Мәслихаттар сайлауы
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұнай бағасы неге арзандап жатыр және бұл теңгеге қаншалықты қауіпті

Мұнай бағасы неге арзандап жатыр және бұл теңгеге қаншалықты қауіпті

Фото: pixabay
Соңғы бір айда Brent маркалы мұнайдың бағасы 23,1%-ға арзандады. Сонымен қатар әлемдегі ірі банктердің болжамдары да әзірге оптимизмге негіз бермейді. Алдағы айларда мұнай нарығында қандай өзгерістер болуы мүмкін және бұл теңге бағамына қалай әсер етеді? Бұл мәселені Zakon.kz зерттеді.
Мұнай тапшылығынан артық өндіріске қарай
2026 жылғы 24 қараша күні таңертең Лондондағы ICE Futures Europe биржасында Brent маркалы мұнай фьючерсінің бағасы 85,92 долларға дейін төмендеді. Бір аптада эталондық мұнай сорты 4,95%-ға, ал бір айда 23,1%-ға арзандады.
Осы уақытқа дейін мұнай нарығындағы бағаға әсер еткен негізгі фактор Парсы шығанағы елдерінен энергия ресурстарын жеткізудегі іркілістер қаупі болатын. Қазір нарықта мұнайдың шамадан тыс өндірілу қаупі алдыңғы орынға шықты.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) мәліметінше, мұнай бағасына Таяу Шығыстан жеткізілімдердің қалпына келуі және Ливиядағы "Шарара" мұнай құбырының қайта іске қосылуы қысым жасап отыр.
"Мұнайдың нақты жеткізілім көлемінің артуы жеткізілімдегі ықтимал іркілістерге қатысты алаңдаушылықтан басым түсіп отыр", – делінген ҚҚҚ мәліметінде.
Парсы шығанағы елдері Ормуз бұғазы мен Қызыл теңізді айналып өтетін балама бағыттар арқылы шикізат тасымалдауды игеріп жатыр. Сонымен қатар ОПЕК+ елдерінің мұнай өндіру көлемі артып, қазан айында соғысқа дейінгі деңгейге жақындады.
Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) болжамынша, 2026 жылдың төртінші тоқсанында әлемдік мұнай ұсынысы сұраныстан тәулігіне 2 млн баррельге артық болады, деп жазады Reuters.
Соған қарамастан нарық қатысушылары мұнай тапшылығы қайта туындауы мүмкін деген қауіпті әлі де жоққа шығармайды.
"Енді мұнай үздіксіз әрі мол көлемде жеткізіледі деген қорытынды жасау жауапсыздық болар еді", – деді PVM компаниясының сарапшысы Тамаш Варга агенттікке берген сұхбатында.
Қазақстанның валюта нарығында ұлттық валютаның айтарлықтай әлсіреуі өткен аптаның соңында басталды.
18 қарашада Қазақстан қор биржасындағы (KASE) доллардың орташа сараланған бағамы 444,25 теңге болса, 19 қарашада 449,13 теңгеге, ал 20 қарашада 455,32 теңгеге жетті. Сонымен қатар АҚШ валютасымен жасалған сауда көлемі 455,1 млн доллардан 825,6 млн долларға дейін, яғни 81,4%-ға өсті.
Мұнай бағасы төмендеген кезде қазақстандық экспорттаушылар, басқа жағдайлар өзгермесе, валюталық түсімнен аз пайда табады. Соның салдарынан ішкі нарықтағы доллар ұсынысы да қысқаруы мүмкін.
Бүгінде доллардың ресми бағамы 455,12 теңгені құрайды. Алайда америкалық валюта біртіндеп қымбаттап келеді. Астана уақыты бойынша сағат 12:00-де Forex нарығында доллар бағамы 456,7 теңгеге жуықтады.
Сарапшылардың пікірінше, ішкі факторлар теңгенің күрт әлсіреуіне тосқауыл болуы мүмкін.
"Атап айтқанда, тоқсандық салық төлемдерінің шарықтау шегіне жақындауы экспорттаушылар тарапынан шетел валютасы ұсынысының артуына ықпал етуі мүмкін", – деп есептейді ҚҚҚ сарапшылары.
Теңгемен салық төлеу үшін мұнай компаниялары валюталық кірістерінің бір бөлігін айырбастайды. Алайда бұл кезең аяқталғаннан кейін нарықтағы қосымша доллар ұсынысы азайып, сыртқы факторлардың айырбас бағамына әсері күшеюі мүмкін.
Қазақстан мұнайы Brent-тен қымбат
Теңгенің болашағын бағалау кезінде тек Brent бағамын ғана емес, Қазақстан мұнайының нақты құнын да ескеру қажет.
Oilprice деректеріне сәйкес, Қазақстанның негізгі экспорттық мұнай сорты – CPC Blend қазір барреліне 108 доллардан бағаланып отыр.
Қыркүйектің ортасында оның бағасы 124 доллардан асқан еді. Демек, сол кезеңмен салыстырғанда қазақстандық мұнай шамамен 13%-ға арзандады. Соған қарамастан CPC Blend Brent маркалы мұнайдан едәуір қымбат күйінде қалып отыр.
2026 жылғы 24 қарашадағы жағдай бойынша CPC Blend мұнайы Brent-тен 22,08 долларға немесе 25,7%-ға қымбат.
Таяу Шығыстан жеткізілім көлемінің шектелуі жағдайында жеңіл әрі күкірті аз мұнайға сұраныстың артуы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы тасымалданатын қазақстандық шикізаттың бағасын қолдап отыр.
Уолл-стрит мұнайдың молаюын күтеді
Америкалық JPMorgan инвестициялық банкі 2027 жылдың бірінші жартысында мұнай бағасы барреліне 75–80 долларға дейін төмендейді деп болжап отыр. Қосымша ұсыныстың негізгі көздері Ираннан басқа Таяу Шығыс елдері мен Солтүстік Америка мемлекеттері, әсіресе АҚШ болмақ.
Goldman Sachs банкі де келесі жылы әлемдік нарықта шикізаттың едәуір артық қоры қалыптасуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Ал Bank of America әлемдік мұнай қорының салыстырмалы түрде төмен деңгейде екенін атап өтті. Мұндай жағдайда жеткізілімдегі уақытша іркілістердің өзі бағаның күрт өсуіне әкелуі мүмкін.
Энергетика саласының сарапшысы Игорь Юшков геосаяси тәуекелдер мұнай нарығына әлі де айтарлықтай әсер етіп отырғанын айтады.
"Таяу Шығыс факторы мұнай бағасын айқындайтын негізгі фактор болып қала беретінін көріп отырмыз. Егер әскери қақтығыстар қайта басталса, мұнай бағасы барреліне 100 доллардан жоғары көтеріледі. Қазір нарық жаңа қақтығыстар бола ма, әлде келіссөздер бастала ма деген белгілерді аңдып отыр", – дейді Игорь Юшков.
Мұнай бағасына әсер етуі мүмкін алдағы маңызды оқиғалардың бірі – 29 қарашада өтетін ОПЕК+ отырысы. Ұйымға мүше елдер онда 2027 жылға арналған мұнай өндіру саясатын айқындауы тиіс.
Бюджетте қор бар, бірақ теңгенің тұрақтылығына кепілдік жоқ
Қазақстанның алдағы үш жылға арналған бюджет жобасында мұнайдың бір баррелі 70 доллар деп белгіленген.
Бұған дейін, 17 қыркүйекте Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин журналистердің мұнай бағасының мемлекеттік қаржыға әсері туралы сұрағына жауап берген болатын.
"Әрине, егер баға осы деңгейде сақталса, бюджетке қосымша түсім түседі. Біз бір баррель мұнайдың бағасын 70 доллар деп алдық. Егер баға бұдан жоғары болса, бұл қосымша кіріс болады", – деген еді Азамат Әмрин.
Көріп отырғанымыздай, әзірге жағдай жаман емес. Тіпті JPMorgan болжамы орындалған күннің өзінде мұнай бағасы бюджеттік межеден 7–14%-ға жоғары болады.
Алайда мемлекеттік қаржының тұрақтылығы мен ұлттық валюта бағамының тұрақтылығы – екі бөлек мәселе. Мұнай бағасының төмендеуі ең алдымен мемлекеттің жоспардан тыс қосымша кірістерін, Ұлттық қорға түсетін қаражатты және экспорттаушылардың валюталық түсімін азайтады.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов атап өткендей, мұнай бағасының жоғары болуы теңгенің нығаюына ықпал еткен. Бұл өз кезегінде импорттық тауарлар бағасының өсуін тежеді.
Ал мұнай бағасының төмендеуі кері әсер етуі мүмкін. Яғни теңге әлсіреп, инфляция қарқыны жеделдеуі ықтимал.
24 қараша 2026 ж. 15 0

Қытайда жер сілкінді

24 қараша 2026 ж. 19

Қамданған қапы қалмайды

24 қараша 2026 ж. 71

Үш парақ

24 қараша 2026 ж. 66

Ұлт тағдырындағы ұлы күн

24 қараша 2026 ж. 66

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30