Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұраты биік музей

Мұраты биік музей

Біз өткенге құрметпен қарап, тарихи құнды жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтауға міндеттіміз. Себебі, бұл – ұлтымыздың кеше мен бүгінін, болашақ игі мұраттарын сабақтастыратын баға жетпес қазына. Осындай игі қазыналарды жинап, ұқсатып, тарихқа тіл бітіріп, елдік мүддеге айналдыруды жүзеге асыратын музей қызметі қай кезде де маңызды. Ал Қазалы аудандық тарихи-өлкетану музейі туған жердің тарихын түгендеп, өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында үш жылдан бері қорын байытып, жүйелі
жұмыс жүргізуде.
Дәлірек айтсақ, 2014 жылы 8 тамызда аудан әкімдігінің қаулысымен Қазалы аудандық тарихи-өлкетану музейі мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын болып құрылды. Бір айдан соң жұмысын бастап кеткен болатын. Аудандық бюджеттен бөлінген тиісті қаражатқа музей көрме залының ішкі экспозициясы жасақталды. Сонымен қатар, музей 2015 жылы Қазалы аудандық Ғани Мұратбаев мемориалдық музейінен 4015 құнды жәдігерді өз теңгеріміне алды. Ал қазіргі таңда музей қорында 4393-ке жуық экспонат бар.
Музей өлке тарихын, табиғатын, экономикасын, археологиясын, архитектуралық ескерткіштерін, этнографиясын, тарихи деректер, естеліктер мен ескерткіштерін іздестіруді, тарихи маңызы бар құнды жәдігерлерді жинауды, зерттеуді, оларды қорда сақтауды мақсат тұтады. Осы үдеден шығу үшін музей экспозициясын толықтыру жұмысы үздіксіз жалғасуда. Музей қызметкерлері келушілердің ішкі сұранысын өтеуді, танымдық көзқарасын кеңейтуді міндеті деп біледі. Сондықтан, ұжымның ұйымшылдықпен атқарған ісінің бүгінгі нәтижесін айта кеткен жөн.
Музей залдары 114,4 шаршы метрді алып жатқан 3 залға орналасқан.
Бірінші залда, соның ішінде «Табиғат» бөлімінде ауданның жер бедері, ауа-райы, емдік қасиеті бар шөптесін өсімдіктер мен жануарлар дүниесі жөнінде баяндалады. «Этнография» бөлімінде қазақтың киіз үйі, ұлттық киімдер, шеберлердің қолынан шыққан ер-тұрмандар, зергерлік бұйымдар, ат әбзелдері, қару-жарақтар, ағаш ыдыстар мен мал терісінен жасалған бұйымдар қойылған. Сонымен қатар, билік еткен қазақ хандары, билері, батырлары туралы экспозиция орналасқан.
Екінші залда ауданның құрылу тарихынан бастап басқарған басшыларының фото-суреттері, құжаттары қойылған. Сондай-ақ, мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар, Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысының ардагерлері мен еңбеккерлері, қуғын-сүргін құрбандары туралы мұралар өлкені тануға негізделген.
Үшінші зал – Тәуелсіздік залы. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері, Ата Заңның және басқа да ірі тарихи маңызы бар құжаттардың қабылдануы, Елбасының Жолдаулары, сондай-ақ, аудандағы “100 аурухана, 100 мектеп” бағдарлама бойынша тұрғызылған ғимараттар, тәуелсіздік жылдарынан бергі өз өнімдерін халыққа ұсынып отырған кәсіпкерлердің жеткен жетістіктері, өңдірген өнімдері музей экспозициясында орын алған.
Осы музейдің ішкі жұмыстарының жүргізілуі барысында, музей жанынан қоғамдық кеңес бірлестігі құрылды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов бастаған азаматтар музейдің ішкі жұмыстарының жүйелі жүргізілуіне және ашылуына белсене араласты. Мұның барлығы – келешек ұрпақ үшін жасалып жатқан шаралар.
Қазалы аудандық тарихи-өлкетану музейі жақында Ұлыстың ұлы күні қарсаңында аудан әкімінің қатысуымен салтанатты түрде ашылды.
Музей – туған жердің асыл қазынасы. Ол жас ұрпақты, жалпы жұртшылықты туған елдің шежіресімен таныстыра отырып, оны қастерлеуге тәрбиелейді. Мұрағаттарды қорғау мен жинақтаудың астарында ізгіліктің жатқанын байқауға болады. Сондықтан, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай, біздің музей де өлкетану ісін өрге жүргізуде қызметін жаңа талаптар тұрғысынан атқаратын болады.
Сәкен ӘЛІШЕВ,
Қазалы аудандық тарихи-өлкетану
музейінің директоры.
03 сәуір 2018 ж. 2 220 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 107

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930