Жаңа Конституцияның жобасы жарияланды

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын жариялады.
Құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдардан, сарапшылар мен ғылыми қауымдастықтан түскен ұсыныстарды, сондай-ақ ашық қоғамдық талқылаулардың нәтижелерін ескере отырып, ауқымды әрі ашық жұмыс қорытындысы бойынша әзірленді.
Реформаның бастау нүктесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында айтылған бір палаталы Парламентке көшу жөніндегі бастамасы болды. Парламенттік реформаны іске асыру үшін белгілі құқықтанушылар, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері кірген Жұмыс тобы құрылды. Азаматтар да e-Otinish және eGov порталдары арқылы өз ұсыныстарын жолдап, талқылауға белсенді қатысты.
2026 жылғы қаңтарда Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент атқарылған жұмыстың қорытындысын шығарып, алдағы өзгерістердің негізгі бағыттарын айқындады. Осыдан кейін елдің барлық өңірлері мен әлеуметтік топтарының өкілдерінен құралған 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия жасақталды. Комиссияға Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Азимова жетекшілік етті.
Комиссия жұмысы барысында Конституцияның барлық бөлімдерін қамтитын ұсыныстар қаралды — бұл қолданыстағы Негізгі заң мәтінінің 84 пайызын, яғни 77 бапты қамтиды. Соның нәтижесінде Конституцияның жаңа редакциясын әзірлеу туралы шешім қабылданды.
Жаңа Конституция жобасы мемлекеттің адамға бағдарланған сипатын күшейтуге, адам құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға, білім, ғылым, мәдениет және инновацияларды дамытуға бағытталған. Алғаш рет конституциялық деңгейде адам құқықтарының басымдығы, азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау, әділдік, заң және тәртіп қағидаттары, сондай-ақ табиғатқа ұқыпты қарау нормалары бекітілді.
Негізгі жаңашылдықтардың қатарында бір палаталы Парламент — Құрылтайды құру, Вице-Президент институтын енгізу, жалпыұлттық диалог алаңы «Қазақстанның Халық Кеңесін» қалыптастыру, азаматтардың құқықтық кепілдіктерін күшейту, мемлекеттің және білім беру жүйесінің зайырлы сипатын конституциялық деңгейде бекіту бар.
Жаңа Конституция жобасы Кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Ұсыныстарды қабылдау e-Otinish және eGov порталдары арқылы жалғасуда, ал түпкілікті шешімді ел азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайды.
Конституциялық комиссияның жұмысы жалғасуда.
Дереккөзге сілтеме: https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/press/news/details/1152063?lang=kk
Гүлназ ДӘРІБАЕВА











