Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала еңбегін қанау тыйылмай тұр

Бала еңбегін қанау тыйылмай тұр

Әнеукүні таңертеңгісімен орталық базарға жергілікті ауылдардан келетін қызанақ, қиярды алуға барғанмын. Базар маңын жағалап келе жатып, 11-12 жас шамасындағы балаға көзім түсті. Анасына қолғабыс етіп, жеміс-жидек пен көкөніс сатып отыр екен. Жанына жақындап: «Қияр, қызанағың қаншадан болып жатыр, балақай» дедім. Ол сұрағыма мүдірместен: «200 теңгеден ғой. Қанша келі аласыз? Өлшейін бе?» деп саудасын жүргізудің қамын жасап бағуда. Оның осы бір әрекетіне сүйсінген мен одан біршама көкөніс, жеміс-жидек сатып алдым. Қайтар жолда ересектермен қатар еңбек етіп жүрген әлгі баланың бейнесі көз алдымнан көлбеңдеп кетпей қойды. Өзі сондай алғыр әрі пысық. Ата-анасына жәрдемші болып жүрген өреннің бұл іс-әрекеті кімге де болса үлгі, ой саларлық. Бірақ баланы ерте еңбекке араластырамыз деп олардың балалығын ұрлап жатқан жоқпыз ба? деген ойдың санада қылаң бергенін де жасыру мүмкін емес. Ендеше тақырыпты осы мәселе төңірегінде өрбітсек.
Бүгінде бала еңбегін қанау бүкіләлем бойынша ең өзекті мәселеге айналып отыр. Тіпті бұл біздің елде де кең етек алып, жиі көрініс табуда. Жалпы баланы шектен тыс еңбекке тарту оның әлеуметтік жағынан дамуына айтарлықтай әсер етеді. Көп жағдайда өзінің жас шамасына сай келмейтін ауыр жұмыстарға халықтың әлеуметтік осал топтарының, тұрмысы төмен отбасылардың балалары араласады. Еліміздің әлеуметтік зерттеу орталықтарының жүргізген мәліметіне сенсек, бүгінде ашық базарларда жұмыс жасайтын балалардың қарасы қалыңдап, саны артып жатыр. Бала еңбегін қанау сондай-ақ өндірістік және өндірістік емес орындарда көрініс тапса, тіпті қаладағы көлік жуу орталығы, ауыл шаруашалығы мен құрылыста да жиі ұшырасады.
Негізінен, әрбір тұлға кәмелеттік жасқа толғаннан бастап еңбекке қабілетті болып саналады. Ал Еңбек кодексі бойынша жұмысқа қабылдау үшін ең төменгі жас – 16 жас. Дегенмен 15-ке толған азаматтар орта білім беру орындарында білім алып жатса, онда ата-ананың немесе қамқоршысының жазбаша келісімімен арнайы еңбек келісімшарт арқылы жұмыс істей алады. Бірақ көбіміз бұл заңдылықтарды біле тұра қарама-қайшылыққа жиі жол беріп жатырмыз.
Жалпы «бала еңбегін қанау» деген ұғым қоғамда жиі айтылып жүр. Осы орайда көпшіліктен осы турасында пікір сұраған едік. Бүгінде бірнеше бала тәрбиелеп отырған ана Гүлзат Жұмағали бала еңбегін қанау сынды қоғамдық мәселеге бей-жай қарауға болмайды деп естептейді.
– Расымен қоғамда ата-ана өз балаларына шамадан тыс жауапкершілік артып, міндеттемелерді жүктеуде. Қала берді материалдық қажеттілігін өтеуге құлықсыз. Баланың тарапына жасалған осындай әрекеттер оның ата-анаға кіріптар болмай немесе қажеттілігін өзі қанағаттандыруына, ауыр жұмыс жасауына түрткі болады. Мұндай жағдайлар барлық отбасында бірдей орын алмаса да, бірақ жиі кездеседі. Баланы ерте жастан осылай жұмысқа итермелеу көбіне ата-ананың шарасыздығын не заңдық тұрғыда сауатсыз екендігін байқатады.
Сондай-ақ ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың дұрыс орнықпағаны, ата-ана өз баласының алдындағы міндеттемелерін дұрыс орындамауы да осыған себеп. Айтылған дүниелердің салдарының нәтижесінде бала еңбегін қаналып жатыр. Қоғамда жиі орын алып жатқан осындай келеңсіз оқиғаларды айналып өтпей, оның алдын алуға баршамыз атсалысуымыз қажет деп ойлаймын, – дейді балалар үшін алаңдаған ана.
Бала еңбегін пайдалану проблемасы күрмеулі мәселе десек те, онымен күрес ұдайы жүргізуді қажет етеді. Бұл сөзімізді Қазалы ауданы полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің Ювеналды полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Мархабат Бегалиева да мақұлдайды:
– Бүгінде еліміздің заңнамасында бала еңбегінің ауыр түрлеріне Конвенция негізінде шектеу қойылған. Сондай-ақ күрес жүргізу бойынша арнайы стратегиялар құрылып, жергілікті билік органдары, білім беру мекемелері және қоғамдық ұйымдардың көмегімен бірлескен жұмыстар жүзеге асырылуда. Соған сәйкес аудан көлемінде де кәмелетке толмағандар, жасөспірімдердің еңбек құқықтарын қорғау, оның ішінде олардың өмірі мен денсаулығына қауіпті еңбекке тартуға жол бермеу бағытында іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Атап айтар болсақ, аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобы, білім беру бөлімі, колледж әкімшілігі және еңбек саласындағы бақылау басқармасымен бірлескен арнайы топ Қазалы ауданында орналасқан көлік жуу орталықтары, кафелер, дәмханалар, компьтютерлік клубтар, май құю бекеттеріне рейд жүргізді.
Сондай-ақ жыл сайынғы жазғы демалыс қарсаңында 1-12 маусым аралығында «Бала еңбегін қанауға арналған 12 күн» ұлттық ақпараттық науқанында балалар мен жасөспірімдер арасындағы келеңсіз оқиғалардың алдын алу, конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіррмеу және нұқсан келетін жағдайларды болдырмау мақсатында онлайн кездесулер ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары өткізілді, – дейді. Ювеналды полиция тобының аға инспекторы.
Балалар еңбегіне қатысты дау бір демде шешілер мәселе емес. Оны болдырмас үшін әуелі әрбір ата-ана бала алдындағы міндеттерін айқындап, өзара қарым-қатынасты бекемдеуге дағдылануы қажет. Сондай-ақ өз отбасын әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз етуге маңыз беруі керек. Сонда ғана қоғамда тұрмыстың тауқыметінен тарыққан отбасы, еңбегі қаналған бала деген ұғым болмайды. Олай болса, бүгіннен бастап баршамыз баланың жанына салмақ, тәніне ауырлық түсіруден аулақ болайық.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
02 тамыз 2022 ж. 594 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031