Мәдениет мекенінің тынысы
Мәдениет – ұлттың рухани тірегі, қоғамның айнасы. Ол адам болмысының асыл қасиеттерін дәріптеп, жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтуде айрықша маңызға ие. Осы орайда Қазалы қалалық мәдениет үйі жанынан жұмыс жасап келе жатқан өнер үйірмелері жастардың шығармашылық қабілетін дамытып, өнерге деген сүйіспеншілігін арттыруда елеулі еңбек етіп келеді.Бүгінде мәдениет үйі жанында ән, би, көркемсөз, домбыра, вокалды-аспапты топ және халық театры тұрақты түрде жұмыс істейді. Жуырда осы үйірмелерге қатысатын жас өнерпаздар өздері меңгерген өнерін сахна төрінде паш етіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Өнер кешіне арнайы қатысқан Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығының балалармен жұмыс жасау жөніндегі әдіскері Балқыз Өмірзақ жас таланттарға жылы лебізін білдіріп, шығармашылық жолдарына сәттілік тіледі.
Концерт шымылдығы мәдениет үйі жанындағы халық театрының мазмұнды сахналық қойылымымен ашылды. Қойылымды дайындап, сахнаға шығарған мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі Бақыткелді Надиров. Театр ұжымының шебер ойыны көрерменді бірден баурап алды.
Одан кейін жаңадан құрылған «Самғау» би тобы өнер сүйер қауымға өз билерін ұсынып, өнер әлеміндегі алғашқы қадамын сәтті бастады. Би үйірмесінің жетекшісі, мәдениет үйінің қызметкері Аңсаған Оспан жас бишілердің сахнада еркін қимылдап, көрерменмен тіл табысуына үлкен үлес қосты.
Едіге Айдаров жетекшілік ететін домбыра үйірмесінің қатысушылары да ұлттық аспапта күмбірлете күй орындап, көпшіліктің көзайымына айналды.
Сонымен қатар аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегерлерінен құралған өнерпаздар әуезді әндерден шашу шашты. Осы түрлі додаларда топ жарып, ән әлемінде алғашқы қадамдарын жасап жүрген дарынды жастардың жұлдызын жағып, қанатын қатайтып жүрген ән үйірмесінің жетекшісі, мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Дастан Пірімбаевтың еңбегін ерекше атап өткен жөн.Кеш барысында көркемсөз үйірмесі мен вокалды-аспапты топтың жетекшілері Гүлбарам Жауғашарова мен Ғасырбек Аралхан да шәкірттерінің сахнада еркін өнер көрсетуіне мол мүмкіндік жасады. Сондай-ақ шара аясында қылқалам шебері, түрлі деңгейдегі байқаулардың жеңімпазы Кеңесбай Ақтотының жеке көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Аталған бастаманың жүзеге асуына мәдениет үйінің қызметкері Ануза Жақсыбаеваның қосқан үлесі зор.
Өнер мен мәдениетті ұлықтаған бұл тағылымды кеш жас таланттардың шығармашылығына серпін беріп, олардың болашаққа деген сенімін нығайтары сөзсіз.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат













