Мәңгілік жастықтың жарық жұлдызы

Шығыс жастарының көсемі атанған Ғани Мұратбаев Қазалының қасиетті топырағында, қазіргі өзінің атымен аталатын ауылда Мұратбай болыс шаңырағында 1902 жылы 3 маусымда дүниеге келді.
Жастайынан білімге құштарлығы мен әділетсіздікке қарсы күрескерлігімен ерекшеленді. Әкесі Мұратбай Ғани төрт жасқа келгенде қайтыс болады. Анасы Бәтима баласының зеректігін байқап, оны тоғыз жасында Қазалы қаласындағы орыс-түзем мектебіне берді. Мұны бітіргеннен кейін, 1914-1917 жылдары бастауыш училищеге (қазіргі Қазалы қаласындағы №16 мектеп) оқуға түсті.
1916 жылы анасы, ұзамай қарындасы қайтыс болады. Бұдан кейін ол әкесінің інісі Салықбайдың тәрбиесінде болды. Ғаниды оқуға деген ықылас–ынтасын білетін Салықбай сол жылдардағы депо бастығынан «Ғани теміржол семьясынан» деген анықтама алып береді. Білімге құмартқан Ғани 1918 жылы Ташкентке келіп, Қазақ – қырғыз училищесіне оқуға түседі. (Бұл училище 1920 жылдан Халық ағарту институты болды).
1920 жылы Верныйда педагогикалық курстың тыңдаушыларына сабақ берді. Ол тек оқытушылық қызметпен ғана шектелмей жергілікті жастар арасында түрлі саяси жұмыстарды ұйымдастыруға атсалысты. Түркістан Комсомолы Орталық Комитетінің қазақ-қырғыз жастары арасында жұмыс ұйымдастыратын Бюросының төрағасы болып сайланды. Түркістан комсомолының өкілі ретінде Орынбор қаласында өткен Қазақстан комсомолының бірінші съезіне қатысты.
1921 жылы 22 наурызда Ғани Мұратбаевтың бастамасымен Ташкент қаласында Түркістан Республикасы Комсомолының үні – «Жас Алаш» газетінің тұңғыш нөмірі жарыққа шықты. Бұл Алаш жұртының рухани өмірінде, баспасөз тарихында мәңгілік есте қалар оқиғаға айналды. Осы жылы Ғани Мұратбаев РКЖО - ның IV съезіне делегат болып қатысты. Тамыз айының соңы мен қыркүйек айының алғашқы күндерінде өткізілген Түркістан комсомолының III съезінде Ғани Мұратбаев Орталық Комитетке мүше және ұйымдастыру пленумында Түркістан Комсомолы Орталық Комитетінің жауапты (бірінші) хатшылығына сайланды.
1922 жылы Коммунистік партия қатарына кандидаттық мерзімсіз қабылданды. Мамыр айынан бастап РКЖО (Ресей Коммунистік жастар Одағы) Орталық Комитетінің Орта Азиялық бюросы құрылып, Ғани Мұратбаев бюро мүшесі және хатшысы болып сайланды. Осы жылы Орта Азияда еңбекші жастар арасындағы қозғалысты дамытудағы зор еңбегі үшін Хорезм Республикасының «Қызыл Еңбек» орденімен марапатталды. Қыркүйекте Түркістан Республикасы Комсомолының IV съезін өткізуге атсалысты. Қазан айында өткізілген РКЖО - ның V съезінде Балтық теңізі Флотын комсомолдық қамқорлыққа алған Орталық Комитеттің президиумы мен комитет мүшелерінің қатарында Ғани Мұратбаев та «Құрметті теңізші» атанды.
Ғани 1924 жылы РКЖО - ның VI съезіне делегат болып қатысты. Шілдеде жер жүзілік Коммунистік Жастар Интернационалы (КИМ - нің) IV конгресінде Атқару Комитетінің мүшелігіне сайланды. Қыркүйек айынан өмірінің соңына дейін Коммунистік Жастар Интернационалының Шығыс Жастары бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды.
1925 жылы 15 сәуірде ол Мәскеу қаласында ұзаққа созылған ауыр науқастан қаза табады. Ғанидың денесі Мәскеудегі Ваганьков қорымына 128 орынға қойылады. Оны ақтық сапарға 15 мыңға жуық мәскеулік жастар, 200-дей Балтық флотының матростары шығарып салады. Оған сол тұста Мәскеуде білім алып жүрген қазақ-қырғыз жастары түгел қатысады. Оның есімі қазақ жастарының тарихында мәңгілікке қалды. Бүгінде Қазақстанның көптеген қалаларында оның атындағы көшелер, мектептер мен ескерткіштер бар.
Ғани Мұратбаевтың еңбегі – тек өткеннің тарихы емес, бүгінгі ұрпаққа сабақ. Ол жастардың білімді, белсенді және отансүйгіш болуы керектігін өз ісімен дәлелдеді.
Бүгін біз Ғани Мұратбаевты еске ала отырып, оның істерін жалғастыру – біздің міндетіміз екенін ұмытпауымыз керек. Жастар – келешектің кепілі, ал Ғани Мұратбаев – сол келешекке жол ашқан ұлы тұлғалардың бірі.
Ақерке БЕРДІБАЙ,
Ғани Мұратбаев мемориалдық музейінің
ғылыми қызметкері