Мектептегі мұражай
Фото: Ашық дереккөзден
Адамзат баласы өмірінің өткенін танытуда мұражай үлкен рөл атқарады. Ұлттың мәдени, азаматтық, әскери, еңбек жетістіктері, әдет-ғұрып, салт-дәстүр ерекшеліктеріне де осы қасиетті орын арқылы қанығамыз. Ол бойдағы патриоттық сезімді оятып, отанды сүюге тәрбиелейді. Осы мақсатта Ақтан батыр ауылындағы №190 мектеп жанынан өлкетану мұражайы ұйымдастырылған. Көларық ауылының мектеп тарихы әріден басталады. 1885 жылы 12 тамызда Қаракөл болысының Томанкөл ауылында орыс-қазақ училищесі ашылады.
Мектепке сол кезеңнің беделді адамы Байеке Жамановтың үйі берілген. Мектепте жастары 18-20-дағы жергілікті байлардың 17 баласы оқыған. Мұғалімнің жетіспеушілігінен мектеп жабылған. 1934 жылы Көларық ауылында «Томан» бастауыш мектебі ашылады. 1937 жылы «Томан» бастауыш мектебі 7 жылдық «Көларық» мектебі болып аталады. 1965 жылы 1 қыркүйекте ауылда 8 жылдық мектеп ашылады. 1973 жылы 10 жылдық мектеп болып құрылады. 1984 жылы ауыл орталығынан 2 қабатты 392 орындық мектеп ғимараты пайдалануға берілді
Аталған білім ордасында өлкетану мұражайын жасақтау 2009 жылы қолға алынған. Алдымен ел ішінде зерттеу жұмыстары жүргізіліп, оқушылар ғылыми жобалар қорғап, құнды деректер мен жәдігерлер жинақталады. 2011 жылы көптен күткен мектеп мұражайы салтанатты түрде ашылды. Ұстаздар қауымы бұл істі атқаруда сол кездегі мектеп директоры Қайрақбай Жақсыбайұлы мен білім бөлімінің әдіскері Қатира Ниязқызының табандылығын айрықша атады.
Мұражай үш экспозициялық бөлімге бөлінген. Біріншісі, «Ерлік пен елдікті, иман мен адалдықты ту еткендер» тақырыбында. Бұнда қазақ халқының тәуелсіздігі жолында күрескен, Жанқожа бабаның жан досы, үзеңгілес жолдасы Ақтан батырдың өмір жолын насихаттайтын «Қорған болған халқына батыр баба», ислам дінін насихаттаған Әзілхан ишанға арналған «Тәрбие негізі – иман» атты экспозициялар қойылған. «Ауылым – алтын діңгегім» атты бөлімде ауыл тарихы суреттелген. Ауылдың экономикасы мен халықтың әл-ауқатының артуы және мәдениеттің дамуы 1976-1990 жылдар аралығына сәйкес келеді. Дәл осы кезеңдерде ауылда ірі құрылыстар бой көтерді. 1996 жылы совхоз Ақтан батыр ауылы аталып, 1997 жылы Ақтан батыр кесенесі салынып, ауылдағы «Әзілхан ишан» мешіті күрделі жөндеуден өткізілді. 1999 жылдан бастап «Сыр маржаны» ЖШС ауылдың өсіп-өркендеуіне зор ықпалын тигізіп, бүгінгі күні ауыл халқы берекелі тірлік кешуде. Бұның барлығы мұражай ішінде фотосуреттер арқылы көрсетілген.
Екінші бөлім «Рухым бай, көрген емес азайып, біздің елдің перзенттері ғажайып...» деп аталады. Онда соғыс, еңбек, тыл ардагерлері, батыр аналар үшін «Ер есімі – ел есінде», «Тылда тер төккендер», «Қарттарым – асыл қазынам», «Алып та туар анадан», «Ауылдың абыройын асырғандар», «Еңбек ер атандырады» атты және ауыл экономикасын көтеруге зор үлес қосқан белгілі тұлғалардың өміріне арналған «Еңбектен тапқан бақытын», «Елі үшін еңбегін аямаған», «Артында нұрлы із қалған», «Өмір жолы өнеге», «Қалаулысы халықтың» атты экспозициялар жинақталған. Соның ішінде колхоздастыру жұмыстарының белсендісі, соғыс кезінде өз қаржысын майдан қорына жолдаған азамат Бермахан Мәшенбаев пен дархан дала төсінде шыңдалған майталман диқан, 1982 жылы КСРО Жоғары Кеңесінің Жарлығымен «Социалистік Еңбек Ері» атанған Әбуша Дінісламовтың өмір жолы жас ұрпаққа үлгі-өнеге болары сөзсіз.
«Аға буын, қайыспаған нағыз нар, бүгінгі ұрпақ өздеріңе қарыздар» тақырыбындағы үшінші бөлімде «Мектебім тұнған тарих» атты экспозиция бар. Бұнда білім ордасының тарихы кеңінен көрсетілген. Сонымен қатар педагогтерге арналған «Мектеп басшылары», «Ұлағатты ұстаздар» және «Мектеп мақтаныштары» туралы мағлұматтардан ауыл мектебінің дамуына зор үлес қосқан білікті басшылар туралы таныса аласыз. 1988 жылы Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық мұғалімдер съезінің делегаты Ж.Жәдиевке арналған «Білімнің болған бағбаны» атты бұрыш жасақталған.
Мұражай Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналып ашылғандықтан «Тәуелсіздік жылнамасы» экспозициясы жасалған. Жалпы мұражайдағы жәдігерлер – 580, қосымша жәдігерлер – 120. Мұражай жетекшісі мектептің тарих пәні мұғалімі Шынар Кәрібайқызы. Мұражай жәдігерлерін жинауға атсалысқан Әзілхан Серікбаевтың еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық.
Аудан көлеміндегі білім мен тәрбие, үкіметтік емес ұйымдармен тығыз әріптестік орнатқан мұражайда мәдени-танымдық, тәрбиелік шара үзбей өткізіліп тұрады. Бұған дейін де бірнеше байқауларда бақ сынап, жүзден жүйрік танылған мектеп мұражайы Астана төрінде өткен республикалық «Үздік мұражай – 2018» байқауында бірінші орынды иеленді. Шәкірттердің бойына білім нәрін себумен бірге тәрбиенің темір қазығын қатар қаққан мектеп ұжымы мұражай жұмысын жандандыруда да талай жоспарлы жұмыс атқарамыз деген ниетте.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА