Шығыны аз, өнімді іс

2021 жылы кәсіпкерлік грант ұтып алып, арманын іске асырған Эльмира Құрмановаға жолдасы Оразбек Шманұлы да үлкен қолдау білдірген. Сол кезде Ресейден жеткен небәрі 1 айлық лақтар бүгінде бірнеше қазақстандықтың малдың осы түріне қызығушылығын оятып, кәсібін кеңейтуге мұрындық болған.
Алғашқылардың бірі болып осы үйден асыл тұқымды лақ алған бауыры Бақыт бүгінде кәсібін дөңгелетіп, табиғи өніммен отбасын қамтып отыр.
«Ешкі бағу ісін бастамас бұрын саланы ұзақ зерттедім. Ол кезде ісім тәуекелге бас тігу еді. Ауданда жоқ төлді күту, жерсіңдіру оңайға соқпады. Түп-тамыры сонау Альпі тауынан тараған альпи тұқымды лақтар туралы ізденісті жетілдіруге тура келді», – деп бастады әңгімесін Эльмира.
Альпілер аптап ыстықта да күтімді қажетсінеді. Ал күн суықта жүні тықыр болғандықтан, тез тоңады. Жылқылар сияқты текті жануар генетикалық түзілісті дұрыс сақтау арқылы көбейеді. Жем-шөбі бақыланып, қауіпсіздігі қадағаланады. Ветерианарлық тексеруден тұрақты өтіп тұрған олар вакциналарды да уақытылы алып тұрады. Тазалықты сүйетіндіктен, қораларды да залалсыздандыру маңыздылығын білдік.
«Күніне бір ешкіден 3-4 литр аламыз. Жайылымымыз жоқ. Егер жағдайы болса, мұнан көп сүт беруге қауқарлы. Артықшылығы – азықтанған азығының 90 проценті сүтке айналады. Ұсақ мал жылына екі рет төлдей алады. Бірақ біз бір рет қана төлдетеміз», – дейді кәсіпкер.
Күніне екі рет сауылатын сүтті сұраушылар көп. Ешкі сүтінің ана сүтіне жақын құнарлылығын бүгінде ғылым дәлелдеген. Әлемнің жетекші косметика кәсібімен айналысушылар сүттің бұл түрі ағзаны жасартып, өлі клеткаларды қайта түлетуге көмектесетінін айтып келеді.
Ай-күні жетпей туғандарға ешкі сүтін беру халық қолданысында ертеден бар. Қазалылық альпілердің сүті қарапайым ешкілерден әлдеқайда майлы, құнарлы. Науқас, әлжуаз балалары барлар күнделікті кезекте тұрады. Соңғы уақытта онкологиялық ауруларға шалдыққандар, асқазан, ішек жолдары бұзылысына тап болғандар жиі тұтынып жүргенін естідік. Аты-жөнін атамауды өтінген кент тұрғыны созылмалы ауыр дертті жеңуіне осы асыл тұқымды ешкілер сүті септескенін айтады.
«Шайға қатамыз. Иісі жоқ, қою. Ауысса, сары ірімшік, ақ ірімшік, бринза, айран, қатық әзірлеймін. Бірақ тапсырыс берушілер ол мүмкіндікті көп тудыра бермейді. Көбіне жасанды ана сүтін алмастырғыш қоспалардан аллергияға тап болғандар келіп жатады», – дейді кейіпкеріміз.
Бақпадағы мүйізділер отбасының жақындарына айналып кеткенін аңғардық. «Құттықыз», «Ақбұлақ», «Сүттіқыз» деп аттарын атағандары сол еді, әрбірі еркелей басып, иесіне жақындай түсті. Оларды баладай баптай білген келіншек әлі сойып көрмегенін, тек төлін кәсіп қылып сататынын айтты.
«Асыл тұқымды мал ұстау – бизнестен гөрі, хоббиім», – дейтін Эльмира Жұмабайқызы әрқашан ісін жаңадан бастаған жандарға ақыл-кеңесін айтудан жалыққан емес. Алда шығыны, бейнеті аз, өнімді істі одан әрі өрістету ойында бар.
Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ