Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мейрамбек Шермағанбет: Әрбір табысты көрсеткіштің бастауында тынымсыз еңбек тұрады

Мейрамбек Шермағанбет: Әрбір табысты көрсеткіштің бастауында тынымсыз еңбек тұрады

Қазалы ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне зер салсақ, өркендеу жолында, тіршілік ырғағында ерекше қарқын бар. Кәсіпкерлік бастамаларды табысты іске айналдырған, атакәсіпке ден қойған, құрылыс нысандарын уақытында әрі сапалы салуға бағытталған жүйелі жұмыс байқалады. Мұнда ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген жандардың табанды тірлігі, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігі, жастардың жаңашылдыққа ұмтылысы айқын көрінеді. Аудан орталығы мен ауылдар күннен-күнге көркейіп, жаңа нысандар бой көтеріп, халықтың тұрмыс сапасы арта түскен.
Қазыналы мекеннің қазіргі тыныс-тіршілігіндегі кейбір мәселені, қолға алынған жұмыстардың беталысын, алдағы міндет пен меже жайында Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбетпен сұхбат барысында әңгімелеген едік.
– Мейрамбек Зинабдинұлы, Сыр еліндегі іргелі ауданның бірі Қазалының жұртшылығы өзінің еңбекқорлығымен, іскерлігімен, елдік іске үлес қосуға дайын тұратын белсенділігімен танымал. Сондықтан болар, мұнда жыл сайын жаңа бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асады. Бұл экономиканың, бюджеттің тұрақты өсімі есебінен болатын жетістік екені белгілі. Осы орайда ауданның негізгі көрсеткіштері туралы не айтар едіңіз?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Сыр өңіріне деген айрықша қолдауының арқасында, облыс әкімінің басшылығымен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасқанынан, өңіріміз барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алғашқы орындарға тұрақтағанынан оқырман хабардар. Әрине, мұндай көрсеткішке қол жеткізудің бастауында тынымсыз еңбек пен ауқымды жұмыс тұрғаны белгілі. 
Өткен жыл Сыр өңірі, оның ішінде Қазалы ауданы үшін жаңа жетістіктер мен толайым табыстың кезеңі болды. Аудан экономикасының барлық саласында тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері ілгеріледі. Сондай-ақ айтулы істер, жарқын жобалар жүзеге асты.
Былтыр аудан бюджеті 11 млрд теңге болып бекітілсе, бүгінде 27 млрд теңгеге жетіп отыр. Бюжеттің мүмкіндігі барлық қажеттілікті қамти алмайтынын білесіз, дегенмен жоғарыда көрсетілген өсім көп шаруаның оңтайлы шешілуіне негіз қалады. Өз кірістерімізді өткен жылдың бекітілген жоспарынан 1,5 млрд теңгеге ұлғайтып, 4 млрд теңге көлемінде орындау межесі қойылған (61,2%).
Ауданның барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің орындалуы 100 пайыздан асты. Оның ішінде, негізгі капиталға инвестиция тарту болжамы 26,5 млрд теңге болып бекітілген. Былтыр тартылған инвестиция – 27,3 млрд теңге немесе 100,6 пайыз. Бюджет қаражаты есебінен 11,9 млрд теңге, жеке қаражат есебінен 15,4 млрд теңгеге орындалды. Биылғы инвестиция тарту межесі – 30 млрд теңге, 6 айда болжам 9,4 млрд теңге немесе бекітілген бюджеттен 11 есеге өскен. Сонымен бірге, өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 16 554,0 млн теңгені құрап, жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда 7 есеге, бөлшек сауда айналымы 6 579,1 млн теңгені құрап, 6,5 есеге, тұрғын үй құрылысы бойынша есепті кезеңде 22641 шаршы метр тұрғын үй салынып, 11 есеге өскен.
– Былтыр Қазалыда халық батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлының 250 жылдығы республикалық деңгейде аталып өтті. Ұлт азаттығы жолында жанын пида еткен батырды мәңгі есте қалдыру шаралары мен әлеуметтік, инфрақұрылымдық нысандарды пайдалануға беру рәсімдерін ұштастыру ұтымды ұйымдастырылған, көпшілікке рухани азық сыйлаған мерекеге айналғанын білеміз…
– Иә, дұрыс айтасыз. Өткен жылы аудан тұрғындары мен азаматтардың ұсыныс-пікірлерін ескеріп, қазан айының соңғы онкүндігінде елдің тұтастығын, береке-бірлігін, ынтымағын ту етіп көтерген тарихи тұлғалар Әйтеке бидің 380 жылдығы мен Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өттік.
Тарих пен болашақ тоғысқан іс-шараларда халық тындырымды тірліктің нәтижесінде көптен күткен игілікке қол жеткізіп, қуаныш еселене түсті.
Мерейтой аясында аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қатысуымен ғылыми-танымдық конференциялар өтті. Сондай-ақ 148 отбасыға жаңа баспана кілті табысталып, 200 адамға арналған «Әмір Арена» спорт кешені мен Кәукей ауылында 100 орындық ауылдық клуб ел игілігіне пайдалануға берілді, Абай ауылы «көгілдір отынға» қосылды.
Мұнан бөлек, ең ауқымды жобаның бірі – Қазалы ауданында бірнеше жылдан бері тоқтап қалған Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығындағы 7 шақырымдық жолға күрделі жөндеу жұмыстары аймақ басшысының қолдауымен қайта жанданды. Жол құрылысын аяқтауға облыстық бюджеттен 862 млн теңге қаржы бөлініп, төрт жолақты жол пайдалануға берілді. Биыл осы жолдың жарықшамдары қосылады.
– Қазалы ауданындағы абаттандыру жұмыстарының барысын, осы ауданға әкім болып тағайындалған уақыттан бері қолға алған бастамаларыңызды білеміз. Оның нәтижелері туралы не айтасыз?
– 2024 жылдан бүгінге дейін аудан орталығын абаттандыру мақсатында аудандық бюджет есебінен қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізілді. «Қазалы» мәдени-демалыс кешені, орталық алаң, теміржол вокзалы жанындағы Әйтеке би алаңы, Жанқожа батыр көшесінің бойындағы «Руханият» сквері сынды орындар бүгінде аудан халқы мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарына айналды.
Аудандағы абаттандыру жұмыстарының ең ауқымдысының бірі деп «Қазалы» мәдени-демалыс кешенін айтуға болады. Аумағы 20 гектар бұл кешен облыс бойынша ең үлкен саябақтың бірі саналады. Кешен екі бөліктен тұрады: отбасылық демалыс саябағы және «Жеңіс» саябағы. Мәдени-демалыс кешенінде «Даңқ», «Тағзым», «Киелі қазақ елі», «Ғашықтар» аллеялары және отбасылық мейрамханалар мен тамақтану, демалыс орындары, спорт және балалар ойын алаңдары, атракциондар, аквапарк, субұрқақтар, жасанды көлшік сынды тағы басқа нысандар бар.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған саябақ аудан тұрғындары мен қонақтарының саламатты өмір салтын ұстануына, отбасы мүшелерімен бірге тиімді уақыт өткізуіне мүмкіндік береді. Ал қайта жаңғыртылып, абаттандырылған орталық алаңда балаларға арналған ойын алаңдары, отбасылық тамақтану орындары, заманауи орындықтар мен түрлі жарықшам, керемет субұрқақ орнатылған, әдемі гүлдер, ағаш көшеттері егілген.
Алдағы уақытта да халқымыздың игілігі, тұрғындарымыздың жайлы тұрмыс-тіршілігі, жастарымыздың жарқын болашағына бағытталған ауқымды жобаларымыз жалғаса береді.
– Абаттандырудан бөлек, бүгінде Қазалы ауданы қарқынды құрылыс алаңына айналғанын да байқауға болады…
– Сөзіңіздің жаны бар. Бүгінде құрылыс саласында толымды тірлік бар. Өткен жылы халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2 пәтерлік 74 тұрғын үй салынып, 148 пәтер табысталды. Биыл тағы да 2 пәтерлік 50 тұрғын үйдің құрылысы басталып, 100 отбасыға жаңа баспана берілмек.
Жыл басында прокуратураның жаңа ғимараты пайдалануға берілсе, бірнеше жылдан бері құрылысы тоқтап қалған «Қарлан» учаскесіндегі Сырдария өзені арқылы өтетін көпір құрылысы да қайта басталды.
Қазір Әйтеке би кентіндегі 120 жылдық тарихы бар теміржол вокзалы күрделі жөнделіп, жанындағы теміржол өткелі де қайта салынып, құрылыс қарқын алған. Бұл нысандарды жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Одан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Әйтеке би кентінде, Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарында 3 спорт кешені, аудан орталығы мен елді мекендерде демеушілік есебінен спорт және ойын алаңдары салынуда. Майдакөл ауылында 100 орындық ауылдық клуб бой көтеріп келеді.
– Халықтың өмір сүру сапасын жақсартудағы ең бірінші қажеттілік – сапалы инфрақұрылым. Бұл бағыттағы жұмыс барысына да тоқталсаңыз…
– Халықты ауызсумен қамту бойынша өткен жылы екі елді мекенге (Ажар, Жұбан) су тұщытқыш қондырғы орнатылды. Биыл Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді мекендерінде жұмыс жүргізілуде. Алдағы қыркүйек айында жұмыс аяқталған соң, Қазалы ауданы халқын таза ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызға жетеді.
Электр энергиясымен қамтуға қатысты айтар болсақ, өткен жылы ауданда 3 жоба жүзеге асты. Биыл Қазалы қаласы мен Қожабақы ауылының электр желілерін жаңартуға қаржы бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің аралығындағы жаңадан ашылған кварталдардағы нысандар мен тұрғын үйлерге керекті электр энергиясының қуаттылығын арттыру мақсатында қосалқы стансасының құрылысы басталды. Осылайша биыл тозған желілерді 62,5 пайыздан 58 пайызға төмендетпекпіз.
Аудан тұрғындарын табиғи отынмен қамтамасыз ету жайына ойыссақ, газбен қамтудың индикаторлық үлесі қала және елді мекендер бөлінісінде 21%, жеке тұрғын үйлердің 74,4%-ы газға қосылған (барлығы 15669 үй, 11578 үй газдандырылған).
Елді мекендерді газдандыруда 2024 жылдан бері 3 жоба жүзеге асты. Бұған дейін Абай, Ақтан батыр ауылдарына газ желісі тартылып, пайдалануға берілді. Биыл Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев елді мекендерінің магистральды газ құбырына қаржы бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Биыл аталған 4 ауылға да орамішілік газ жүргізу жұмыстарын жүргізіп, елді мекендерді «көгілдір отынға» қосу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар біткенде елді мекендерді газбен қамту көрсеткіші 73 пайызға жетеді.
Мұнан бөлек, Ақсуат, Байқожа, Өркендеу, Бірлік, Қожабақы және Аранды ауылдарын газдандырудың жоба-сметалық құжаттары әзірленді.
– Ауыл арасындағы және елді мекенішілік жолдарды жақсарту жұмыстары туралы айтып өтсеңіз…
– Ауданның коммуналдық меншігінде 375 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолы бар. Оның 259,1 шақырымы – асфальт, 82,4 шақырымы – қиыршық тас және 33,5 шақырымы – топырақ. Жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі – 91 пайыз.
Өткен жылы аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін қайта жаңғыртуға, күрделі және орташа жөндеуге бюджеттен 1 633,9 млн теңге қаржы бөлінді. Оған 20,6 шақырым болатын «Бозкөл-Тасарық», «Бекарыстан би-Шөмішкөл» және тағы 224 метр жол, 4,9 шақырымдық 4 көше, Әйтеке би, Жанқожа батыр, Қазалы қаласының 15 көшесі, оған қоса 3,1 шақырым болатын Әбілқайыр хан, Бегім ана, Сырым батыр көшелері күрделі жөндеуден өтіп, 6,16 шақырым болатын 26 көшеге орташа және ағымдағы жөндеу жүргізілді.
Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында барлығы 23 жоба, оның ішінде Әйтеке би кентінен 19 көшені, елді мекендерден 4 көшені орташа және күрделі жөндеу, Қазалы қаласының 10 көшесін қайта жаңғырту, Жанқожа батыр ауылының кіреберіс жолы мен «Әлсейіт» көпірінен бастап Бекарыстан би ауылына дейінгі аралықты күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды.
Аудан орталығының көшелеріндегі жаяу жүргіншілер жолы да тұрғындар жиі көтеретін мәселенің бірі еді. Өткен жылдан бері Жанқожа батыр көшесі мен Т.Бөріқұлақов және Қ.Пірімов көшелерінің қиылыстарына жол айрықтары салынып, Жанқожа батыр көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілер жолы жаңарды. Қ.Пірімов көшесінен «Қазалы» мәдени-демалыс кешеніне дейін және Р.Бағланова көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынса, Ақарық каналынан аудандық емханаға дейінгі жаяу жүргіншілер жолының құрылысы қарқынды жүргізілуде.
– Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік – Қазалы ауданы тұрғындарының бұрыннан бейімделген салалары. Осы салалардың беталысы туралы не айтар едіңіз?
–Диқандар биыл 17 445 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын, оның ішінде күрішті 5636 гектарға екті. Былтыр 17 029 гектарға егілген егін мерзімінде жиналған болатын. Күріш 6 200 гектарға себіліп, әр гектардан 40,4 центнерден өнім алынып, 26 095 тонна күріш қамбаға құйылды.
Бүгінде ауданымызда «РЗА» АҚ, «Рза Агро» ЖШС, «Сыр Маржаны» ЖШС, «Жалаңтөс батыр» ЖШС, «Агро-Өркен» ЖШС, «Ақмаржан» ЖШС, «Jankent Agro» ЖШС, «Алшын» ЖШС және «Береке», «Мерей», «Өте» шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы құрылымдары бар.
Өткен жылы ауданнан Ресей, Беларусь, Дания, Германия, Тәжікстан, Қытай, Литва, Нидерланды елдеріне 3579,2 тонна өнім, тарқатып айтсақ, 1269,1 тонна күріш, 470,7 тонна балық, 1839,4 тонна қамыс экспортқа шығарылды.
Мал басында өсім бар, 47786 бас ірі қара, 52644 бас жылқы, 13292 бас түйе, 85316 бас уақ мал, 7130 бас құс тіркелген.
Шағын және орта кәсіпкерлік саласының жай-күйіне келсек, бүгінге дейін ауданда 5273 кәсіпкер тіркеліп, бұл салада 12,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Жыл басынан бері жаңадан 23 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Биыл Бірыңғай жалпыұлттық жобалар пулының Ұлттық цифрлық инвестициялық платформасына 6,5 млрд теңгенің 5 ірі жобасы енгізілген. Оның 3-еуі жыл соңында іске қосылмақ. Қазір жобалар жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Мәселен, «Арал Рыбторг» ЖШС-нің «Тауарлы балық өсіру үшін тоған балық шаруашылығының құрылысы» жобасы. Бүгінде кәсіпкерге Басықара ауылдық округінен 464 гектар жер учаскесі табысталып, құрылысы жүргізілуде.
Өңірімізде 2023 жылдан бері агроөнеркәсіп кешенін, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы халықтың табысын арттыруға, кәсіпкерлікті ынталандыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы басталғаны белгілі. Қазалы ауданында 2023 жылы 484,4 млн теңгенің 68 жобасы шеңберінде 92 жұмыс орны ашылса, өткен жылы 399,1 млн теңгеге 63 жоба жүзеге асты. Биыл 835,1 млн теңгеге 124 жоба аясында жаңадан 135-ке жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен бастау алған, халық денсаулығын жақсарту бағытындағы ауқымды жобалардың игілігі көпшіліктің көз алдында. Соның бірі – «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы. Аталған жоба аясында қандай жұмыс атқарылды?
– Халық денсаулығын нығайту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Саланы материалдық-техникалық жағынан қолдау мәселесі күн тәртібінен түскен емес.
Бұған дейін ауданымыздағы Абай, Бозкөл және Кәукей ауылдарында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілсе, биыл аудандық көпбейінді орталық аурухана жанынан 42 төсектік кардиология және инсульт орталығының құрылысы басталды. Жұртшылыққа жедел әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге арналған орталықты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Содан соң онда аудан тұрғындары үшін ең өзекті мәселелердің бірі болып келген МРТ құрылғысы орнатылып, тиісті мамандардың білімі жетілдірілмек. Соңғы үлгідегі жаңа медициналық технологиялардың енгізілуі, қазіргі заман талабына сай салынған ғимараттар тұрғындар денсаулығын жақсартуға оң ықпалын тигізері сөзсіз.
Өткен жылы аймақ басшысының қолдауымен ауданның денсаулық сақтау мекемелерінің автопаркі жаңартылып, 25 санитарлық автокөлік алынды. Автокөліктер бүгінде халыққа қызмет сапында жүр.
– Бүгінде тұрғындардың ең өзекті мәселесінің бірі – жұмыспен қамту. Жалпы аудан халқын жұмыспен қамту көрсеткіші қандай?
– Әлеуметтік саланың дамуын жеделдету – біздің алдымызда тұрған ең негізгі міндет. Экономиканың түрлі саласында биыл 1921 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 73 адам мемлекеттік бағдарламалар негізінде қайтарымсыз грант алған, 45 адам әлеуметтік жұмысқа, 72 адам жастар практикасына, 892 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 62 адам «Күміс жас» жобасына, 251 адам «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» жобасына, 66 адам «Ауыл аманаты» жобасына тартылған, 398 адам тұрақты жұмысқа тұрып, 62 адам ұлттық жоба бойынша жұмыспен қамтылды.
– Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы. Ауданның білім беру саласында қандай өзгерістер мен жаңашылдықтар бар? Жаңа мектептер немесе жөндеуден өткен білім ошақтары туралы не айтасыз?
– Ауданда 91 (37 мектеп, 1 кешкі мектеп, 50 мектеп дейінгі, 3 қосымша) білім беру ұйымы жұмыс істейді. Өткен жылдың басында Әйтеке би кентінде 250 орындық мектеп, биыл наурыз айында Жанқожа батыр ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 300 орындық мектеп пайдалануға берілді.
Ал, биыл №234, 70, 88, 95, 98, 216, 165, 249, 266 мектептерді ағымдағы және күрделі жөндеуге қаржы бөлініп, жұмыс басталды. Сонымен бірге, Қ.Сәтбаев атындағы №216 орта мектеп ғимаратының қасбетін қаптауға және Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей ауласына ойын алаңын салуға қаржы бөлініп, жұмыс жүргізілді.
Бүгінде аудан мұғалімдерінің ерен еңбегі мен кәсіби ынтасы өз нәтижесін беріп келеді. Өткен оқу жылында 9-сыныпты 1546 оқушы, 11-сыныпты 944 оқушы бітірді. «Үздік аттестат» иегерлері саны 9-сыныптан 220, 11-сыныптан 103 оқушы болса, 100 оқушы «Алтын белгі» алды.
Мамыр-шілде аралығындағы ҰБТ-ға 11-сыныпты бітірген 944 оқушының 859-і (91%) қатысты. ҰБТ қортындысы бойынша қазалылық түлектердің орташа балы 83 (2023-2024 оқу жылы 83 бал) болды.
Мемлекеттік грант конкурсына құжат қабылдау ауданымызда 13-17 шілде аралығында №249 мектеп-лицей базасында жүргізілді. Конкурсқа 849 түлек құжат тапсырды.
Балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында аудандағы барлық білім ошақтарында жазғы күндізгі лагерьлер, үйірмелер жұмыс істеуде. Маусым айынан «Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығы да өз жұмысын бастады. Демалыс лагері жылдағы дәстүрге сай 7 ауысым ұйымдастырып, әр ауысымда 125 оқушыдан, барлығы 900-ге жуық баланы қабылдауда.
Тиісті органдармен бірлесіп «Қауіпсіз жол», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім» және суға түсу маусымында балалар мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық қала, кент, ауылдық округтерде күнделікті түнгі және күндізгі рейдтер, түрлі іс-шара үздіксіз жүргізілуде.
– Мейрамбек Зинабдинұлы, бүгінгі қоғамда жасөспірімдердің қауіпсіздігі өте өзекті мәселеге айналып отыр. Жасөспірімдердің қатысуымен болатын, жалпы аудандағы қылмыс деңгейі жайында толығырақ айтып өтсеңіз…
– Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қоғамдық орындарда тәртіпті бақылайтын, жол қозғалысы ережелерін бұзғандарды автоматты түрде анықтайтын 72 бейнебақылау камерасы орнатылған. Аудандық полиция бөлімі ғимаратында бейнебақылау камералары арқылы түрлі құқықбұзушылықты анықтайтын арнайы кіші Жедел басқару орталығы ашылды.
Жалпы сала қызметкерлерінің жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп атқарған кешенді шаралардың нәтижесінде ауданымызда қылмыс деңгейі жыл сайын төмендеп келеді. Мәселен, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда биыл қылмыс деңгейі 48-ден 36-ға, яғни 25 пайызға төмендеген.
Әрине, бұл – жалпы тұрғындардың, оның ішінде жасөспірімдеріміздің қауіпсіздігі үшін бірлесіп атқарған жұмыстардың нәтижесі.
– Мәдениет пен спорт саласындағы жұмыстардың жүйелілігі халық көп жиналатын іс-шаралардан, оны тамашалайтын көрерменнің ықыласынан байқалады. Қазалы ауданында да рухани, мәдени, спорт бағытындағы шаралар жиі ұйымдастырылады. Бұл жұртшылықты рухани байыту үшін керек. Мәдениет пен өнердің тамыры терең, арқауы мықты сабақтастығын үзбей, оны халыққа насихаттаудағы жұмыстар туралы айтсаңыз…
– Өздеріңіз жақсы білесіздер, 2024 жыл аймақ басшысының бастамасымен «Алаштың анасы» атанған Сыр өңірінде «Руханият жылы» деп жарияланды.
Биыл Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында ауданымызға аймақ басшысы, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары арнайы келіп, жұртшылықты мерекемен құттықтады. Жанқожа батыр ауылындағы 300 орындық «Жайлы мектепті» пайдалануға беріп, Ақтан батыр ауылын «көгілдір отынға» қосу іс-шараларына қатысты.
Сонымен қатар Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесі қарсаңында аймақ басшысы мен Сенат, Мәжіліс депутаттары және қонақтар Әйтеке би кентіндегі «Қазалы» мәдени-демалыс кешенімен танысып, атқарылған ауқымды жұмыстарға оң бағасын берді.
Мереке аясында «Руханият орталығы» ғимараты да пайдалануға берілді. Бүгінде бұл орталыққа неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі біріктірілді. Онда ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүріміз кеңінен насихатталады, өскелең ұрпақ бойына өзі туып-өскен өңір тарихы мен ұлт руханиятын сіңіріледі. «Руханият орталығының» әртүрлі әлеуметтік топтардың қарым-қатынасы мен ықпалдастығын, ұрпақтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтудағы, сабақтастықты сақтаудағы орны ерекше. Бір ғимаратта еңбек ететін жастарды, ардагерлер мен ақ жаулықты аналарды, мәдени мекемелерді ортақ іске жұмылдыру жемісін берді.
Өткен жылы аудан орталығында Р.Бағланова атындағы 600 орындық жаңа мәдениет үйі мен Кәукей ауылында 100 орындық ауылдық клуб пайдалануға берілсе, қазір Майдакөл ауылында 100 орындық ауылдық клуб құрылысы жүргізілуде.
Атаулы жыл көлемінде мәдениетті ілгерілетуге және дәстүрді жаңғыртуға, саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған түрлі форматтағы 1798 іс-шара өткізілді. Биыл Бекарыстан бидің 260 жылдығы, Ақтан батырдың 255 жылдығы, ақын-шежіреші Қарасақал Ерімбеттің 175 жылдығы, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Қызылорда қаласының астана болғанының 100 жылдығы және тағы басқа мерейтойлық іс-шаралар өткізілуде.
Спорт саласындағы жағымды жаңалықтар туралы айтсақ, Мемлекет басшысының, Үкіметтің және облыс әкімінің ерекше қолдауымен ауданымызда спорт инфрақұрылымын дамыту жолға қойылды. Нәтижелі жұмыстардың арқасында спортшыларымыз Әлем чемпионаттарында 1 алтын, 4 күміс, 7 қола, Азия чемпионатында 4 алтын, 2 күміс жеңіп алса, Халықаралық, республикалық және облыстық жарыстарда 28 алтын, 42 күміс, 61 қола медальды қоржынға салды.
Өткен жылы Париж олимпиадасында Жұбаназар Абылайхан дзюдо күресінен бақ сынады. Тайландта бокстан әйелдер арасында өткен Азия чемпионатында жерлесіміз Гүлсая Ержан чемпион атанып, көк туымызды көкте желбіретсе, Катар астанасы Доха қаласында ауыр атлетикадан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жерлесіміз Алтынай Тәңірбергенова 64 келі салмақ дәрежесі бойынша күміс жүлдегер атанды. Жуық арада ғана жерлесіміз Гүлсая Ержан Астанада тұңғыш рет World boxing-тің ұйымдастырған Әлем кубогына қатысты. Зарина Толыбай бокстан 19 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Азия чемпионатында алтын медальді жеңіп алды.
Қазалы ауданында өткен жылдан бері аудан халқының игілігі жолында атқарылған жұмыстардың легі осындай. Алда атқарылар жұмыстар да ауқымды, мақсат-міндеттер де айқын. Оны іске асыруда ел Президентінің, Үкіметтің, сондай-ақ, аймақ басшысының қолдауын сезінеміз.
Жыл соңына дейін ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жақсарта түсу міндеті қойылған. Оның ішінде салық түсімдері көзін табу, инвестиция тарту, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді ұлғайту бар.
Тұрғындардың әл-ауқатын, өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар белгілі бір уақыт шеңберінде, яғни бір жылда немесе одан да аз мерзімде атқарылып бітпейді. Жоспар, қаржы, қолдау көп мәселенің түйінін шешеді де, жұмыс кезең-кезеңге бөлініп жүзеге асады. Бастысы – елдің тыныштығы мен береке-бірлігі. Алдағы уақытта да аудан экономикасының қарқынды дамуына қарышты қадам жасала бермек.
– Мейрамбек Зинабдинұлы, арнайы уақыт бөліп, біздің сауалдарымызға жауап бергеніңіз үшін алғыс айтамын. Тамыры терең, тарихы кенен Қазалы ауданының алдағы уақытта да өсіп-өркендей беруіне тілектеспін.
Сұхбаттасқан  Гүлжазира  ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр  бойы»
26 шілде 2025 ж. 337 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930