Мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі жарияланды
Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025-2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері анықталғанын мәлімдеді.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, экономиканың басым салалары үшін жоғары білікті кадрларды даярлау мақсатында гранттардың 60 пайызы инженерлік және техникалық бағыттарға бөлінді.
Биылғы конкурсқа 113 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 9 мыңға артық. Мемлекеттік білім беру тапсырысы 99 пайызға игерілді.
«Серпін» бағдарламасы аясында халық тығыз қоныстанған өңірлерден шыққан 2 мыңнан астам жас солтүстік, шығыс және орталық өңірлердегі жетекші жоғары оқу орындарына оқуға түсті.
Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтарға жататын балалар үшін заңнамада көзделген квоталар сақталды. Ал халықаралық олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздарына конкурссыз гранттар тағайындалды.
Министрлік жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру мақсатында қосымша тетіктерді де іске қосты. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 5 жасқа толған балаға есепшот ашу кезінде бастапқы білім беру капиталы төленетін «Келешек» жинақтау жүйесі енгізілді. Бұл жүйе мемлекеттік сыйақыны, банктер мен сақтандыру ұйымдарының да сыйақысын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жинақталған қаражатты «Ұлттық қор – балаларға» жобасымен біріктіру мүмкіндігі бар.
2024 жылы алғаш рет шығынның бір бөлігін жабатын сараланған гранттар бөлініп, қалғанын үміткер өз қаражаты немесе оқу несиесі арқылы өтейді. 2025 жылы мұндай гранттар саны 300 болады. Байқау қыркүйек айында өтеді.
Бұған қоса, биыл алғаш рет мерзімді әскери қызметін өткеріп жатқан азаматтарға 2 010 грант бөлінді. Бұл шара олардың әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз етіп, жоғары білім алуға жол ашады.
Грант иегерлерінің толық тізімі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің сайтында, Telegram-арналарында, сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығының сайтында қолжетімді.
Грант туралы куәлік үш жұмыс күні ішінде https://grant.testcenter.kz сайтында беріледі.
Құжаттарды жоғары оқу орындарына тапсыру 25 тамызға дейін жүргізіледі.
Фото: freepik.com