Елімізде телефондарды IMEI арқылы тексеру мемлекетке құзыретіне өтеді: iPhone иелері нені білуі тиіс?
Фото: PexelsҚазақстанда 2027 жылғы 1 шілдеден бастап телефондарды IMEI-код арқылы верификациялаумен Мемлекеттік радиожиілік қызметі айналысады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкіметтегі брифингте мәлем еткендей, қазір бұл қызметке өтінім беру тәртібі eGov арқылы жеңілдетіліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Қазақстанда Apple, Samsung, Huawei және өзге де брендтердің смартфондарын заңды түрде әкеліп, сататын ресми дистрибьюторлар мен дилерлер бар. Қазір біз тексеру рәсімін қолданушыларға ыңғайлы ету бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Ол үшін түрлі жүйелерді, соның ішінде GSMA-ның халықаралық дерекқорларын қосып жатырмыз. Импорттаушылар да осы дерекқорлармен өзара жұмысын жолға қоюы керек", – деді Жаслан Мәдиев.
Министрдің айтуынша, телефонды тексеру саласына мемлекеттік монополия енгізу туралы заң қабылданған. Келесі жылдың 1 шілдесінен бастап верификацияны Мемлекеттік радиожиілік қызметі жүргізеді.
"Қазір өтінім беру тәртібі eGov арқылы жеңілдетіліп жатыр. Порталда қажетті мәлімет мемлекеттік жүйелерден автоматты түрде алынады. Сондықтан шекарадан өткені туралы анықтаманы бөлек алып, өтінімге тіркеудің қажеті жоқ. Өтінім берушінің жеке басын растау үшін бейнесәйкестендіруден өту керек", – деді министр.
Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембековтің мәліметінше, қыркүйектің соңында iPhone 18 сатылымға шыққалы бері Қазақстан желілерінде 279 мың жаңа құрылғы пайда болған. Олардың шамамен 80 пайызы елден сатып алынған және импорттаушылар арқылы верификациядан өткен. Ал 23 мың телефон әлі тексерілмеген. Олардың арасында бір IP-мекенжайдан мыңға жуық құрылғыны тіркеуге талпынған күмәнді өтінімдер бар.
Комитет төрағасының мәлімдеуінше, жалпы құрылғылардың 90 пайыздан астамы тексеруден қиындықсыз өтеді. Ал шамамен 9 пайызы шетелден немесе бейресми жолмен әкелінген болуы мүмкін. Егер телефон "сұр тізімге" түссе, иесіне верификациядан өту үшін 30 күн беріледі. Осы мерзімде тексерілмеген құрылғы "қара тізімге" еніп, ұялы байланыс желісінде бұғатталады. Верификациядан өтпеген телефонды сатып алған адам оны сатушыға қайтара алады, өйткені сатушы тексерілген құрылғыны ғана сатуға міндетті.
Еске салсақ, қазан айында шетелден iPhone 18 сатып алған бірқатар қазақстандық телефондарын IMEI-код арқылы верификациялай алмай жүргенін айтқан. Жүйе кейбір қолданушыларға бұл модельді тексеру уақытша қолжетімсіз екені туралы хабарлама көрсеткен. ATS Mediafon KZ мұны күмәнді өтінімдер мен азаматтардың жеке деректерін заңсыз пайдалану қаупімен түсіндірген. Компания қауіпсіздік жүйесін қайта баптап, жұмыстар аяқталған соң iPhone 18-ді верификациялау қайта қолжетімді болатынын мәлімдеген.











