Грантсыз тегін білім бар, тетігін тапқан түлекке
Балапанды күзде сана. Жақында грант иегерлерінің тізімі шығып, мемлекеттік мүмкіндікті пайдаланушылар есімдері анықталды. Қорытынды нәтижелерінен соң «бөркін аспанға атып», қуанғандар да, «салысы суға кетіп», жанарын су алғандар да болды. Ақылы оқу көп жағдайда оаңайға түспесі анық. Білім беру ұйымдарында жоғары білімді мамандар даярлауға арналған және республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік тапсырыста бәсі озбағандар не істемек керек? Бірге үңілдік.
Білім алудың түрлері
Бұл туралы білім саласының сарапшысы Айгүл Жаңабергенқызынан сұрадық.
«Мемлекеттік гранттар дегеніміз, еліміз бойынша білім беру бағдарламаларының әрбір тобына бөлінетін Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрлігінен берілетін гранттар саны. Ол жыл сайын оқу жылы аяқталған соң анықталады», – деді.
Сарапшы мемлекеттік гранттар екі түрге бөлінетінін жеткізді.
«Олар жалпы гранттар және мақсатты гранттар.
Жалпы мемлекеттік грант университетке емес, мамандыққа бөлінеді. Бұл бағытта грантқа түске студент университет ауыстыра алады.
Жалпы грант бойынша оқыған студент оқуын аяқтаған соң 3 жыл мамандығы бойынша жұмыс істеуі қажет. Әйтпесе, мемлекет оқуына төлеген ақшаны толығымен қайтарып беруі тиіс.
Мақсатты мемлекеттік гранттардың айырмашылығы – жоғары оқу орындары арасында алдын ала бөлінген гранттар. Оған грант алуға арналған жалпы конкурсқа қатыса отырып ие болуға болады», – дейді.
Жергілікті атқарушы органның қаражаты есебінен мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде жүзеге асатын грант түрі бар. Шәкіртақыны да, 4 жылдық оқу ақысын да студент үшін әкімдік төлейді. Дегенмен әкімдік грантымен оқыған студент оқуын аяқтаған соң өзін оқытқан өңірде кемі 3 жыл мамандығы бойынша жұмыс істеуі міндеттеледі.
Кейбір қазақстандық оқу орындарында ректорлық гранттар да болады. Оны кейде ішкі гранттар деп та атайды.
Ректордың ішкі білім беру гранты жыл сайын ішкі конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша анықталады. Аты атағандай, бұл грантты университеттің өзі бөледі. Айырмасы грантта шәкіртақы болмайды, дегенмен студент 4 жыл сол білім ошағында жоғары білімді тегін ала алады. Артықшылығы, мұндай оқу түрімен білім алған бітірушіден белгілі орында не аймақта жұмыс істеуі сұралмайды.
Қолданысқа енгізілгеніне бірашама уақыт өткен «Серпін» бағдарламасы да жастар сенімі мен үмітін жалғауға септескен. Бағдарлама халқы тығыз орналасқан Оңтүстіктегі жұмыс күшін Солтүстік өңірлерге тарту мақсатында жүзеге асырылуда. Бұл грантқа Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының оқушылары ғана қатыса алады. «Серпін» грантының шәкіртақысы бар. Сондай-ақ бұл грантпен оқыған студентке «сол жерде жұмыс істеуің керек» деп шарт қойылмайды.
Көпшілік беле бермейтін мүмкіндік Қазақстан бойынша тек бір ғана жоғар оқу орнында жүзеге асуда. Университетке Қазақстан тарапынан бөлек, Түркия мемлекетінінен гранттар және квоталар бөлінеді. Биыл да жыл сайын бөлінетін квоталарға қабылдау басталған.
Түркия мемлекетіне академиялық ұтқырлық бойынша оқу мүмкіндігінде түлектер степендиясыз, алайда тегін, қайтарымсыз білім ала алады.
Соңғы жылдары қолданысқа енген жеке демеушілер мен қорлардың гранттары да бар.
Конкурссыз грант кімдерге беріледі?
Биылғы білім гранттарын бөлуде жылдағы дәстүрмен ел дамуына қажетті салалар сараланып, басымдылық берілген. Грантың 60 проценті инженерлік және техникалық бағыттар бойынша бөлінген. «Серпін» бағдарламасына қызғушылық танытқандар да табылған. Түлектердің 2 мыңнан астамы Қазақстанның солтүстік, шығыс және орталық өңірлеріндегі оқу орындарына талаптанған.
Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Жол картасы» аясында биыл 77 мыңнан астам білім беру гранты бөлінгенін мәлімдеген болатын.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шетелдік жетекші университеттермен серіктестікте жұмыс істейтін 20-ға жуық жоғары оқу орны студенттерді қабылдай бастады. Бұл – Қазақстанды өңірлік білім хабы ретінде қалыптастыру жолындағы маңызды қадам», – деді министр сөзінде.
Аталмыш министрлік мәліметінше, 2005 жылы мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына 113 мыңға жуық өтініш қабылданған. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 9 мыңға көбейгенін көрсеткен.
Гранттарды бөлуде әлеуметтік осал топтарға жататын балаларға арналған квоталар да назардан тыс қалмаған.
Мемлекет дарынды, талантты, талапты жандарды қолдау мақсатын да қаперден шығармайды. Биылғы жылы да халықаралық олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздарына конкурссыз берілетін гранттар берілген.
Сараланған гранттар мүмкіндігі
2025 жылы 300 сараланған гранттар бөлінген.
Сараланған білім беру гранты – білім алушылардың ұлттық бірыңғай тестілеудегі нәтижелерін, әлеуметтік мәртебесін, ғылыми не шығармашылық жетістіктерін ескере отырып, олардың жоғары білім алуына ақы төлеу үшін мақсатты ақша сомасының белгілі бір үлесін алуына кепілдік беретін әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі.
2024 жылдан бері жүзеге асқан жүйеде оқу ақысының 50 процентін мемлекет босатады. Қалған соманы иегерлер өз қаражаттары есебінен немесе жеңілдетілген оқу несиесі арқылы төлей алады. Бұл мүмкіндікті биыл педагогикалық ғылымдар, әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат талапкерлері пайдаланбақ.
Жыл жаңалығы әскери қызметшілерге жағымды жағдай тудырды.
– 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап әскери қызметшілерге білім бойынша жеңілдіктер алуға жаңа талаптар енгізілді, –деп ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, енді әрбір әскери қызметкер үш университет таңдай алды. Тұңғыш рет мерзімді әскери қызмет өткеріп жатқан азаматтарға 2 010 білім беру гранты бөлінген. Бастама әскери міндетін өтеп келген жастардың әлеуметтік ортаға тезірек бейімделіп, уақыт жолғалтпауына, сондай-ақ Отан алдындағы борышын өтеуге ынталандыруға бағытталып отыр.
Тәртібі мен сабақ үлгерімі жақсы, әлеуметтік жағдайы қажет ететін 2 000-нан астам талапкер ректор гранттарына мүмкіндік алса, 1 700-ден астам жас жергілікті әкімдік гранттарын алған. 500 білім алушы жеке демеушілер мен қорлардың гранттарына қол жеткізген. 2 412 талапкер «Серпін» бағдарламасына ие болған. Қазақстанда ашылып жатқан шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарына 2 365 грант бөлінген.
Жұмысшы мамандықтар жылында мемлекет ел азаматтарына үлкен жағдай жасауда. Бұл бағыты таңдаған студенттердің барлығы колледждерде тегін білім алады. Мемлекеттік тапсырыс бойынша бұл арнаулы оқу орындары жыл барысында 150 мың студент қабылдауға қауқарлы.
Өмір – мүмкіндіктер алаңы
«Әлі күнге дейін «грантқа түскен бала ғана ата-ана үмітін ақтады» деген жаңсақ пікір бар. Яғни өзіміздің қателігімізге қарамай, мінсіздік ұғымын ұл-қызымыздан күтеміз. Мектеп бітірген түлектің мемлекеттік грантқа қол жеткізуі, әрине, жақсы. Алайда барлық нәрсе грантқа түсумен өлшенбейді. Бұл бағытта білім саласында жүйелі жұмыстар жүргізіледі.
Қазір бірнеше рет тапсыру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл бәлкім талапкерді одан да үлкен жолға бастауы мүмкін. Психологияда «Әрбір сәтсіздік – мүмкіндік бастауы» деген түсінік бар. Жақында Орта Азияға белгілі кондитердің сұхбатын тыңдадым. Есеп саласының маманы болғысы келіп, бірінше рет құжат тапсырып, оқуға түсе алмаған. Есесіне, ең мықты өз есебін білетін, тәжірибесін кеңінен таратқан, миллардтаған айналымы бар кәсіп иесі», – дейді психолог Айгүл Жұбаназарова.
Маман бұл тұрғыда ішкі грант, ақылы оқудан босаған грантқа ауысу, шетелдік жоғары оқу орындары мүмкіндігін іздеу, бойыңда бар қандай да бір қабілет, қасиетті шыңдау өмірде өз жолын тауып, қаржылық қиындыққа ұшырамай, дұрыс адам болып қалыптасуға көмектесетінін жеткізді.
«Баланың өзі күткен нәтижеден көбінбеуі санасына салмақ салары анық. Көрсеткіш қандай болса да, ата-ана мен жақындары қолдау білдіруі керек. Бұл өте маңызды.
Тағы бір қиындық, ҰБТ-дан жоғары балл ала отырып, оқу орны мен мамандықты дұрыс таңдамағандық», – дейді психолог.
ҰБТ-дан аз балл жинап, грантқа түсе алмағандарға арнап Шалқар есімді желі қолданушысы өз басынан өткен оқиғамен бөліскен.
«Көп балл алып грантқа іліне алмай, грантқа түскендерді «ол сатып алды», «ол тупой негізі», «за что так?», «өмір неге әділетсіз?», «где справедливость?» деген пікірмен өзін іштей жеп, мұңайып, қайғырып, өмірге келгеніне өкініп, бұл өмірде ең бақытсыз адамдай болып жүрген және ҰБТ-да грантқа түсіп, қуанып, бұл өмірдегі тірлікті істеп тастағандай, көкірегін көкке керіп, адам танымай, менсінбей жүрген қыз жігіттерге арналған пост» делінген жазба тақырыбы.
«Мен қазақ-түрік лицейін үздік аттестатпен бітірдім. ҰБТ-дан 121 балл жинадым. Ол кезде максималды балл –125 еді. Сулейман Демирель университетінің ғылыми математика мамандығына оқуға түстім. Қосымша SAT, IELTS тапсырып, Назарбаев университетіне түстім», – дейді. Оқуға баратын уақыты жақындағанда, оқыс оқиға орын алып, омартқасы сынып, мүгедек болып қалады.
«Егер денсаулығым жарап тұрса, 7 жыл өтсе де, ұбт қайтадан тапсырып, универ оқыр едім.
Міндетті түрде университет оқу керек деген заң бар деп кім айтты? Қаншама миллиардерлер, ғалымдар, атақты кісілер универдің гранты түгілі платныйын да оқымаған. Ол ол ма, мектепті де тастап кетіп керемет жетістікке жеткен адамдар бар.
Сыныптастарымның бәрі дерлік грантқа түсті. Бірақ қазір өз мамандығы бойынша жұмыс атқарып жүргендері бірен-сараң. Әлі күнге дейін жұмыссыз жүргендер бар. Көбі мамандықтарын ауыстырған. Міне, солар да бірнеше жылдарын заяға кетірді. Диплом бар, бірақ пайдасыз. Сендерге келесі жылға қалып, грант алуларыңане кедергі? айтайын дегенім, ең бастысы дұрыс таңдау жасау. өзіңе ұнайтын мамандық таңдау», – делінген жолдар көпке ой салғаны анық.
Дұрыс мақсат қойған адам ғана арманына қол жеткізеді
«Үлкен қызым «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып еді, кіші қызымның жинаған балы аздау болып, мемлекеттік грантқа қол жеткізе алмадық. Сол кезде баламның да, өзімнің де қалай қиналғанымызды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мектеп психологтары жұмыс істегенімен, біздің қоғамдық пікір әлі дұрыс орнықпағанын сол сәтте ұғындым. Осы орайда айтарым, мектептің мұндай мамандарын қағазбастылықтан босатып, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беру қажет.
Бағымызға орай, түрік квотасы деген квотаға ілігіп, ақысыз білім алмақшымыз», – дейді ата-ана Гүлжанар Нұршауылова.
Ақниет Асқарұлы шетелге оқуға түскен түлек.
Қазақ-түрік лицейін бітірген жігіт армандаған Оссфорд университеті грантына қалай қол жеткізгенін сұрадық.
«Ешқандай қиындығы жоқ. Еуропада, оның ішінде әлемдегі ең озық оқу орнында білім алу туралы ой маған 3 жыл бұрын келді. Ағылшын тілім жоғары деңгейде болды деп айта алмайтын едім. Бұл олқылықты толтыру мақсатында арнайы орталық қызметіне жүгіндім. Бұл жердегі менторлар маған 7 айдың ішінде IELTS-ты жоғарылатын, құжат жинау, грант табу, виза жасаумен бірге мотивация хатын жазу сынды қызмет түрлерін ұсынды. Айта кетерлігі, грнатқа түсе алмадым деп өзін «лақтырып» жіберетін жастарды көріп жүрміз. Елімізде жан-жақты мүмкінідік жасалған. Ізден, зертте, әрекет ет. Тіпті ел азаматтарының шетелде оқуына жағдай жасаған елдің бірі Қазақстан. Оқы, дамы, орныңды тап деп тұр. «Үлкен болып қалу үшін ғаламда, Үлкен арман керек екен адамаға» демей ме Мұхтар Шаханов. Дұрыс мақсат қойған адам ғана арманына қол жеткізеді», – дейді.
Шетелге оқуға түсу эксперті Бақнұр Зиябеков өз парақшасында мынандай мемлекеттерде білім алу жүйесін ұсынады. Олар Малайзия, Қытай, Сингапур, Гонконг, Оңтүстік Корея, Біріккен араб әмірлігі, Түркия, Солтүстік Кипр. Бұл елдер қауіпсіз, әлемдік университеттер филиалдары бар, Халықаралық тілдерді үйретеді, ІТ, жаңа технологияларды меңгеру мүмкіндігі бар.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА