Ұлы даланың дана аналары
Сан ғасырдан бері қалыптасып келе жатқан қазақтың рухани жан дүниесіндегі ерекше қасиеттерінің бірі – ана мен қыз балаға деген шексіз құрмет көрсету тәрбиесі еді. Мұны ананың қоғамдағы ерекше орны мен сипатын бағалай білген ұлтымыздың ешкімге ұқсамас бірегей қасиеті деп ұғынған жөн. Қазақ тарихы мен мәдениетін зерделесек, сан ғасырлар бойғы күресте елдігін ерен ерлігімен, асқан парасатымен, даналығымен, шексіз шыдамдылығымен сақтай білген, ұлттық рухты ұрпағының бойына игі ісімен сіңіре білген әйел-аналар да аз емес.
Даналығы дара Домалақ ана
Домалақ ана қазақ даласына VII ғасырда жеткен Араб халифатының әскери өкілдерінен бұрын бейбіт мақсатпен келген, ислам дінін уағыздаушыларының бірі болған араб дегдарының қызы. Өзі де елді имандылыққа шақырып, жас кезінен сәуегейлігімен танылған. Осындай игі ісімен, тартымдылығымен Бәйдібек бабамыздың назарына іліккен.
Ел аузында ол кісі жөнінде аңыз-әңгіме көп. Соның былай өрбиді: «Бәйдібек заманында жайлауында үйір-үйір жылқысы, келе-келе түйесі, отар-отар қойы өрген, шығыс пен батысқа керуендер жүргізген асқан бай адам болған. Бірде Алатау асып келген қалың жау Қаратау жонын жайлап отырған Бәйдібектің ауылын шауып, сан мың жылқысын түре айдап кетеді. Бәйдібек бастаған ел азаматтары ауылда болмаса керек. Содан жау шапты деген хабарды естіп, Бәйдібек елден жасақ жиып, қасына үлкен әйелі Сары бәйбішеден туған алты ұлын алып, жауға аттанғалы жатқанда Нұрилә:
– Бай-еке, малдың құты, жылқының иесі құла айғыр қолда қалды. Амандық болса, алты күннен кейін жылқы жауға қайыру бермей өзі ауылға келеді. Жауды қума, азаматтар аман болсын, осы тілегімді беріңіз», – деп өз отауының белдеуінде матамен байлаулы тұрған, жүген-құрық тимеген шу асау айғырды көрсетіпті.
Бірақ жауға кектенген батыр әйелінің тілін алмай, жасағын бастап жүріп кетіпті. Бәйдібек жасағы жауға Күйік асуында жетіп, қырғын ұрыс салыпты. Алайда жасанып келген жау аттанға ілесіп атқа қонған аз жасаққа теңдік бермепті. Осы соғыста қаза тапқан алты ұлын Үшқарасай жазығына жерлеп, кері қайтыпты. Арада алты күн өткенде байлаулы тұрған құла айғыр жер күңіренте дүлей күшпен кісінеді дейді. Сол күні кеш шамасында шығыстан қалың шаң көтеріліп, ұзамай Бәйдібектің қалың жылқысы көрінеді. Ереуілдеп барып, кері қайтара алмаған жылқыны Домалақ ана осылайша үйде отырып-ақ түгел қайтарып алса керек.
Осылайша ел анасы жалғыз отағасына емес, барша елге даналығымен дараланған. Домалақ ана ел арасындағы ушыққан дау, асқынған араздықтың бейбіт шешімін табуға үлес қосқан. Ел билеген азаматтардың өзі кейбір келелі мәселелерді шешерде Домалақ анамен кеңесіп отырған. Домалақ анадан тараған ұрпақтарының бәрі де біліммен, ақылымен көзге түсіп, ел билеген.
Халқына құрметті Қаракемпір ана
Шежіре дерегінде Кіші жүз Қыдырсиықтан − Шеркеш, одан − Қосым, Қойыс, Жауғашты, Шумақ, Қылышкескен туыпты дейді. Осылардың Қойысынан − Дербіс туады. Дербістің бәйбішесі Зылиха деген кісі, өңі қара болған соң «Қаракемпір» аталып кеткен көрінеді. Бүкіл Дербіс әулетіне ұйтқы болып, жөн үйреткен, жол көрсеткен адам. Дербіс батырдың бәйбішесі Зылихадан − Тоқтар, Базар, Қошқар, екінші әйелінен − Түрке, Шыңбай, үшінші әйелінен – Сатай, Сатылған туған. Дербістің осы үш әйелінен тараған ұрпақтан жөн сұраса «шеркешпіз, оның ішінде қаракемпірміз» дейді. Сөйтіп, Қаракемпір ру атына шыққан.
Қаракемпір туралы айтылатын қария сөз көп. Бірде әлімнің ел қамымен жүрген жақсы-жайсаңы жолаушылап келе жатып Сағыз бойында отырған Дербіс батырдың үйіне тап болыпты. Дербіс батырдың өзі үйде жоқ екен, сыйлы қонақтарға жақын жерден алдыра қоятын малдың реті болмай, Зылиха сол жерде күйеуі Дербіс батырдың жауға мінетін екі атының бірін сойып, қонақтарды құрметтеп аттандырыпты. Әлімнің жақсы-жайсаңы былай шыққан соң «Апырай, Дербістің құты үйіндегі Қаракемпірі екен ғой!» деп таң-тамаша болысыпты.
Содан, Дербіс батыр үйіне келеді. Бәйбішесі Зылиха: «Әлімнің алты жақсысы келіп еді, ақтабан атыңды сойып құрмет көрсеттім», – депті. Сонда, Дербіс батыр: «Әлімнің алты жақсысына құрмет көрсеттім дегенше, мені алпыс жауымнан құтқардым десейші!» – деген екен. Қаракемпірге халықтың құрметі сияқты ел ішінде тартылатын «Қаракемпір» атты күй бар.
Әлпеш ана өсиеті – ұрпаққа өнеге
Найман әулетіне дұшпан жолын тауып елге жойқын шабуыл жасапты. Тұтқиылдан тиген жау еркек кіндіктіні қырғындай қырып, қарт Найманның төрт ұлын көз алдында өлтіріп кетіпті. Найманның Тоқбан ұлынан Әлпеш (Ақсұлу, Мәзбура деп те айтылады) деген келіншегі жесір қалады. Әлпеш үйсін Дулат бидің қызы болса керек. Шабылған әулет пен қорғансыз қарт Найманның ауыртпалығы енді Әлпештің иығына түседі. Сол үміт жетегімен Әлпеш төркін жұртына барып, туысқан сіңлісі Гүлшені Найманға айттырып алып қайтады. Гүлше бір ұл табады. Бұл кезде Найман шаңырағының бас иесі болып отырған Әлпеш алты алаштың басын қосып, ақ түйенің қарынын жарып, ұлан-асыр той жасайды. Осы тойда үйсін Дулат би:
– Найман – қаны араласқан қадірлес құдам еді, мына нәресте артында қалған белгі ғой, атын Белгібай қояйық дейді. «Балаға ат қою жолы біздікі еді, Найман атамыздың Тәңірден өкіріп жылап жүріп тілеген баласы ғой, атын Өкіреш қоямыз, − деп арғындар да тілек білдіреді.
Қазақтың бүгінгі қалың рулы елінің болашағына осылайша Әлпеш ана сеп болып, әулетіне ұйытқы болыпты. Найманның кіндігінен тараған ұрпақ жиырма шақты ауыл болғанша «жат болып кетпесін» деп, енші бермей, мал-жанын ортақ ұстатыпты дейді. «Байдың малы ортақ болсын, батырдың жаны ортақ болсын, шебердің қолы ортақ болсын, шешеннің тілі ортақ болсын, балуанның күші ортақ болсын, біреуге біреу зорлық жасамасын!» деген өсиет осы Әлпеш анадан қалыпты деген сөз бар.
Серік АҚМЫРЗА