Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Табысқа кенелткен асыл тұқымды түлік

Табысқа кенелткен асыл тұқымды түлік

Қ.Пірімов ауылының тұрғыны Ләззат Бекназар асыл тұқымды швейцариялық заанен ешкісін өсіруде. Өзгелерден ең алдымен сүттілігімен ерекшеленетін ешкіні алуға мемлекеттік бағдарламаның септігі тиген. Ләззат Қуанбекқызы 2019 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, осы кәсібін бастап кеткен.
– Өзім ауылдық жерде тұрғандықтан жас кезімнен малдың жайын жақсы білемін. Сондықтан да, асыл тұқымды ешкі өсіруге ерекше қызығушылық таныттым. Өйткені, Швейцарияның Заанен өлкесінен тараған заанен тұқымдас ешкі ең алдымен, сүттілігімен ерекшеленеді. Ал, ешкі сүтінің адам ағзасына тигізер пайдасы мен емдік қасиеті мол екені көпке мәлім. Тәулігіне 3,5-4 литрге дейін өнім беретін ешкінің сүті де қымбат, – дейді ауыл тұрғыны Ләззат Бекназар.
Бүгінде Ләззат Бекназар грант арқылы қол жеткізген 700 мың теңгеге асыл тұқымды заанен ешкісінің 4 төлін алған. Жоба бойынша алынған малға қол жеткізген соң кәсіпкерге жем-шөп алу үшін қосымша 75 мың теңге қаржы берілген. Мұның өзі кәсібін енді бастаған жан үшін таптырмас көмек.
Қазіргі таңда сатып алған асыл тұқымды ешкілер төлдеп, мал басы біршама көбейген. Яғни, 30 басқа дейін жеткен.
– Басында кәсіпті қолға алмас бұрын интернет арқылы осы ешкі тұқымын бақылап, зерттедім. Өте қызығушылығым артты. Себебі, өзімнің ата-анам ес білгелі мал асырап, баптайды. Сыртта төрт түліктің басын көбейтуде. Мен сіңіліммен бірге 6-сынаптан бастап, он сиырды сауып, оны пісіріп, айран ұйыта беретінмін. Сосын оны күбіде пісіп, құрт қайнатуды және май алуды білетінмін. Сондықтан да маған малдың жайы, оны күтіп-баптау қиынға соқпайды. Негізгі жұмысыммен қатар, үйдегі шаруаны бітіріп, осы ешкілерім мен сиырларымды сауып, айран ұйытып, құрт жасап, сатуға қоямын. Мал басы көбейіп, жем-шөбінің қымбаттауына байланысты жиырмадан аса басын сатып жібердім.
Қазір қорамда 5-6 басы ғана бар. Бұл заанен тұқымы сүтті және егізден, үшемнен бес айда төлдейді. Жылына екі рет буаз болады. Жақында Қызылордада ұйымдастырылған «Әйелдер форумына» қатысып келдім. Негізінен, мұндай басқосулардың пайдасы мол. Себебі тәжірибемен алмасамыз. Білмегенімізді толықтырып, білгенімізбен бөлісеміз. Соның нәтижесінде шиелілік кәсіпкер келіншекпен таныстым. Ол нубиский ешкі өсіруді қолға алған. Бұл тұқымның төлдері сүтті заанен түрінен де иол береді. Бірақ бұл ешкілер суыққа шыдамсыз екенін білдім. Сондықтан осы тұқымның текесін алуды жоспарлап отырмын. Қолымдағы зааненмен будандастыруды көздеудемін, – дейді Ләззат Бекназар.
Ләззат Қуанбекқызының айтуынша, заанен ешкісін ұстағаннан бері оның өнімдерін сатқаннан бөлек, өзі де отбасымен бірге қолданады. Сүтін таңнан ішіп алғанда кешке дейін тоқтықта жүресің. Құрты дәмді, әрі майлы, кеуіп тұрмайды. Ал нубилық ешкі сүтінің дәмі заанендікінен де ерекшеленеді екен. Оның сүтінің дәмі тіптен тіл үйіреді дегенді алға тартты. Жалпы, осы ешкілерді ұстағалы қан қысымы көтерілуін доғарған. Асқазан, ішек жолдары жақсарған. Ағзаның зат алмасуы жақсарып, күш-қуаты жоғарылаған. Бұған қоса, иммунитет көтерілген. Сондықтан бұл төлдің сүті жоғары бағаланады. Сонымен қатар, ауылдан тыс, Қазалы қаласынан және Әйтеке би кентінен тапсырыстар түсіп, тұрақты тұтынушылары көбейген. Алдағы уақытта қолға алған кәсібін дөңгелетіп әкету үшін өз қаржысының есебінен тағы да нубилық ешкі тұқымын да алуды көздеп отыр.
– Ежелден мал баққан халқымыз ешкіні төрт түліктің қатарына қоспаса да қадірін
жақсы білген. Себебі ешкі ерекше күй талғамайды, әрі қойға қарағанда тез
көбейеді. Бұған қоса ешкінің сүті де, еті де шипалы қасиетке ие. Жалпы ешкінің
сүті мен етінің қасиетін түсінген дамыған елдер бұл істі бір ізге қойған.
Швейцарияда туберкулез, қан аздық, рахит, буын, тері ауруына шалдыққандарды
әу бастан-ақ ешкі сүтімен емдеген. АҚШ секілді дамыған мемлекеттер ешкі сүтін
жас нәрестелерге беру үшін арнайы дайындайды. Сондай-ақ ешкі өсіріп, одан
тәуір табыс тауып отырған елдердің де қатары көп.
Заанен ешкісінің сүті мың да бір ауруға ем екен. Ерекше химиялық құрамына сай ешкі сүтін пайдалы тағам өнімдеріне жатқызуға болады. Ешкі сүті халықтың тұтынатын өнімі ретінде әртүрлі жастағы адам арасында пайдаланылуымен қатар, әртүрлі аурулардың алдын алу үшін де тиімді. Ешкі сүтіндегі май түйіршіктері сиыр сүтіне қарағанда сіңімді, сондықтан да, адам ағзасына түскен ешкі сүті тез қорытылып, сіңетіндіктен, әлсіреген ағзаға өте пайдалы. Сонымен қоса, ешкі сүтінің құрамында калийдің мөлшері өте мол. Сүт құрамындағы бұл элемент әлсіреген ағзадағы жүрек қантамыр жүйесі жұмысына өте қажет. Қатерлі ісік дертіне, сондай-ақ, аллергияның кезкелген түріне пайдалы. Яғни, сапалы және мол мөлшерде ешкі сүтін өндіру үшін азықтандыру технологиясын жетілдіру қажет, – дейді кәсіпкер.
Кейбір зерттеушілердің пайымдауынша, ешкілердің сүт өнімділігіне, сүттің құрамы мен қасиеттеріне генетикалық және әртүрлі паратиптік фактор әсер ететіндігін анықтады. Атап айтқанда, жануарлардың жасы мен физиологиялық жағдайы, лактация кезеңі, жыл мезгілі, күтіп-бағу параметрлері, азықтандыру деңгейі мен пайдалылығы, сауу технологиясы және тағы басқа факторлардың әсер ететіндігі анықталған. Ешкілердің сүт өнімділігіне азықтандыру сапасы мен деңгейі, әсіресе, азық құрамындағы ақуыз деңгейі өте әсер етеді. Алайда, азық ақуызы ең қымбат құрамдас бөлігі болып табылғандықтан, қол жетімді азық қорын іздеу және азықты тиімді пайдалану өзекті мәселе болып табылады. Сондықтан, шаруашылықтағы ешкі басын көбейтіп, сүт өнімділігін арттыру үшін оларды дұрыс азықтандырудың маңызы зор. Тек, дұрыс азықтандырылған жағдайда ғана малдардың, оның ішінде, ешкі малының денсаулығы сақталып, жоғарғы өнімділігін көрсете алады.
– Сол себепті, бұл істі қолға алмас бұрын әбден зерттедім. Сол кезде адам сенгісіз оқиғаларға өз көзіммен куә болдым. Талай жыл ауырып жүрген жандар ешкі сүтін ішкен соң дертінен айығып, аяққа тұрып кеткен. Сондықтан да, бұл жануардың өнімі қымбат тұрады. Өзім қорада азын-аулақ мал ұстап, сиыр сауып отырмын. Оның сүтінен бастап, құрт-майға дейін базарға өткіземін, – деп Ләззат Бекназар алдағы жоспарымен де бөлісті.
Еңбекқор кәсіпкер Қазалы ауданындағы Қ.Піріміов ауылында орналасқан Қ.Күлетов атындағы №92 орта мектепте тарих пәнінен сабақ береді. Көпбалалы отбасы қатарындағы ана құтты шаңырағында бес баланы тәрбиелеуде. Мал шаруашылығынан бөлек, жеке азық-түлік дүкені де жұмыс істеп тұр. Қолынан тоқыма тоқу, жүн түту мен оны иіру, тігін тігу келеді. Көпбаланың мәліметінше, ол әрбір ешкісіне арнайылап есім қойған. Әрқайсысын өз есімімен атап шақырады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
06 сәуір 2024 ж. 184 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031