Қазақстандықтар асыға күткен көліктер көпшілікке "жетпей қалды"
Былтырғы жылдың соңында дүйім елді қуантқан ерекше жаңалық тараған еді.
Фото: canvaЕлімізде автокөлік лизинг арқылы беріле бастайтыны айтылды. Алайда халыққа қолайлы секілді көрінген бағдарламаның кем тұстары да бар болып шықты.
Автонесиеден айырмасы бар ма?
Нарық заманында қоғам қажеттілігімен қатар, қосымша табысты да ойлайды. Қазір ел-жұрттың автокөлік алуға асығатын себебі – осы. Бос уақытында такси болып, қызмет көрсетеді. Сондықтан тиімді бағдарламалар болса, темір тұлпар алып қалуға талпынғандар көп.
Бірақ лизинг осы сенімді ақтамай тұр. Мысалы, былтыр желтоқсанда ғана бағдарлама іске қосылды. Ал Қазақстан бойынша 1 айдың ішінде бар болғаны бір-ақ адам лизинг арқылы көлік алған екен.
Жалпы, бұл бағдарламаның несиеден айырмашылығы қандай? Қарапайым етіп түсіндірсек, автолизинг кезінде көлікті толық сатып алған да болмайсыз, жалға алғанға да есептелмейсіз, орта тұсындағы нұсқа. Адам көлікті өз атына рәсімдемей-ақ, белгілі бір мерзімге пайдаланады, сол уақыт үшін ай сайын төлем жасайды.
Негізі лизингтің жұмыс істеу тәртібі де аса күрделі емес. Лизингтік компания немесе банк кәсіпкер таңдаған көлік немесе жабдықты сатып алады да, оны келісімшарт негізінде пайдалануға береді. Ал алған адам техниканы жұмысында қолданып, табыс табу арқылы төлемдерді кезең-кезеңімен өтеп жүреді.
Автолизингте төлем бірнеше бөліктен тұрады. Алдымен бастапқы жарна төленеді, ол көп жағдайда 10-20 пайыз шамасында. Одан кейін ай сайынғы төлем көлікті пайдалану құнын, оның тозуын, сақтандыруды және лизинг берушінің өзге шығындарын қамтиды. Мәселен, жаңа көліктер үшін бұл айына 100-200 мың теңге көлемінде болуы мүмкін. Келісімшарт соңында қорытынды сома төленеді. Осы төлемнен кейін ғана көлік толықтай клиенттің меншігіне өтеді. Ережелерге қарап-ақ, кәдімгі автонесиеден қарағанда аса бір тиімді тұсын байқамайсыз.
Банктер пайызды жоғары қояды
Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автолизингті бірқатар банк пен қаржы ұйымы іс жүзінде ұсынып отыр. Нарықтағы негізгі ойыншылардың қатарында ForteLeasing бар. Ол Kia брендімен серіктестік орнатып, автолизинг бағдарламасын іске асыруда.
Halyk Leasing те бұл бағытта жұмыс жүргізіп келеді. Автолизинг бизнеске де қолжетімді. Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге арналған бағдарламаларды Банк ЦентрКредит секілді банктер ұсынған.
2025 жылдың 1 желтоқсанында автолизинг қосылып, 1 айдан астам уақытта бар болғаны 1 адамның өтінімі мақұлданғанын айттық. Ал содан кейін бағдарлама тоқтап қалғандай. Сарапшылар бұған негізгі себеп ретінде жоғары пайыздық мөлшерлемені атап отыр.
Мұндағы мәселе мынау: әлемдік тәжірибеде негізі автомобиль өндіруші компаниялардың өзі бұл бағдарлама айналысады. Ал бізде бұл механизмді банктер қолына алып отыр. Қаржылық ұйымдарға автокөліктің қолжетімділігі емес, бағаның жоғары болғаны ғана керек.
– Банк араласқан сәттен бастап базалық мөлшерлеме, пайыздар, қызмет көрсету ақысы қосылады да, бұл мүлде тиімсіз схемаға айналды. Мұндай өнім ешкімге қажет емес, сондықтан оны ешкім пайдаланбайды. Автокөлік лизингі Қазақстан үшін жаңа. Оны жүзеге асыру үшін заңнамалық база толық жұмыс істеуі керек. Бұл "бір рет іске қосып, өздігінен жүріп кететін" жүйе емес. Оның үстіне барлық банк автокөлік лизингімен жұмыс істеуге дайын емес. Баға саясаты нақты әрі түсінікті болуға тиіс. Тариф бірыңғай болса, әр банкте әртүрлі пайыз болмайтын еді, – дейді автосарапшы Арсен Шакуов.
Дегенмен сарапшылар пікірі бір жерден шыға бермейді. Мәселен, Qazaq Expert Club сарапшысы Саида Тлеуленованың автонесиеден гөрі лизингтің артықшылықтары көп екенін айтады.
– Адам көліктің толық құнын бірден немесе ұзақ жылдар бойы өтеуге міндетті емес, тек оны пайдаланып жүрген уақыты үшін төлейді. Соның арқасында ай сайынғы төлем салыстырмалы түрде жеңіл. Әу баста лизинг деген дүниенің бизнес өкілдері үшін тиімділігі көп болатын. Өйткені ол жерде салықтық жеңілдіктер бар. Тағы бір маңызды тұсы, лизинг көлік паркін жаңартуды жеңілдетеді. Келісімшарт мерзімі аяқталған соң көлікті қайта қаржыландырусыз-ақ жаңасына ауыстыруға болады, – деді сарапшы.
Бірақ басты көңіл толмайтын жері бар. Көліктің құны толық өтелгенге дейін автокөліктің иесі ретінде лизинг компаниясы көрсетіліп тұрады. Қосымша қызмет, сақтандыру секілді қыруар шарттар бар. Яғни, қымбатқа түседі. Сондықтан лизингтің Қазақстандағы келешегі анық емес.
Бәлкім, бизнес үшін тиімділігі болар. Бірақ жеке азамат көптеген шарттарға төзіп, көлікті өз атына аудармай жүре бермейді. Сондықтан бұрынғыша автонесиенің ықпалы сақтала беретіні даусыз.









