Қызылордада ауыр атлетикадан республикалық турнир басталды

Қызылордада Еңбек сіңірген көрнекті жаттықтырушы, білікті бапкер Велорий Пактың жүлдесіне арналған ересектер арасындағы республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Республикалық турнирге еліміздің әр өңірінен келген 10 команда, 100-ге жуық зілтемірші бақ сынаспақ. Олар ерлер және әйелдер бойынша 8 салмақ дәрежесінде сынға түседі.
Жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Зинабдинұлы, құрметті жаттықтырушы Велорий Пак, облыстық ауыр атлетика федерациясының президенті Темірхан Бердәліұлы қатысып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
Велорий Пак – аймақтың ғана емес, еліміздің спорт саласын қарқынды дамытуға сүбелі үлес қосқан біртуар азамат. Бүгінде құрметті ұстаздың шәкірттері әлемдік аренаның биік шыңдарын бағындырып, даңқты спортшыларға айналды. Олардың қатарында Алмас Өтешов, Илья Ильин, Қуаныш Рахатов, Шин Олег, Роман Русиновский, Александр Зайчиков бар. Сонымен қатар, білекті болаттай шыңдаған көрнекті жаттықтырушы 60-тан астам спорт шеберін, 12 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін және Қазақстанның 3 Еңбек сіңірген спорт шеберін дайындады.