Амал мерекесінде бастауыш партия ұйым мүшелері ұлттық құндылықтарды дәріптеді
Фото: "AMANAT" партиясы Қазалы аудандық филиалының фейсбук парақшасынан алынды
Бүгін «AMANAT» партиясының Қазалы аудандық филиалына қарасты бастауыш партия ұйымдары Амал мерекесі – Көрісу күні қарсаңында ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртқан бірқатар игі іс-шаралар өткізді.
«Абай» бастауыш партия ұйымының мүшелері мереке аясында арнайы бас қосып, Көрісу дәстүрінің мәні мен маңызын дәріптеді. Батагөй қариялардан бүлдіршіндерге дейін қатысқан бұл басқосуда елдік пен бірліктің, ұрпақтар сабақтастығының биік үлгісі көрініс тапты. Жиналған жұрт жылы жүздесіп, ізгі тілектерін білдіріп, бір-біріне сәлем беріп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
«Орталық» бастауыш партия ұйымының мүшелері де ұлттық дәстүрімізге сай көрісіп, амандық сұрасып, жылы лебіздерін арнады. Шара барысында партиялықтар Әз-Наурыздың бастауы – Амал күнінің мәні мен мазмұнына тоқталып, ата салтымызды ұлықтаудың маңызын атап өтті.
Ал «Дарын» және «Ғ.Мұратбаев» бастауыш партия ұйымдары «Арма, халқым!» атты мазмұнды мәдени шара ұйымдастырды. Шара барысында ән мен күй шырқалып, Көрісу күніне арналған қойылымдар көрсетілді. «Қазалы» және «Басықара» бастауыш партия ұйымдарының мүшелері де мереке күні өзара көрісіп, амандық сұрасу арқылы ел ішіндегі ауызбіршілік пен сыйластықтың маңызын айшықтай түсті.