзірленеді
Фото: АқордаОтандық қаржы жүйесіндегі сақтандыру секторының үлесі мардымсыз. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, – деп хабарлайды KAZINFORM— Әлемде банктермен қатар сақтандыру және құнды қағаздар нарығы ұзақ мерзімді капиталдың көзі саналады. Отандық қаржы жүйесіндегі сақтандыру секторының үлесі мардымсыз — 5 пайыз ғана. Мұндай жағдайды місе тұтуға болмайды. Әңгіме цифрлық технологияларды пайдалану арқылы сақтандыру өнімдерінің түрін көбейтіп, олардың қолжетімділігін арттыру жөнінде болып отыр. Сақтандыру нарығын мемлекеттің, азаматтар мен бизнестің ықтимал тәуекелдерге ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастыратын маңызды институт ретінде қарастырған жөн, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, мұндай тәсілге көшу үшін дамыған елдердің үлгісіне сай міндетті сақтандыру түрлерін көбейту қажет. Банктер мен сақтандыру компаниялары ұзақ мерзімді қор жинауды күшейтсе, бұл құнды қағаздар нарығының дамуына тың серпін береді.
— Құнды қағаздардың дамыған нарығы — макроэкономикалық тұрақтылықтың маңызды көрсеткіші. Ал оның ауқымы инвесторлардың сенім деңгейі қандай екенін білдіреді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банкке 1 қыркүйекке дейін сақтандыру және қор нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын. Оны тиімді іске асыру үшін сақтандыру және құнды қағаздар туралы жаңа заңдар қабылдау қажет деп санаймын, — деді Мемлекет басшысы.













