Жан азығы
Мемлекет басшысының бастамасымен биыл алғаш рет Қазақстанда Ұлттық кітап күні аталып өтті. 2024 жылы Ұлттық құрылтай отырысында жарияланған бұл шешім – жеке тұлғаның дамуындағы кітаптың рөліне қоғамның назарын бұруға, сондай-ақ жоғары оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Мерекелік күнге дайындық аясында 2025 жылғы 14-18 сәуір аралығында EGOV mobile платформасында азаматтар арасында сауалнама жүргізіліпті. Нәтижесінде сауалнамаға еліміздің барлық өңірінен 46 190 адам қатысқаны анықталған. Қазақстандықтардың басым бөлігі тұрақты түрде кітап оқитыны белгілі болды. Социологиялық деректер қазақстандықтар кітап оқуды негізінен – білім және ақпарат алу үшін пайдаланатынын көрсетеді. Ерлер мен әйелдер өздері үшін әртүрлі жанрларды таңдайды екен. Ер-азаматтар көбіне – тарихи кітаптар, сонымен қатар ғылыми және кәсіби әдебиеттерді дұрыс көрсе, нәзік жандар – шытырман оқиғалар, махаббат туралы романдар, детективтер, сонымен қатар психология, өзін-өзі дамыту туралы кітаптарды ұнататыны сауалнама негізінде байқалған. Сондай-ақ оқырмандардың 50.8 проценті кітапты дәстүрлі қағаз форматында оқитыны да белгілі болған. Бізде өз оқырмандарымызға бірнеше сауал жолдап, ой-пікірлерін білдік.
– Ең алғаш 6-сынып оқып жүргенімде «Чипполинаның басынан кешкендері» деген кітапты оқыдым. «Ол кім, бұл не? деген энциклопедияны да оқушы кезімде тауыстым. Одан кейін әр кезеңде бірнеше кітап оқыдым. Соңғы жылдары өз деңгейімді дамыту бағытында мотивациялық кітаптарды көп алдым. Қазір көркем әдеби шығармаларды қайтадан оқып жатырмын. Отбасы хрестоматиясы сериясымен шыққан кітаптарды балаларыммен, оқушыларыммен бірге оқыдық.
Биыл алғаш рет аталып өткен ұлттық кітап күнін халық арасында кеңінен насихатталды. Өзім мереке күні керемет іс-шараның куәсі болып келдім. Оқушыларға да ерекше әсер қалдырды.
Кітап – ұрпаққа мирас болатын ұлы қазына. Әр бетінде – тарих, әр жолында – тағылым. Оқыған сайын ой тереңдеп, жүрек нұрланады. Кітапты бір күнде насихаттаса да артықтық етпейді. Мұғалім ретінде оқушыларды кітапханаға үнемі бағыттап отырамын десем, артық айтқандық емес. 8-сынып жетекшісімін. Кітапханамен тығыз байланыстамыз. Әдеби кітаптарды оқып, талдау да жасаймыз.
Сондай-ақ мен үшін кітап – сыйлықтың төресі. Жуырда Шымкенттен келген сыйлы қонағымызға немеремнің тұсауын кестірдік. Ол кісінің сөз саптауы, әсерлі әңгімесінен кітап оқуға деген құмарлығын байқап қалдым. Сөйтіп үйдегі өзім жақсы көріп оқыған Жанқожа баба туралы кітапты сыйға ұсындым. Қатты қуанып қалды. Кітаптың қадірін ұққан ол кісіге біз де дән риза болдық.
– Ұлттық кітап күніне орай Астана қаласында ұйымдастырылған республикалық шара аясында «Уақыт және кеңістік ағымындағы кітапхана» республикалық жастар конвентіне Қызылорда облысы бойынша қатысу мен үшін үлкен мәртебе және жас маман үшін үлкен тәжірибе болды. Бұл шара кітаптың қоғамдағы рөлін, оның жастар тәрбиесіндегі маңызын тағы бір мәрте айқындап берді. Әдебиет пен руханиятты ұлықтаған жиында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған кітапханашылармен еркін пікір алмасып, ерекше әсер алдым.
Шара аясында ұйымдастырылған кітап көрмелері мен әдеби кездесулер рухани байып, шабыттануыма ықпал етті. Осындай игі бастамалар кітап оқуға деген қызығушылықты арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге зор үлес қосатыны сөзсіз.
Менің ең алғашқы оқыған кітабым С.Мұқановтың «Ботагөз» романы болатын. Сол сәттен бастап кітаптың өмірді түсіндіретін құрал екенін ұқтым. Көбіне адамның ішкі әлемін зерттейтін еңбектер мен өмір мәні туралы ой қозғайтын кітаптар маған ерекше жақын. Өзім кітапханашы болған соң барынша өз балаларымды кітапқа тартамын. Бірақ қазіргі балалар көбіне «Хәрри Поттер», «Кішкентай ханзада», «Бақа мен Қоңыз» сияқты ертегі кітаптарды қызығып оқиды. Ал кішкентайлар үшін – Ыбырай мен Абайдың балаларға арналған қарапайым өлеңдері таптырмас дүние дер едім.
Кітап – ұлт рухының айнасы. Ұлттық кітап күнін бекіту – руханиятқа жасалған үлкен қадам. Бұл күнді кітапханадағы ашық есік күндерімен бастап, кітап жәрмеңкелері, автормен кездесу, оқушылар арасында «үздік оқырман» сайысы өткізілсе, теледидарда қазақ жазушылары туралы деректі фильмдер көрсетілсе деп ойлаймын.
– Алғаш рет он бес жасымда колледж қабырғасында оқып жүргенде әдебиет пәні мұғалімінің тапсырмасымен Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» атты романын оқыдым.
Көбіне әдеби кітаптарды оқығанды жақсы көремін. Балаларыма да ақын-жазушылардың әңгімелері мен аңыздарын жиі оқып беремін. Балаларымада жиі кітап оқуға кеңес беремін. Ертегі жыр-дастандарды оқиды. Биылғы 23 сәуір ұлттық кітап күні болып жарияланғанына қуаныштымын. Ұлттық рухани мұрамыз кітаптың атаулы күні болғаны мені шаттыққа бөледі. Бұл күнде ел болып үлкен іс шаралар өткізіп, жас жеткіншектерімізге ұлттық мұра кітапты құнды дүние етіп қалдыруымыз керек деп ойлаймын.
Кітап – адамзат жанын тәрбиелейтін, үндемей-ақ көп нәрсені үйрететін нағыз ұстаз. Миды тынықтырып, тіл байлығыңның артуына пайдасы зор. Кітапты көбіне қағаз форматта оқимын. Ара-тұра әлеуметтік желілерде жарияланған қысқа әңгімелерді көзім шалып қалса, ұялы телефон арқылы да оқып отырамын. Кітаптың керемет дос, асыл қазына екенін құр сөзбен айта бергеннен әр адам өзінен, отбасынан, балаларынан тұрақты кітап оқу дәстүрін қалыптастырғаны жөн деп ойлаймын.
Әзірлеген
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА