Оңалтудың үйлесімді орталығы
Қазалы теміржол ауруханасының балалар бөлімшесі – жас емделушілерге кешенді, сапалы медициналық көмек көрсететін маңызды құрылымдық бөлімше. Ол үш қабатты типтік аурухананың бірінші қабатында орналасқан және 12 төсек-орынға есептелген. Мұнда 4 орындық 3 палата, 2 орындық 1 реабилитация палатасы бар. Сонымен қатар егу бөлмесі, асхана, ойын бөлмесі, ингаляция бөлмесі және бөлімше меңгерушісінің кабинеті толық жабдықталған.Балалар бөлімшесінің басты мақсаты – бөлімшеге түскен науқастарға жоғары деңгейде медициналық көмек көрсету, нақты диагноз қою және клиникалық стандарттарға сай сапалы ем жүргізу. Сонымен қатар дәрігерлер мен мейіргерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, медициналық этика мен деонтология қағидаларын сақтай отырып, халыққа көрсетілетін арнайы көмектің сапасын жақсарту негізгі міндеттердің бірі болып табылады.
Бөлімшені жоғары санатты педиатр, 32 жыл еңбек өтілі бар Шара Кәрібайқызы басқарады. Ал аға мейіргер – І санатты, 31 жылдық тәжірибесі бар Перуза Сайфуллақызы. Ұжымның тәжірибесі мен жауапкершілігі балалар денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқарады.
Мұнда заманауи емдеу әдістер қолданылады. Балалар бөлімшесінде тыныс алу жолдары ауруларын емдеуде кеңінен қолданылатын тиімді әдістердің бірі – ингаляциялық терапия. Бұл емдеу тәсілі небулайзер аппараты арқылы жүргізіледі. Небулайзер дәрілік затты жоғарғы және төменгі тыныс алу жолдарындағы қабыну ошақтарына тікелей жеткізіп, қақырықты шығаруға және жөтелді жеңілдетуге көмектеседі.
Сондай-ақ жаңа туған нәрестелерде жиі кездесетін физиологиялық сарғаюды емдеу үшін ультрафиолет сәулесі пайдаланылады. Бұл әдіс билирубин деңгейін төмендетіп, оның несеп пен нәжіс арқылы тез шығуына ықпал етеді. Процедура барысында нәрестенің көзін арнайы таңғышпен қорғау қатаң сақталады.
Медициналық көмек көрсету бағыттары бойынша балалар бөлімшесінде тіркелген балаларға алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіледі. Профилактикалық шаралар ұйымдастырылып, дені сау балалар динамикалық медициналық бақылауға алынады. Оттегі терапиясы, өкпені жасанды желдету және организмнің тіршілік функцияларын қолдау жүргізіледі. Баланың жағдайы тұрақты мониторингтен өткізіліп, аурудың асқыну себептері сарапталады. Ауырсынуды, дене қызуының көтерілуін бақылау және дәрігер тағайындаған ем-шараларды орындау қамтамасыз етіледі.
Оңалту және «Ана мен бала» бөлімінде қызу тірлік тоқтаған емес. Бөлімше құрамында санаторий типіндегі оңалту палатасы жұмыс істейді. Мұнда қалпына келтіре емдеу мен медициналық оңалту шаралары жүзеге асырылады. Бірнеше жылдан бері табысты қызмет атқарып келе жатқан «Ана мен бала» бөлімі ата-аналардың балаларымен бірге 21 күн бойы тұрып, ем мен оңалту үдерісіне тікелей қатысуына мүмкіндік береді.
Аталмыш бөлімде ата-аналар (аналар, әкелер, ата-әжелер) әлеуметтік-педагогикалық шараларға белсенді қатысып, мамандармен тығыз байланыста болады. Осы негізде логопедиялық көмек те ата-аналармен бірлесе отырып жүргізіледі.
Бүгінде логопедиялық қызметтің маңызы зор. Оңалтуға келген балалардың көпшілігінде сөйлеу тілінің күрделі бұзылыстары басқа да даму ерекшеліктерімен қатар кездеседі. Сондықтан логопедиялық жұмыс жоғары кәсіби дайындық пен жүйелі еңбекті талап етеді. Логопед алдымен баланы диагностикалық тексеруден өткізіп, ата-аналармен сұхбат жүргізеді. Анамнестикалық мәліметтерді жинақтайды. Сонымен қатар тәрбиешілерге баланың сөйлеу тілін дамыту бағытында әдістемелік кеңес береді.
Ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты бақылау, ойын барысында және күнделікті іс-әрекет кезінде баланың мінез-құлқын талдау оң нәтижеге қол жеткізудің маңызды бөлігі болып табылады. Бұл тәсіл баланың жан-жақты дамуына және сөйлеу қабілетінің жақсаруына үлкен ықпал етеді.
Қазалы темір жол ауруханасының балалар бөлімшесі тәжірибелі мамандар, заманауи емдеу әдістері және ата-аналармен тығыз байланыс негізінде жұмыс істейтін, балалар денсаулығын қорғауға бағытталған сенімді орталық. Мұнда әрбір балаға жеке көзқарас қалыптасып, ем мен оңалтудың барлық мүмкіндігі тиімді үйлестіріледі.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА













