Халыққа сапалы қызмет

Аурухананың жаңа үлгiдегi ғимараты 1994 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Аурухана аумағына енетін жер телiмiнiң ауданы – 5137,3 шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар 3 қосалқы корпус (дәрiхана, ас бөлiмі, кiр жуатын үй және басқалары) барлық санитарлық талаптарға және нормаларға сәйкес жабдықталған.
Жалпы аурухана кешені үш қабатты ғимаратта орналасқан. Жоспарлы түрде аурухана 150 кереуетке есептелген. Аурухана құрылымында консультациялық-диагностикалық қызмет көрсету үшін бір ауысымда – 350-400 адамды қабылдауға арналған теміржол емханасы жұмыс істеп тұр. Консультациялық-диагностикалық бөлімде – 3 терапиялық, 5 педиатриялық, 7 жалпы тәжірибелік дәрігер қызмет етеді. Емханаға қарасты жеті медициналық бекетте – 7 фельдшер жұмыс істейді. Әйтеке би кентінде орналасқан №5 кварталда тұратын елді мекендегі халыққа медициналық қызмет көрсету мақсатында – 1 медициналық бекет ашылды. Мұнда ересектер мен балаларға түрлі амбулаториялық-емханалық медициналық көмек, анестезиология мен реаниматология, нефрология, жалпы терапия және хирургия, акушерлік және гинекология, невропатология қызмет көрсетеді. Сонымен бірге оториноларингология, эндокринология, педиатрия, жалпы дәрігерлік тәжірибе, кардиология, гастроэнтерология, дерматовенерология, стоматология, офтальмология, травматология және ортопедия, аллергология, пульмонология, онкология, рентгенология бөлімдері жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек нейрохирургия, медициналық реабилитология, дәстүрлі медицина, урология, трансфузиология, психиатрия, наркология, гематологоя, ревматология, фтизиатрия, физиотерапия, емдік дене шынықтыру, массаж жасау шаралары қарастырылған. Сондай-ақ ауруханада балалар мен ересек арасында нысаналы мақсаттағы топта «В», «С» гепатитке, әйелдер арасында жатыр обырына, колоноскоптық әдісімен ересектер арасында тік ішек, тоқ ішек обырларына тексеру жүргізіледі. Ерлер арасында қуық безі, асқазан, өңеш және бауыр обырына, қан айналым жүйесі ауруларына, су қараңғылыққа, қант диабеті мерзімді тексеріледі.

Аурухана құрамында бейінді бөлімшелер қызмет атқарады. Хирургия, гинекология, терапия, неврология, балалар, нейроинсульт, ерте оңалту мен кеш оңалту, реанимация, ақылы қызмет бөлімдері, күндізгі стационарда ем-дом жасалады. Сонымен қатар параклиникалық бөлімдер – клинико-диагностикалық, бактериологилық, биохимиялық, серологиялық, иммуно-ферменттік зертхана, ПТР зертханасы, функционалдық диагностика жүргізу (рентгенологиялық, рентгеноскопиялық зерттеулер, маммография, рентген, компьютерлік томография, радиоизотоптық диагностика (МРТ), «С-дуга» рентгенодиагностикалық аппарат, доплерография, барокамера, УДТ-диагностика, эхо-энцефаллоскопиялық, фиброгастроскопиялық, эхоэнцефаллографиялық, доплерографиялық зерттеулер), физиотерапиялық бөлім (емдік денешынықтыру, соққылы толқын терапиясы, үгу столы, мойын массажын жасау аппараты, парафин, емдік массаж, емдік тұзды және дәрілік ванналар (10 түрлі), кедр саунасы, су асты массажы, джакузи, мануалдық емдеу, Су-Джок емдеу, барокамера) жұмыс істейді.
Аурухана теміржол көлігі қызметкерлерін профилактикалық медициналық тексерулерден өткізіп, санитарлық-профилактикалық және санитарлық-ағартушылық жұмыспен, зертханалық-диагностикалық медициналық көмек берумен айналысады. Ауруханада жалпы саны – 259 маман, оның ішінде, 64 дәрігер (4 жоғары санатты, 23 бірінші санатты, 19 екінші санатты), 169 орта медициналық қызметкер (3 жоғары санатты, 78 бірінші санатты, 38 екінші санатты), 26 өзге қызметкер еңбек етеді. Жыл сайын жоспар бойынша дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері білімін жетілдіреді. Медицина қызметкерлері уақытылы білім деңгейлерін көтеріп отырады. Базалық реанимациядан 23 адам (оның ішінде, қабылдау бөлімі, жедел жәрдем қызметкерлері және көлік жүргізушілері, реанимация бөлімінің қызметкерлері) кәсіби білімін жетілдірді.
Әрбір жыл бойынша аурухана ұжымы жемісті жетістіктерге жетіп келеді. Соның бірі – нейроинсульт бөлімі. Қабылдау бөлімі нейроинсульттік науқастарды дер кезінде тіркеп, жедел медициналық көмек көрсету үшін тиісті құрал-жабдықтар мен құрылғылармен, дәрі-дәрмектермен, тасымалдауға арналған арбалармен және лифтімен жарақталған. Үлкен және кіші операциялық залдар тәулік бойы нейрохирургиялық операциялар жасау үшін дайындалып, арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Реанимациялық-анестезиологиялық бөлімше 9 төсекке кеңейтілді. Осы заманғы қондырғылармен жабдықталған нейрохирургиялық операциялардан кейінгі қосымша реанимациялық 4 төсектік палата ашылды.
2016 жылдан 10 төсек ерте оңалту бөлімі жұмыс жасауда. 2020 жылдан қосымша 10 төсек кеш оңалту бөлімі ашылып, дәрігер реабилитолог, невропатолог, травматолог, кардиолог, педиатр, психолог, логопед, массажист, емдік дене шынықтыру мамандары инсульттік науқастарына және басқа да науқастарға медициналық қызмет көрсетуде, оңалту бөлімдерінде науқастарға қажетті медициналық құрал жабдықтармен толық қамтылған.
Сонымен бірге компьютерлік томография аппараты іске қосылды. 2013 жылдан бастап, компьютерлік томография аппаратымен Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарының халқына қызмет көрсетеді. Оның ішінде, ауруханаға бекітілген стационарлық науқастар, мүгедектер, зейнеткерлер, жасөспірімдер, «Батыр ана» орденімен, «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған әйелдер және медициналық ұйымдардың жолдамасы бойынша пациенттер тегін өткізіледі. 2021 жылы NeuViz 16 көп тілімді Компьютерлік томография аппараты қосымша алынды. Биыл жаңадан NeuViz 128 көп тілімді Компьютерлік томография аппараты алынып, іске қосылды.
Жедел жәрдем бригадасы жұмысы да қызу атқарылуда. Атап айтқанда, 2019 жылдан тұрғындарға сапалы медициналық қызметін уақытылы көрсету мақсатында 4-категориялы шақыртуларға аурухана қабылдау бөлімінен бір бригада жедел жәрдем ашылды. Қызмет көрсетуге арнайы екі автокөлік бөлінді және де амбулаториялық деңгейде уақытылы медициналық қызмет көрсетуге үйге шақырту және үй аралау үшін төрт автокөлік бөлінді.
Қазіргі кезде аурухананың травматологиялық қызметі жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге дайын және 2016-2017 жылдары жоғары технологиялық мамандандырылған травматологиялық көмек көрсетілген.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА