Әлемнің нұры – әйелдер

Екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген ұлы даланың батыр қыздары Томирис және Заринаның әлем тарихында ерлігімен қатар, даналығы аңыз болып қалды. Жоңғар шапқыншылығы тұсында қолбасшы Қабанбай батырдың жары Гауһардың ерлігін, тапқырлығын еске алайық. Қабанбай мен Гауһардан туған Назым қыздың небәрі 16 жасын¬да Түркістан түбінде от шашқан жоңғар зеңбірегіне батпай, ұйлығысып қалған қазақ қолын бастап, кәмшат бөрік киіп, найза орнына қолындағы қамшысын бұлғап «Абылайлап» жауға шауып, жоңғарларды түре қуған ерлігі ел есінде. Кешегі Кенесарының қарындасы Бопайдың ерлермен бірге елінің азаттығы үшін толарсақтан саз кешіп, жасанған жаумен арыстанша айқасуы, қазақ тарихында аққан жұлдыздай із қалдырған Шоқанның әжесі Айғанымның елді ақылмен басқарғаны әсте ұмытылмайды. Кешегі Кеңес заманындағы екінші дүниежүзілік соғыста шығыстың қос шынары атанған Мәншүк пен Әлияның да ерлігі ұлт есінде. Соның нәтижесінде қазақ халқы әлемге үлгілі ұлт болды. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен әйел, елдік пен имандылықты ана сүтімен перзентіне сіңіре білді. Туыстық қатынастар терең дамыған халқымызда әйел баласы жалғыз қалмаған.
Бірақ көшпенділер мәдениетінде ер мен әйелдің рөлі екіге бөлінді. Әйел үй шаруасымен, бала қараумен шектелді. Оның күйеу таңдауға да мүмкіндігі болмады. Қазақта «әмеңгерлік» деген бар. Осы желеумен ол марқұмның інісіне не ағасына қосылуына міндетті болған. ХХ ғасырдың басында қазақ әйелдерінің әлеуметтік белсенділігі арта түсті. Әйелдердің мектептер мен оқу орындарында білім алуына жол ашылды. Әйелдер қозғалысы мен қоғамдық ұйымдардың белсенділігі қоғамда үлкен өзгерістерге әкелді. 1917 жылы Қазақ жерінде әйелдердің құқықтары мен бостандығын қорғауға бағытталған реформалар қолға алынды. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, қазақ әйелдерінің қоғамдағы рөлі тағы да айтарлықтай өзгерді. Тәуелсіз Қазақстанда әйелдер қоғамның барлық саласында белсенді түрде жұмыс істей бастады, олар тек үй шаруасымен ғана шектелмей, саясат, экономика, мәдениет және ғылым саласында өз орнын тапты. Олар ғылым мен білім саласында да үлкен жетістіктерге жетті. Жоғары оқу орындарында білім алып, ғылыми зерттеулер жүргізіп, елдің интеллектуалды әлеуетіне өз үлестерін қосты. Әйелдер парламентте де ұсыныс жасаушы күшке айналды. Олардың қоғамда тең құқыққа ие болуына бағытталған заңдар қабылданды. Қазір қоғамдағы стереотиптер әртүрлі. Қазақ қоғамында әйелдер әлі де көбінесе ана, үй шаруашылығын жүргізуші, отбасының күтушісі ретінде ғана бейнеленеді. Ал олардың кәсіби және әлеуметтік ролі әлі де толық бағаланбайды.
Елдегі кәсіпкер әйелдер саны соңғы жылдары айтарлықтай артқан. 2023 жылғы деректер бойынша, Қазақстанда шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтін кәсіпкер әйелдердің саны шамамен 40 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш кәсіпкерлік секторында әйелдердің белсенді қатысуын көрсетеді. Оларға арналған кәсіпкерлік бағдарламалар, мемлекеттік қолдау шаралары мен кәсіпкерлік білім беру жобаларының нәтижесі тұрақты дамыған. Әсіресе, ауылдық жерлерде әйелдер кәсіпкерлікпен айналысуға ұмтылуда, бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы, қолөнер, шағын бизнес сияқты салаларда олардың табысты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан да кәсіпкер әйелдерді қолдау мақсатында түрлі гранттар мен жеңілдетілген несиелер ұсыну, сондай-ақ кәсіпкерлік тренингтер мен форумдар өткізу қарастырылған. Әрине, бұл шаралар әйелдердің бизнесте табысты болуына ықпал етеді.
Бір қызығы, бұрын көлік айдаған әйел көрсе, барлығы тамсана қарайтын. Қызық құбылыстай көрінетін. Ал қазір көлік тізгіндеген әйел көп. Елдегі көлік айдайтын әйелдер санына қатысты нақты статистикалық мәліметтер ашық жарияланбаған. Дегенмен, жалпы алғанда, елде әйелдердің көлік жүргізу саласына қызығушылығы соңғы жылдары артып келеді.
2021 жылдың соңында Қазақстанда көпбалалы аналар саны шамамен 350 000-нан астам деп бағаланған. Бұл көрсеткіш әр жыл сайын өзгеріп, көбейіп отырғанын да атап өту қажет. Көпбалалы аналар ретінде төрт немесе одан да көп баласы бар әйелдер есепке алынады. Оларға мемлекет тарапынан түрлі әлеуметтік қолдау шаралары, көмек пакеттері, атаулы әлеуметтік көмек және жеңілдіктер ұсынылады. Қазіргі уақытта көпбалалы аналарға қолдау көрсету бағдарламалары жүзеге асырылып келеді. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй бағдарламалары, мемлекеттік жәрдемақылар (көпбалалы аналарға арналған), медициналық көмек және білім алу мүмкіндіктері бар. Бұл шаралар көпбалалы аналар мен олардың отбасыларының өмір сапасын жақсартуға бағытталған.
Қош. Әйелдің сыры бітпейтін том-том кітап іспеттес. Оны қозғау әрі оңай болса, әрі қиын. Себебі ол табиғаттың тылсымын бағындырады. Ұрпағы үшін 9 ай тар құрсағын кеңейтіп, 10 күнін толғақпен өткізеді. Бала туылғанда түн ұйқысын төрт бөледі. 7 жасқа дейін жерден таяқ жемесін деп ізін бағады. Өсіреді. Қатарынан кем қылмайды. Өмірінің соңына дейін бала үшін жанын шүберекке түйіп өтеді. Өйткені ол – ана ғой! Ал оның қоғамдағы рөлін бағалай білсек нұр үстіне нұр болар еді.
Айнұр ӘЛИ