Автолизинг неге тоқтап қалды?
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасының жай-жапсарын айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Фото: Pixabay
Алғашқы кезең және заңнамалық өзгерістер
ForteLeasing аясында іске қосылған алғашқы автолизинг 3 жыл мерзімге, 15 пайыздық мөлшерлемемен жүзеге асқан. Алайда өткен жылдың қараша айында заңнамаға жеке тұлғаларға автолизинг беру тетіктерін кеңейтетін өзгерістер енгізілген.
Қазір министрлік, инвесторлар және машина жасау саласының өкілдері үшжақты келісім аясында лизинг регламенттерін пысықтап жатыр. Себебі алғашқы кезеңде бірқатар техникалық және құқықтық мәселе анықталған.
Лизингке берілген көлік компанияның атына тіркеледі. Ал оны пайдаланатын азамат жол ережесін бұзса, айыппұл көлік иесіне рәсімделеді. Бұл – алғаш рет енгізіліп отырған тетік болғандықтан, осындай мәселелер туындап отыр. Барлық сұрақтар толық шешілген соң, лизинг шарттары туралы қосымша ақпарат беріледі, – деді Мұхамед Андаков.
Лизингке арналған көліктер
Комитет өкілінің айтуынша, автолизингке ұсынылатын көліктердің маркасына шектеу қойылмайды. Бағдарлама Қазақстанда құрастырылған көліктерді де, шетелден әкелінген көліктерді де қамтиды.
Бағдарламадағы қаржы
4 пайыздық автонесие бағдарламасының револьверлік тетігі арқылы қазіргі таңда 80 млрд теңге айналымда жүр. Қосымша бөлінген 100 млрд теңге қоғамдық көлік паркін жаңарту мақсатында автобустарды сатып алуға бағытталған.
Қысқаша дерек: автолизинг деген не?
Автолизинг – көлікті бірден сатып алмай, белгілі бір мерзім ішінде ай сайын төлем жасап пайдалану мүмкіндігі. Лизинг мерзімі аяқталғаннан кейін көлік лизинг алушының меншігіне өтеді.
Бұл тетік жеке тұлғаларға бастапқы жарнасыз немесе төмен бастапқы төлеммен автокөлік мінуге мүмкіндік береді. Әсіресе тұрақты табысы бар, бірақ бірден көлік сатып алуға қаражаты жетпейтін азаматтар үшін тиімді.
Айта кетейік, бұған дейін біз 2026 жылы утиль алымға қанша төлеу керектігі туралы жазған едік.










