Волейболдан сынға түсті
Қазіргі таңда жастардың денсаулығын нығайту, оларды спортқа баулу, сондай-ақ құқықтық мәдениеті жоғары, тәртіпті әрі отансүйгіш азамат етіп тәрбиелеу – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі.Осы бағытта өскелең ұрпақтың бойында командалық рухты қалыптастыру, жеңіске деген жігерін шыңдау, жауапкершілік пен тәртіпке баулу, бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында түрлі спорттық іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп келеді.
Сөзімізге дәлел болсын, жуырда іргелі оқу ордасы Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде ұйымдастыруымен аудан мектептері мен колледж студенттерінің арасында «Біз – Қазақстанның болашағымыз» атты волейбол өтті.
Спорттық сайыстың ашылу салтанатында колледж директоры Арман Мусаев Қонысбайұлы сөз сөйлеп, , спорттың адам өміріндегі маңызына тоқталды.
Сындарлы сайыста №17, №24, №94, №102, №190 мектеп оқушылары және Қазалы аграрлы-техникалық колледж студенттері қатысып, өзара бақ сынасты. Жарыс тартысты әрі жоғары деңгейде өтті. Ойын барысында командалар командалар өздерінің шеберліктерін, ұйымшылдығын және жеңіске деген жігерін көрсете білді.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі І орынды №94 мектеп командасы, ІІ орынды Қазалы аграрлы-техникалық колледж командасы, ІІІ орынды №24 мектеп командасы иеленді. Сонымен қатар үздік ойын көрсеткен қатысушылар арнайы номинациялармен марапатталды.
Спорт сайысының «Үздік тосқауылшы» ретінде №17 мектептің оқушысы Сухан Бейбарыс танылса, №102 мектеп атынан әдемі ойын өрнегін көрсеткен Әбдірші Мұхаммедәлиге «Үздік либеро» бұйырды. Жарыстың «Үздік ойыншы» аталымы Қазалы гуманитарлық колледжінің студенті Ж. Әбдірашқа табысталды.
Аудандық деңгейде ұйымдастырылған «Біз – Қазақстанның болашағымыз» волейбол жарысы жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың өзара достық қарым-қатынасын нығайтуға зор ықпал етті. Осындай мазмұнды спорттық іс-шаралар жас ұрпақты шынықтырып, ел болашағына бей-жай қарамайтын, белсенді азамат болып қалыптасуына жол ашады.
Бақтияр ЕРҒАЗЫ,
Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің
дене шынықтыру пәнінің оқытушысы














