Әке аманаты

Жүрегіме жүремін орап алып, Салмасам да ат ізін жиі мұнда.
Шаһизада шайыр
Әкемнің балалық балғын шағы ақындар жырға, әншілер әнге қосқан, абыздар мен ержүрек батырлар дүниеге келген құт-берекелі топырақ «Мұрынқұмның» жиегіндегі «Кішіқұмда» өтеді. 1920 жылы сол ауылдағы Таңатар байдың немересі, Әбдібайдың баласына Орман деп ат қояды. Қазақ өлкесін басқарған Ф.И.Голощёкин елді индустрияландыру саясатын жүргізу салдарынан қазақтардың мал шаруашылығы күйзелген-ді. Елде ашаршылық, байлар мен қазақтың зиялы азаматтарына құдалау басталып, малдарынан айырылғандар жұтқа ұшырап, туған жерлерінен тарыдай шашырайды. Нәубетті жағдай Таңатар ақсақалды да айналып өтпейді. Бірде шабармандар Таңатардың қолын артына қайырып, соңына қайырлатпай алып кетеді. Ұлы Әбді қарсыласқанымен, шамасы келмейді. Кішкентай Орман шырылдап шырылдап, атасының шалғайына жармасты. Түрі өзге, көккөзді сарбаздар Әбдіні мылтық дүрбісімен ұрып, құлатаы. Көріністен немересі шошымасын деген қария Орманды қорқып кетпесін деп сабырлық сақтайды. Кейін білді. Таңатарға құрмет тұтатын ақсақалдар сатқындық жасап, «бай» деп, қызылдар жағына шығып ұстап беріпті. Әбді де халық жауы, бай баласы деп қудаланады. Атасы мен әкесінен бірден бірден айырылған жас бала мен анасы Мырзахан нағашысының қолында болады.
Ұзамай қызыл жандарымдары жылағанына қарамай, анасын ұрып, соғып алып кетеді. Анасының: «Орманым» деп жан ұшырғаны, әскерилердің «Байдың күшігі» деп оны итеріп жіберген сол күн Орманның есінен ешқашан шықпайды. Осындай бұралаңмен өрген өмір оны ерте есейтеді. Әлі буыны қатаймаған бала ауыл сыртындағы сыпырындыға паналап жүреді. Бір жолы түйеден мертігіп, оң қолын сындырып алғанында өзінің жалғыз қалғанын сезініп, қиналады.
Жасы жетіге жеткенше атасынан имандылықтың әліппесін жаттап өседі. Оны нағашысы Шалқар ауданының «Қарашоқат» елдімекеніндегі балалар үйінің мектеп интернатына алып барады. «Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» деп халық текке айтпаған. Мырзахан мен «Гупкомның» қызметкері Орманның құжаттарын «кедей отбасынан шыққан» деп толтырады. Он жастағы бала жасын екіге жылжытып, интернатқа қабылданады.
Орналасқаннан кейін таза төсек, тамақ, киім бәрі тегін. Әкеміз сол интернатқа орналасқан күннен бастап, жақсы оқыды, өте тәртіпті үлгілі оқушы болды. Өзіннен кіші балаларға көмектеседі. Әкеміз интернат қабырғасында өзіне жақсы балаларды жинап алып, тәртібі нашар, бұзық балаларға қарсы тұрды. Интернат басшылар, ұстаздары өте жақсы көрді. Интернатта 2 жылдан кейін «учсовет» болды. Сатқын, ұры бұзық балаларға қарсы тұрамын деп жүріп, өзіне қастандық жасайтын бұзық балалар болады. Ақыры интернатқа шыдамай, қашып кетеді. Құжаттарын белгісіз бір жан қолына әкеліп беріпті. Қашқан бала Ақмешітке жол тартамын деп, Қарашоқаттан отарбаға мінеді. Қарашоқатта 4 жыл тәрбиеленіп, жақсы мен жаманды айыра алатын болады.
Ақмешітке жеткенінде қала Қазақ КСР-нің астанасы еді.
Су іздеп жүргенінде, екі жігітке жолығады. Олар өздерінен қорықпау керектігін, жамандық жасамайтынын айтады. Бұл екі жігіт те жетім балаларға қамқорлық жасайтын Кеңес үкіметінің жастары еді. Тамақ алып беріп, сөйлесіп, мән-жайды сұрады. Жағдаймен танысып, Қызылордадағы балалар үйіне әкеледі.
Орман бұл жерде, жат нәрсе көрмей, белсенділікпен қоғам жұмысына араласады. Комсомол мүшесі етіп қабылданды. Қарашоқаттағы тәртібін саралаған балалар үйінің шаруашылығы бөлімін тапсырады. Орыс тіліне шорқақтығын біліп, қосымша білім береді. 1937 жылы №1 Макаренко атындағы Қызылорда қалалық балалар үйінің түлегі, Шалқар ауданындағы балалар үйіне меңгерушілікке жіберіледі. Небәрі 17 жасында тізгін ұстаған әкем үш жылдық балалар үйінің директорлығын абыроймен атқарады. Бұдан кейін әкем Арал ауданындағы «Фабрико-заводский училищенің» директорлығына тағайындалады. ФЗУ-ды, Қызылорда қаласындағы төрт айлық «Рабфак»-ті үздік бітіреді.
1939 жылдан – 1941 жылға дейін Қызылорда педагогикалық училищесінде оқиды. 1942 жылдан бастап Қызылорда облысында педагогикалық өтілі басталады. Қазалы ауданына қарасты «Бекбауыл» стансасындағы бастауыш мектебінде, Ақшатау мектебінде, 1947-1950 жылдары «Ақбөгет» жеті жылдық мектепте, 1950-1952 жылдар «Қызылжар» мектебінде, 1952-1953 жылдары «Жыланды» мектебінде, 1953-1958 жылдары «Жаңатал» мектебінде директорлық қызмет атқарады.
1955 жылдары қудалауға түседі. Партия қатарынан шығарылады. 1958 жылы Қазалы ауданына қарасты Карл Маркс сегіз жылдық мектебіне ауысады. 1975 жылға дейін 16 жыл мұғалім болады.
Әріптесі жәні жары болған анамен 1944 жылы бас қосады. Өмірге Матығұл, Майра, Қуанышкүл есімді балалар келеді. Қайда жүрсе де әкем өзінің ұстамды, мұғалімге тән қасиетімен сыйлы, беделге ие болады.
Анам да өте сабырлы, жоққа жасымаған, барға тасымаған, бар мақсаты жарын сыйлап, балаларының тәрбиесіне көңіл бөлген жан еді. Ол кісі әкеме туған жері «Кішіқұмға» бару жайлы үнемі ой тастап отырады. Мұны үлкен ұлы Мәлік те қоштайды. «Жасыңыз болса келіп қалды, біз де ер жеттік. Ағайын-туыс керек. Туған жерге ағайын туысқа барайық», – деп әкесіне өтініш айтады. Әкем қазіргі Бекарыстан би ауылында ұзақ жыл қызмет етіп, бірнеше шәкіртті біліммен сусындатқан.
Қанша қимаса да қырық жыл өткенде кіндік қаны тамған, туған елінен жырақ жүрген азамат Шалқар ауданы, Тоғыз совхозының Мұрынқұм бөлімшесіне көшіп келеді. 1975 жылы 1 қыркүйегінде Шалқар ауданы, Тоғыз совхозының бөлімшесі елді мекенің бастауыш мектебінде меңгеруші болып орналасады.
1977 жылы әкесіне үлкен ескерткіш қойып, ас береді.
1979 жылдың күзінде ауыр науқасқа шалдықса, 1980 жылы 9 қаңтарда дендеген дертінен арыла алмай, өмірден өтеді. Бейнеттің зейнетін көре алмаған әкеміздің мол мұрасы – өнегелі жолы, ұрпақтары мен шәкірттері еді. Тағылымды тәрбие алған ұл-қзыдары үлгілі отбасының ұйытқысына айналды. Үлкені Мәлік халық қажетін өтейтін жұмысшы болды. Рабиға атты келіншегі екеуінен 4 бала, 5 немере көріп отыр. Шілікті ауылының құрметті азаматы. Кенже баласы Еркебұлан мен келіні Мөлдір ата жолын қуған ұстаздар.
Малкаждар да еңбекті сүйген ер. Жалағаш ауданында тұрады. Жары Шолпан екеуі 3 бала, 9 немере, 3 шөбер көріп отыр. Балалары кәсіпкер, заңгер.
Матығұл Алматыда ажал құшты.
Үйде Мәлікпен қалған анама Дариға қамқор болған. Қарағандыдағы медициналық колледжін бітіріп, Байқоңыр қаласындағы әскери емхананың хирургия «Мұрынқұм» медпунктінде, Қызылорда қаласының өкпе ауруханасында, Алматы, Қызылорда қалаларының қарттар үйінде жұмыс істеді.
Қазір Алматы қаласында тұрады. Дархан атты қызы қаржыгер.
Матығұл Жезқазған қаласындағы медучилищені бітірген соң Совет Армия қатарына барып азаматтық борышын өтейді. Кейін Алматыда, Мәскеуде санипед стансада қызмет етеді. 1982 жылы Айымхан атты «Мұрынқұм» медпунктінде меңгеруші болып істейтін қызға үйленеді. 4 бала, 13 немересі бар.
Матығұл 1994 жылдан бастап, «Орман» атты жеке қожалық ашты.
Оның сондай-ақ өлең жазуға қабілеті бар. «Біз жетеуіміз» атты шағын өлеңдер жинағының авторы. Дәрігер, кәсіпкер, ақын, психолог сынды бірнеше саланы бір арнаға тоғыстырып жүрген жан-жақты жан.
Бірнеше рет алғыс хаттармен марапатталған. 2015 жылы Пирогов атындағы медалмен марапатталды. Қазақстан Республикасының алтын кітабына енгізілді. Жоғарғы дәрежелі фельдшер.
Майра – Қызылорда медучилищесінің түлегі. Ресейдің Орск қаласында тұрады. Алмағанбет деген жігітке тұрмысқа шықты. Екеуі де кәсіпкер. Екі баласы, екі немересі бар.
Қуанышкүл – ең кенжеміз. Қарағандының сауда институтын бітірген. Қызылорда облыстық сауда басқармасында жұмыс істеді. Қазір Алматы қаласында тұрады. Бота есімді қызы бар. Жоғары білімді, кәсіпкер.
Биыл әкеміздің өмірден өткеніне 45 жыл болыпты. Оның жүрген жолы туралы 2016 жылы «Перзент сағынышы» деген кітабым жазып, шығардым. Естелік жазба жоғарғы бағасын алды. Әкеме арнап Үрмаш Түктібаев атындағы №88 мектептен арнайы сынып ашу ісі қолға алынып отыр.
Қазір жасым 80-ге таяп қалды. «Жақсының өзі кетсе де, ізі қалады» деген осы шығыр.
Малика ОРМАНҚЫЗЫ,
қызы