Жыл қорытындысы: Әйел-аналар – татулық пен тұрақтылықтың тірегі
Аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен аудан әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық – демографиялық саясат жөніндегі комиссияның «ҚОҒАМ. ОТБАСЫ. ӘЙЕЛ» атты жылды қорытындылау шарасы өтті.Руханият орталығында өткен нәзік жандылардың қорытынды шарасына ауданға арнайы жұмыс сапарымен келген облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова мен еңбек ардагерлері, мәслихат депутаттары, әйелдер кеңесінің төрайымдары, және аудандағы әрбір салада жемісті еңбек етіп жүрген әйел азаматтар қатысты.
Шара басталмас бұрын қонақтар алдымен орталықтың фоесінде ұйымдастырылған кәсіпкер әйелдердің қолдан жасаған бұйымдарының, кондитерлік және тамақ өнімдерінің көрмесін тамашалады.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өткізіліп отырған қорытынды шарада аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы алдымен жиынға қатысушыларды алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, аудан көлемінде нәзік жандылардың қатысуымен жүзеге асып жатқан игі жұмыстарды, әйел адамдардың қоғамдағы рөлі жайында сөз қозғады.
Аудан басшысынан кейін сөз алған облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова отбасы құндылықтарын насихаттауда және ұлттық, отбасылық әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді дәріптеу бағытында өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтып өтті. Сондай-ақ Райкүл Мансұрқызы қазалылық әйел-аналардың, қыз-келіншектердің қайсыбір салада болмасын үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүргенін тілге тиек етті.
Мұнан соң аудандық Әйелдер кеңесінің төрайымы Роза Шорақызы мен Аналар кеңесінің төрайымы, аудандық маслихат депутаты Шәкизада Келімбетқызы кеңестердің жыл бойы атқарған жұмыстары туралы сөз қозғап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Кезек ұсыныс-пікірлерге келген Қазалы ауданының Құрметті азаматтары Ажаркүл Сейділдақызы, Бибісара Әбиқызы және Құралай Бекжанқызы, ардагер ұстаз Ғалия Орынбасарова және басқа да әйел-азаматтар еліміздің және өңірдің дамуы мен өркендеуі жолында табысты еңбек етіп жүрген азаматтардың амандығын тілеп, ізгі лебіздерін білдірді.
Шарада ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып жүрген бірқатар әйел – аналарға облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының, облыс әкімі орынбасарының және аудан әкімнінің «Алғыс хаттары» табысталды. Ал, саналы ғұмырында құрылыс саласында еңбек еткен нағыз еңбек адамы Рыскүл Бекжанова мен медицина саласының ардагері Әсия Ізтілеуге ауданның ең жоғары марапаты – Қазалы ауданының «Құрмет» грамотасы табысталып, халқымыздың игі дәстүріне сай камзол мен жаулық жабылды. Шара соңында Әйел-Аналардың құрметіне аудандық мәдениет өнерпаздары әуелете ән шырқады.
Айта кетейік, бүгінде ауданда 80 мыңға жуық халық болса, оның 41 581-ін нәзік жандылар құрайды. Әйтеке би кентінде 25712, Қазалы қаласында 3760 және ауылдық округтерде 12109 әйел. Оның ішінде алтын алқа – 694, күміс алқа – 1152, көп балалы аналар саны – 3546.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ауданда түрлі саладағы қызметкерлер саны 12 мыңнан асса, оның жартысына жуығын әйел адамдар құрайды. Басшылық қызметте еңбек етіп жүрген әйелдер саны 30-дан астам. Аудандық мәслихат депутаттарының 2-еуі әйел адамдар.














