Келіннің ақылы

Келіншекке көзі түскендер көп екен. Бір күні сол ауылдағы бай әрі болыс қаралы келінді тоқалдыққа күштеп әкетпек болып, жанына нөкерлерін ертіп келіпті. Үй иелері болысқа бір ақсарыбас қой сойып, қонақ етеді.
Ас әзірлеріп жатқанда, енесі өздерінің шарасыздығын айтып, ошақ басында жүрген келініне болыстың ниетін жеткізеді. Сонда жас келін: «Апа, еш алаңдамаңыз. Болыс ел басқарып отырған есті кісі. Айтқаны заң, елі екі етпейді. Алайда ол да жұртын тыңдайды. Ас жегеннің аузы жұмсақ болады. Болысқа ұсынатын асты мен дайындайын. Сіздер сыр білдірмей, әңгімелесіп отыра беріңіздер», – дейді.
Қариялар қонақтармен әңгімелесіп отыра береді.
Ас піскен уақытта, келін астау толы етті қонақтардың алдына әкеліп, дастарқанға қойып, далада жүрген ұлын шақырып, қонақтан бата сұратады. Ес біліп қалған 4-5 жастағы ұл:
«Ұлық ата, адал асқа берші бата,
Сіз келдіңіз-ау пайғамбар жасқа.
Сіз салған жолмен халық жүрсін,
Кетпесін бұл өмірде ешбір қата», – деп бата сұрапты. Алдына тартылған табақты көзінің қырымен шолып өткен болыс астаудағы асқа бір қарап, келінге бір қарап:
«Ішпес жерде су бар,
Жемес жерде ас бар.
Астау толы аста,
Ақыл жетпес сыр бар.
Жұмбағын шеше алмас,
Бір жұмақ шың бар», – деп астан ауыз да тиместен, нөкерлерін ертіп, үн-түнсіз кері кетіпті.
Табақ «жұмбақ табақ» деп аталады екен. Оны болыс пен келін ғана түсінеді. Қалғандары аң-таң болып, жұбақты шеше алмайды.
Ауылдан алыстағанда, болысқа серіктерінің бірі: «Болыс-еке, сіз астан ауыз тимей не жауап қатпай, келінді тоқалдыққа алу райынан қайтқаныңыз қалай?» деп таңданысын білдіреді. Сонда болыс: «Мына елдің болысы мен емес, жас болса да, әйел болса да, нағыз ел басқаратын, дана ақылды жан сол екен» деп терең күрсінеді.
Сөз төркінін түсінбеген нөкер: «Әйелдің шашы ұзын, ақылы келте келмей ме? Өзі де ақымақтау көрінеді. Бір қойдың бар кәделі жілігін астауға толтыра бір-ақ тартыпты. Етке тойып алып, жас сұлуды қойынға салу керек еді», – деп жымындапты. Мұны естіген болыс одан әрі қатуланып: «Ақымақ, ақылың тамағыңнан аспайтын қу сорлы екенсің. Ол табақ – табақ емес, маған берген жауап. Ұғып ал», – деп әлгіндегі астау еттің мән-мағынасын түсіндіріпті.
«Келін, келін емес, керім екен. Астауға жетім арқа салыпты. Ол – күйеуім кетіп, жесір қалдым дегені. Бұлшық еті жоқ, асық жілік салғаны, сүйеніші жоқ ұлым жетім қалды дегені. Қойдың жарты жүрегі – жүрегім жарты, көңілім орта дегені. Бауыр салғаны, туыстарым күйеуге шықанымды қаламайды дегені. Табаққа қойдың тіл мен жағын кескілеп қойғаны, «сізбен тіл табыса алмаймын» дегені. Сынған, еті аздау ортаң жілік ұсынғаны – «азаматымыздан айырылып, қаралы болып отырмыз» дегені. Етінің жартысы кесілген кәрі жілік пен құйқасының жартысы жоқ бас салғаны, қарт қайын атам мен енемді тастап кете алмаймын дегені. Жалғыз дана қара қабырға салғаны, әйеліңмен кеңес дегені. Талақты үш бөлуінің сыры, «қатыныңды талақ етіп, басыңды босатып кел» дегені. Еті аршылған жауырын – «ақылың болса, осы ауыртпалықтарды көтере аласың ба?» дегені. Қу құйышақ пен тоқпан жілікті қойып, оның үстіне құйрық маймен басып қойғаны – «біздей қара құлды майдай жұмсақ сезініп, шынайы отбасымызбен қабылдай аласың ба?» дегені. Жанына қос бүйректің біреуін жарып, біреуін бүтін күйінше қойыпты. Ол «бүйрегің бітеу, қуатың күшті ме? Жоқ, жарты бүйректей әлсізсің бе?» дегені. Жарты шикі піскен өкпе өз жайын жеткізіп, «ісің шикі болса, маған өкпелеме» дегені.
Мен оның ақылы мен арына мойынсұнып, тілсіз кеттім.
Атам қазақ «Көп білсең де, көптен артық білмейсің» дегенді текке айтпаған» депті келген бағытына қарай жорта жөнеліпті.
Дайындаған
Камила МАҚҰЛБЕК