Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәдениет – өркениет өзегі

Мәдениет – өркениет өзегі

Мәдениет пен тіл – елдің рухани тұтастығын сақтап, ұлттық болмысты айшықтайтын ажырамас ұғымдар. Қоғамның өркендеуі мен ұрпақтың саналы қалыптасуында бұл салалардың орны ерекше. Себебі мәдениет пен тіл бағытында жүзеге асып жатқан әрбір тағылымды іс жарқын болашаққа жол ашады.
Осы орайда, ауданның мәдениет саласында биыл қандай табысты қадамдар жасалды? Қандай маңызды жобалар мен бастамалар жүзеге асты? Осы сауалдарға жауап іздеп, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғани Дармағамбетке хабарластық.
Қолдаудан қанаттанған
Аудан аумағында 50 мәдениет нысаны халыққа қызмет көрсетуде. Барлығының да негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, төл өнерімізді ұрпақ санасына сіңіру, салт-дәстүріміздің алтын арқауын үзіп алмай, жаңа заманмен үндестіру.
– Бүгінде ауданда мәдениетке айрықша көңіл бөлініп, шығармашылық орта қалыптасып, руханият кеңістігі кеңейіп келеді. Биыл бөлімге бөлінген жалпы бюджет көлемі – 669 671,0 мың теңгені құраса, кент, қала және ауылдық клуб кәсіпорындарына – 893 814,0 мың теңге қарастырылған. Бюджеттен 17 425,5 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп, аудан мәдениет үйлері мен клубтарының қажетті құрал-жабдықпен қамтылуы едәуір жақсарды, – дейді бөлім басшысы Ғани Хайруллаұлы.
Атап айтқанда, Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығына 5,5 миллион теңгеге концерттік киімдер мен заманауи дыбыс жазу студиясы жабдықталды. Әйтеке би кенттік мәдениет үйіне ерекше көңіл бөлініп, 10 миллион теңгеге жылжымалы сахна, 1,86 миллион теңгеге ковралан, 1,5 миллион теңгеге сахналық перде сатып алынды.
Сонымен қатар заманауи технологиямен қамту жұмыстары да назардан тыс қалмады. Нақтырақ айтсақ, Қазалы қалалық мәдениет үйіне 2 дана ноутбук, Ғ.Мұратбаев ауылдық мәдениет үйіне ноутбук пен принтер, Басықара, Тасарық, Жанқожа батыр ауылдық клубтарына да 1 ноутбук алынды. Сонымен бірге Сарбұлақ ауылдық клубын дыбыс күшейткіш аппаратура және ноутбукпен қамтылды. Осындай жүйелі қолдаулар арқылы ауылдық жерлердегі мәдениет үйлері заман талабына сай жаңарып, халыққа сапалы қызмет көрсетуге бір қадам жақындай түсті десек жарасады.
Аудан бойынша 2025 жылға арналған идеологиялық-ақпараттық және қоғамдық-саяси маңызы бар іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүйелі түрде жүзеге асырылды. Биыл мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге аудандық бюджеттен барлығы 27 миллион 365 мың теңге бөлінді. Оның ішінде аудандық мәдениет орталығына 22,0 миллион теңге, кент, қала және ауылдық клуб мекемелеріне 5 миллион 365 мың теңге бағытталды.
Таным мен тағылым тоғысқан
Жыл басынан бері аудан аумағында шамамен 1500-ге жуық түрлі деңгейдегі мәдени іс-шара өткізілді. Сонымен қатар 10 облыстық және 28 аудандық байқау-конкурстар ұйымдастырылып, мәдениет пен өнердің дамуына тың серпін берді.
Атап айтқанда, 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні және 9 мамыр – Жеңіс күні мерекелері жоғары деңгейде аталып өтіп, облыс басшылығы тарапынан оң бағасын алды.
Жыл көлемінде бірқатар ірі мәдени-рухани жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Жанқожа батыр ауылында Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі, ақын-журналист Табынбаев Жұмабек Айдарбекұлының зейнеткерлікке шығуына арналған «Өмірім – өлеңім» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтсе, Басықара ауылында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында ҰОС ардагері Пірназар Мырзатаевтың 105 жылдығына арналған «Шырқалсын мәңгі, Жеңістің әні» атты облыстық әншілер байқауы ұйымдастырылды.
Қазалы қаласында Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толуына орай «Әнім сенсің – Қызылорда» атты вокалды-аспапты ансамбльдердің облыстық фестиваль өткізіліп, қалың көпшілікті қуанышқа бөледі.
Үрмәш Түктібаев ауылында майдангер ақын Әбдіразақ Қаналиевтің 105 жылдығына арналған «Айтылар естеліктер мен туралы» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы және сазгер Батырхан Нұрымбетовті еске алуға арналған «Әнмен әрлеп, жырмен өрген» облыстық сырнайшылар байқауы өтті.
Ақтан батыр ауылында «Үйірме – өнер баспалдағы» атты облыстық өнер байқауы, сондай-ақ Сарбұлақ ауылында Ханкелді батыр Жәнібекұлының рухына арналған «Жыраулық мұра – ұрпаққа аманат» атты облыстық жыраулар фестивалб ұйымдастырылды.
Облыс көлемінде өткен «Тарихтың таңбасы, рухтың ордасы» атты өнер фестивалі аудан тұрғындарының танымын кеңейтті.
Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай – дара қазақта» атты танымдық шара тұрғындарға шуақ сыйласа, Қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған «Сағынышқа айналған сазгер» облыстық әншілер байқауы көптің көзайымына айналды.
21 қараша күні Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында Жәдігер Тұрсынов атындағы халықтық театрдың Қазыбек Аманжолдың «117-пәтер» драмасы сахналанып, аудан жұртшылығына жарқын эмоция сыйлады.
Сатирик, өнер қайраткері Әбдрасул Ахметовтің 70 жылдығына арналған «Сахнада өткен ғұмыр» атты еске алу кеші және аудандық әзіл-сықақшылар фестивалі, сондай-ақ
Қарасақал Ерімбет Көлдейбекұлының 175 жылдығына арналған республикалық ғылыми-танымдық конференция мен «Ұлағат жырым ұрпаққа» атты республикалық жыршы-жыраулар байқауы жоғары деңгейді ұйымдастырылып, аудан жұртының оң бағасын алды.
Жыршы-термеші Әмитжан Бөріқұлақовтың 100 жылдығына арналған облыстық «Жыр тербеткен жүрегін» байқауы мен Қызылорданың алғашқы астана болғанына 100 жыл толуына орай «Көне дәуір күмбірі» атты заманауи этно-рок ансамбльдерінің облыстық фестивалі кең көлемде аталып өтілді.
Жетістіктің керіп желкенін...
Несін жасырайық, аудан мәдениеті мен өнерінің дамуы соңғы жылдары жаңа деңгейге көтеріліп, жас дарындар мен өнерпаздар халықаралық және республикалық байқауларда жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. Бұл – жүйелі қолдау мен шығармашылық ізденістің нақты нәтижесі.
Айта кету керек, аудан өнерпаздары биылғы жылы тек дәстүрлі мәдени іс-шараларды ұйымдастырумен шектелмей, аудан намысын абыроймен қорғап, түрлі деңгейдегі байқауларда топ жарды. 2025 жылдың 12 айында аудан өнерпаздары 6 халықаралық, 6 республикалық және 22 облыстық байқауға қатысып, барлығы 34 конкурс аясында өз өнерлерін ортаға салды. Бұл көрсеткіш – аудан мәдениетінің өсіп, өркендеп келе жатқанын және шығармашылық ұжымдардың әлеуетінің жоғары екенін айғақтайды.
Халықаралық деңгейде аудан намысын қорғаған өнерпаздар қатарында Қалас Жанерке ерекше көзге түсті. Ол Дубай қаласында өткен «SOUND OF SEA» халықаралық фестивалінде І дәрежелі лауреат атанып, жоғары кәсіби деңгейін дәлелдеді. Сонымен қатар «Бақытты елдің ұрпағы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Стамбул қаласы мен Ыстықкөл жағалауында өтетін халықаралық фестивальдерге жолдама иеленді. Сондай-ақ 23-27 маусым аралығында Қырғызстан Республикасының Ыстықкөл қаласында өткен «Melodii Leta» халықаралық конкурс-фестивалінде І дәрежелі лауреат атанды.
Елорда төрінде өткен «Бала шабыты» халықаралық конкурсы мен «Happy Summer» дарынды балалар мен жастарға арналған өнер байқауында Нұрмағамбет Шұғыла ІІ орынды иеленіп, өз талантымен көпшіліктің ықыласына бөленді. Алматы қаласында ұйымдастырылған «Almaty-Jas-Talanttary» өнер байқауында Айтасқызы Радомира І орынды жеңіп алды.
Түркияның Стамбул қаласында 24-31 наурыз аралығында өткен «Alash Star» халықаралық көпжанрлы өнер байқауында Айзере Дінислам бас жүлдені иемденіп, аудан мерейін асқақтатты. Қарағанды қаласында өткен «Жеңіс әндері шырқалсын» атты халықаралық ән байқауында Ақпейіл Анық ІІ орынды иеленді.
Республикалық деңгейде де аудан өнерпаздарының жетістіктері айрықша. Ақтөбе қаласында өткен «Best Start – 2025» VII республикалық шығармашылық өнер фестивалінің көркемсөз оқу шеберлері байқауында Нұрболат Төлеш І орынды жеңіп алды. Алматы қаласында өткен «Інжу–Маржан» ұлттық-дәстүрлі өнер байқауында Райана Мақсұт бас жүлдені иеленсе, Қызылорда қаласында ұйымдастырылған республикалық «Ұлы дала ұрпағы» байқауында Мерей Уәли бас жүлдеге лайық деп танылды. Ал Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында өткен ХХVI «Аймақты әнмен тербетіп…» республикалық конкурсында Жанболат Өмірзақ жүлделі І орынды иеленді.
Аудан мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген сала қызметкерлерінің еңбегі де жоғары бағаланды. Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығы жанындағы №1 жылжымалы мәдени-демалыс кешенінің меңгерушісі, «Жанкент» квартетінің жетекшісі Гүлбану Досан Қызылорда қаласында өткен салтанатты мәдени іс-шарада «Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ Республика күні қарсаңында Қазалы ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Индира Назарова да «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды.
Үйірменің үйретері көп
Өскелең ұрпақтың рухани дамуы мен шығармашылық әлеуетін арттыру, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және өнерге баулу мақсатында да жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Қазіргі таңда аудан бойынша түрлі бағытта жұмыс жасайтын барлығы 152 үйірме тұрақты түрде қызмет атқаруда. Бұл үйірмелерге 1725 өнерпаз тартылған. Оның ішінде балаларға арналған 91 үйірмеге 1102 бала қамтылса, жастарға арналған 34 үйірмеде 313 жас өнерін шыңдауда. Бұл көрсеткіштер балалар мен жастардың өнерге деген қызығушылығының артып келе жатқанын аңғартады.
Үйірмелер ауданның барлық елді мекендерін қамтып отыр. Атап айтқанда, аудандық мәдениет орталығы жанында – 15 үйірме, кентте – 7, қалада – 6, ал ауылдық клуб мекемелерінде – 124 үйірме жұмыс жасауда. Бұл мәдени қызметтің ауыл-аймақтарға дейін жетіп, шалғай елді мекендердегі балалардың да шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беріп отырғанын көрсетеді.
Үйірмелердің бағыттары да сан алуан. Атап айтқанда, би, ән, домбыра, көркемсөз оқу, жазба ақындар, әжелер ансамблі, вокалды-аспапты ансамбльдер, «Қазалы қалжыңы» ойын-сауық отауы, қуыршақ балалар театры, «Сейхун» этно-рок тобы сынды үйірмелер ұлттық құндылықтарды дәріптеп, балалар мен жастардың өнерге деген қызығушылығын арттыруда.
Бөлім басшысының айтуынша, биыл мәдениет саласын дамыту мақсатында ауылдық клуб кәсіпорындары жанынан қосымша домбыра үйірмелері, әжелер ансамбльдері және вокалды-инструментальды ансамбльдер ашылып, үйірмелер саны тағы 4-ке артқан.
Шығармашылық шыңына ұмтылған ұжымдар
Ауданның мәдени өмірін жандандыруда халықтық шығармашылық ұжымдардың алар орны ерекше. Олар ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, тұрғындардың мәдени талғамын қалыптастыруға, өнер арқылы рухани бірлікті нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Осы бағытта аудан көлемінде жұмыс жасап келе жатқан халықтық атағы бар өнер ұжымдары бекітілген жоспарға сәйкес халыққа тұрақты түрде мәдени-көпшілік қызмет көрсетуде.
Атап айтқанда, Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығы жанындағы Жәдігер Тұрсынов атындағы халық театры аудан мәдениетінің алдыңғы шебінде тұр. Театр ұжымы көрерменге тағылымы мол, тәрбиелік мәні жоғары қойылымдар ұсынып, ұлттық драматургияны насихаттауға зор еңбек сіңіруде. Сонымен қатар орталық жанынан құрылған «Қорқыт сазы» фольклорлық ансамблі мен «Мырза» атындағы халық оркестрі қазақтың дәстүрлі музыкасын кеңінен дәріптеп, халық әндері мен күйлерін жаңа деңгейде орындап келеді.
Аудан мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген шығармашылық ұжымдардың қатарында «Әуезовтер отбасы» ансамблі мен «Мелодия» орыс ұлттық аспаптар ансамблін ерекше атап өтуге болады. Бұл ұжымдар түрлі этностардың мәдени мұрасын насихаттап, қоғамдағы мәдени әралуандық пен достықты нығайтуға ықпал етуде.
Сонымен бірге Қазалы қалалық мәдениет үйі мен Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйі жанындағы халық театрлары ауыл тұрғындарына мәдени қызмет көрсетіп, сахналық өнерді елді мекендерде кеңінен таратуда. Ал Әйтеке би кенттік клубы жанындағы «Атамұра» ардагерлер халықтық ансамблі аға буын өкілдерінің шығармашылық әлеуетін танытып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда маңызды рөл атқарып келеді.
Тұжырымдама тәрбиеге үндейді
Қоғамда адалдық, жауапкершілік, еңбекқорлық және отансүйгіштік құндылықтарын нығайту бағытында жүзеге асырылып жатқан «Адал адам – мәдени-тәрбие орталығы» тұжырымдамасы мәдениет саласының мазмұнын байытып, тұрғындардың рухани тәрбиесіне тың серпін беріп отыр. Аталған тұжырымдама аясында ауданымыздағы мәдениет үйлері мен клубтарында кешенді жұмыстар атқарылуда.
– Бүгінде мәдениет ошақтарының ғимараттарына тақырыпқа сай ішкі және сыртқы безендіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күнге дейін аудан аумағындағы 24 мәдениет ошағында «Адал адам» мәдени-тәрбие тұжырымдамасының 7 бағыты бойынша барлығы 1235 іс-шара өткізілді. Аталған шараларға 106 мыңнан астам көрермен мен қатысушы қамтылып, жоба кең ауқымда жүзеге асырылғанын көрсетті. Атап айтқанда, адал еңбек пен кәсіби жауапкершілікті дәріптейтін танымдық кездесулер, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын мәдени кештер, жастарға арналған тәрбиелік бағыттағы сұхбаттар, отбасылық құндылықтарды нығайтатын дөңгелек үстелдер, театрландырылған қойылымдар мен концерттік бағдарламалар жүйелі түрде өткізілді. Сонымен қатар кітапханалармен және білім беру ұйымдарымен бірлескен іс-шаралар да тұжырымдаманың мазмұнын тереңдете түсті, – дейді бөлім басшысы.
Кемелдік кілті – кітапхана
Қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруда кітапхана саласының атқаратын рөлі айрықша. Бүгінгі күні кітапханалар тек кітап оқитын орын ғана емес, білім мен мәдениетті, рухани құндылықтарды насихаттайтын заманауи орталықтарға айналуда. Осы бағытта аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі тұрғындарға сапалы әрі мазмұнды қызмет көрсетіп келеді.
Қазіргі таңда аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты барлығы 26 кітапхана халыққа тұрақты түрде рухани-мәдени қызмет көрсетуде. Аудан бойынша кітапхана саласының 2025 жылға арналған бюджеті 350 миллион 381 мың теңгені құрайды. Оның ішінде кітап қорын толықтыру мақсатында 1 миллион 180 мың теңге бөлініп, жыл көлемінде 703 дана жаңа кітап сатып алынды. Бұл жаңа әдебиеттер оқырмандардың сұранысын қанағаттандырып, кітап қорын жаңартуға оң ықпал етті.
Кітапханалардың қызмет аясын кеңейту мақсатында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты кенттік және қалалық кітапханалардан қосымша «Коворкинг» орталықтары ашылды. Бұл заманауи кеңістіктер жастар мен оқырмандардың еркін жұмыс істеуіне, шығармашылық идеяларын жүзеге асыруына және білім алмасуына қолайлы жағдай жасап отыр. Аталған орталықтарда кітап көрмелері, танымдық кештер, әдеби оқулар, зияткерлік сайыстар мен білімділер бәйгелері тұрақты түрде ұйымдастырылуда.
Осы жылдың алғашқы 10 айының қорытындысы бойынша кітапхана саласында барлығы 840 мәдени-танымдық іс-шара өткізілсе, 449 кітап көрмесі ұйымдастырылды. Бұл шаралар оқырмандардың белсенділігін арттырып, кітапхана мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға септігін тигізді. Сонымен қатар Қазалы қалалық кітапхана ғимаратын жаңарту мақсатында 2 млн 579 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу нәтижесінде кітапхана келушілер үшін қолайлы әрі қауіпсіз ортаға айналды.
Бүгінгі таңда аудандық кітапханалар жүйесінің кітап қоры 577 500 данаға жетіп отыр. Тұрақты оқырмандар саны – 24 305 адамды құраса, жыл ішінде кітапханаға келушілер саны 219 426 адамға жеткен. Ал кітаптың жалпы берілімі 432 424 дананы құрап, кітапхана қызметінің сұранысқа ие екенін көрсетіп отыр.
Тіл саясатындағы тындырымды тірлік
Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, тілдік орта қалыптастыру және ұлттық бірегейлікті нығайту бағытында да жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы мақсатта «Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі жоспар аясында биыл тіл саясатын дамытуға аудандық бюджеттен 956,0 мың теңге бөлініп, соның негізінде 5 аудандық мәдени-танымдық іс-шара ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған «Абай оқулары», қоғам қайраткері Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына орай «Көркем сөз, көрікті ой» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, «Тіл парасат» өзге ұлт өкілдері арасындағы тіл байқауы, «Тіл – асыл ойдың бұлағы» аудандық сайысы және Қазақстан халқы тілдері күніне арналған фестиваль өткізілді.
Іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу мәселесіне де ерекше назар аударылған. 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша аудан әкімі аппараты, қала, кент, ауылдық округтер мен дербес бөлімдерде 31 435 хат мемлекеттік тілде шығысталса, 81 160 хат мемлекеттік тілде және 405 хат орыс тілінде кірістелген.
Мемлекеттік тілдің көрнекі ақпараттағы қолданысын реттеу мақсатында «Amanat» партиясы жанындағы «Таза тіл» кеңес беру тобының жылдық жоспарына сәйкес кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Халыққа қызмет көрсету орталығы, банк филиалдары, нотариустар, сондай-ақ көрнекі ақпарат шоғырланған Әйтеке би, Жанқожа батыр, В. Счастнов, Қ. Пірімов көшелері, базар мен вокзал маңындағы сауда орындары қамтылып, барлығы 100-ге жуық кәсіпкерлік нысан аралау жұмыстары жүргізілген. Оларға «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның 21-бабына енгізілген өзгерістер бойынша түсіндірме және әдістемелік көмек көрсетілді.
Нәтижесінде 19 кәсіпкерлік нысан иесіне қателіктерді түзету жөнінде ұсыныс хаттар беріліп, оның 3-уі өз кемшіліктерін жойды. Сонымен қатар деректемелер мен көрнекі ақпарат талаптарын бұзған жағдайда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 75-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылатыны ескертілді.
Онамастикадағы оң ниет
Ономастика саласы бойынша да маңызды жұмыстар атқарылуда. Нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгерістерге байланысты кент, қала және ауылдық округтер жанындағы жергілікті қоғамдастық мүшелерімен кездесулер өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Әдістемелік ұсыныммен бекітілген «Жер-су атаулары», «Дәстүрлі атаулар», «Тарихи тұлғалар» тізімдерімен және оларды өзектендіру критерийлерімен таныстырылып, жұмыс барысында қолдануға арналған жаңартылған алгоритм ұсынылды.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Қызылорда облыстық ономастикалық комиссиясына Қазалы ауданы бойынша 40 Ұлы Отан соғысы ардагерінің тізімі жолданды. Оның ішінде 13-і Әйтеке би кентінен, 5-і Қазалы қаласынан, қалғандары ауылдық округтерден. Қазіргі таңда Президент Әкімшілігі мен Республикалық ономастикалық комиссияның келісімімен ұсынылған 40 өтінімнің 20-сына рұқсат алынып, тиісті кент пен ауылдық округ әкімдерінің шешімдері қабылданды.
Ономастика саласының маңызды құрамдас бөлігі – көше аншлагтарын стандартқа сәйкестендіру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұған дейін аудан бойынша 520 көшенің 217-сіне көше бағыттаушылары, 3 349 көше тақтайшасы орнатылған. 2025 жылы кенттер мен ауылдық округтерге жергілікті бюджеттен 6 миллион 200 мың теңге бөлініп, 98 жол аншлагы мен 740 көше аншлагы орнатылды. Атап айтқанда, Әйтеке би кентінде, Сарыкөл, Алға, Майдакөл, Арықбалық және Көларық ауылдық округтерінде нақты жұмыстар жүргізілді.
Дегенмен алдағы уақытта әлі де 250 көшеге көше бағыттаушысын орнату және шамамен 13 мың көше тақтайшасын жаңарту қажеттілігі бар. «Бұл жұмыстарды толық аяқтау үшін жобалық есеп бойынша 69 миллион теңге көлемінде қаржы қажет» дейді Ғани Хайруллаұлы.
Мәдени мұраны сақтау маңызды
Ел тарихы мен рухани құндылықтарын сақтау – ұрпақ алдындағы маңызды жауапкершілік. Осы бағытта ауданда тарихи-мәдени мұраларды қорғау, есепке алу және заң талаптарына сәйкестендіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда ауданда аумағында мемлекет қорғауына алынған барлығы 83 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Оның ішінде 6 ескерткіш республикалық маңызы бар нысандар санатына жатса, 77 ескерткіш жергілікті маңызы бар тарихи мұра ретінде тіркелген. Бұл көрсеткіш ауданның бай тарихи-мәдени әлеуетін айқын көрсетеді.
Бүгінгі күнге дейін аталған 83 ескерткіштің 21-іне қорғау аймақтары, құрылыс салуды реттеу аймақтары және табиғи ландшафттық аймақтар белгіленген. Сонымен қатар, 80 ескерткішке қорғау тақталары орнатылып, тарихи нысандардың төлқұжаттары әзірленді. Оның ішінде 74 ескерткіш ресми түрде теңгерімге алынып, мемлекеттік есепке енгізілген.
2025 жылы аудандық бюджеттен бөлінген 1 миллион 391 мың теңге қаржыға тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және сақтау мақсатында 7 ескерткішке қосымша қорғау тақталары орнатылды.
Сонымен қатар ескерткіштерді құжаттандыру бағытында шешімін күткен мәселелер де бар. Атап айтқанда, 74 ескерткіштің техникалық құжаттары толық рәсімделмеген, 63 ескерткіштің мемлекеттік жер пайдалану құқығын табыстау актілері жоқ. Бұдан бөлек, 9 ескерткіш әлі күнге дейін тиісті теңгерімге алынбаған.
Аталған нысандардың ішінде 3 ескерткіш бойынша сотқа талап арыз берілген. Олар – Адам ата бекінісі, Қаратөбе қалашығы және Тапа қонысы мен қорымы. Ал Күйік қала қалашығының жер телімін нақтылау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге Ақтау, Сағымбайұқа, Моншақ кесенелері орман шаруашылығы мекемесінің теңгерімінде болса, Бегалы Әйтбембет бюсті облыстық құрылыс басқармасының теңгерімінде қалып отыр.
«Аталған мәселелерді толық шешу үшін тарихи-мәдени ескерткіштерге қатысты техникалық құжаттарды рәсімдеу, жер құқықтарын заңдастыру және теңгерімге алу жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл мақсатқа жобалық есеп бойынша шамамен 45,7 миллион теңге көлемінде қаржы қарастыру қажеттілігі туындап отыр» дейді бөлім басшысы Ғани Дармағамбет.
Аудан экономикасы алға ілгерілеген сайын, мәдениет аясында ілкімді істер атқарылуда. Биыл жүзеге асқан ауқымды жұмыстар тұрғындардың таным көкжиегін кеңейтіп қоймай, тарихымызды түгендеуге мүмкіндік берді. Алдағы жылқы жылында да жүйелі жұмыстар мен баянды бастамалар жалғасын тапсын деп тілейміз.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
27 желтоқсан 2025 ж. 137 0

Мәдениет – өркениет өзегі

27 желтоқсан 2025 ж. 138

Ұстаздар жылды қорытындылады

27 желтоқсан 2025 ж. 140

Кәсіпкерлік көші ілгері

27 желтоқсан 2025 ж. 121

Қуантқан барлық баланы

27 желтоқсан 2025 ж. 123

Қуанса, бала қуансын!

26 желтоқсан 2025 ж. 170

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031