Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Халқына қорған болған батыр баба

Халқына қорған болған батыр баба


Халық – мемлекеттің негізі. Ел азаттығы үшін басын бәйгеге тігіп, қиын шақта қол бастап жұртына қорған болған ерлердің есімі тарих үшін де, ұлт үшін де әрқашан ардақты. Қазақ халқы ғасырлар бойғы арманына қол жеткізіп, тәуелсіздіктің көк байрағын көкке көтеріп, бейбіт ғұмыр кешіп жатқан тұста ел азаттығы үшін қан төккен батыр бабалардың рухтарын ұлықтау, жүріп өткен жолын зерттеп, толықтырып отыру, ерлігін кеңінен насихаттау кейінгі ұрпақтың перзенттік борышы.
Осы ретте өткен сенбіде Қазалы ауданында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Жанқожа батырдың 250 жылдығына арналған «Ұлт азаттығы қозғалысы және Жанқожа батыр» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, облыстың зия­лы қауым өкілдері, ғалымдар мен еңбек ардагерлері, ақын-жазушылар, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, елдің барлық өңірінен келген жерлестер, қоғамдық ұйымдар, БАҚ өкілдері және баба ұрпақтары қатысты.
Аймақ басшысы конференция жұмысына сәттілік тілеп, тарихи тұлғаның ғасырдан ғасырға жеткен ерлік даңқы ешқашан ұмытылмайтынын шұрайлы сөзімен жеткізді.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біз сан ғасырлық тарихымызды мақтан етеміз. Тамыры терең төл шежіреміз – халқымыздың мәдени кодының өзегі» деген еді. Ұлы даладағы үш жүз жылға жуық тарихы бар ұлт-азаттық қозғалыстың көрнекті өкілі, отаршыларға қарсы Сыр бойындағы халық көтерілісінің басшысы, Алаш жұртының азаттығы үшін елдік туын көтерген қазақ даласының хас батыры – Жанқожа Нұрмұхамедұлының 250 жылдығына арналған «Ұлт азаттығы қозғалысы және Жанқожа батыр» атты ғылыми-танымдық конференцияға жи­нал­­дық. Конференцияның ашылуы­мен баршаңызды шын жүректен құттық­таймын.
ХІХ ғасырдың ортасына дейін қазақ жерінің негізгі бөлігі Ресей империясының қол астына енгені тарихтан белгілі. Хандық биліктің жойылуы, жаңа әкімшілік басқару жүйесінің енуі, қазақтың құнарлы жерлерден айрылуы халықтың наразылығын тудырды. Осындай қасіретті кезеңде Кенесары Қасымұлы, Сырым Датұлы, Есет Көтібарұлы секілді қолбасшылар халқымен бірге азаттық жолында күресті. Сыр бойындағы Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бастаған көтеріліс қазақ қоғамындағы ең ірі бас көтерулердің бірі ретінде тарихқа енді. Дана халықтың төл перзенті, ең күрделі кезеңде өмір сүрген, ұлт азаттығы қозғалысының көрнекті басшысы болған Жанқожадай батырды еске алып, оның өмірі мен ерлігін дәріптеу – азаматтық парызымыз. Баба есімін ұлықтау мақсатында өңірде ауқымды шаралар ұйымдастырылып келеді. Халық батырының 240 жылдығына орай облыс орталығындағы теміржол вокзалы алаңына еңселі ескерткіш тұрғызылды. Қызылқұм беткейіндегі шекара заставасы, аудан орталығындағы басты көше баба есімімен аталды.
Қармақшы ауданындағы №269 орта мектепке, әр кезеңде Астана, Ақтөбе қалаларындағы орталық көшелерге есімі берілген. Ел азаттығы жолында жарқын істерімен, жанқиярлық ерлігімен өшпес із қалдырған Жанқожа Нұрмұхаммедұлының асқақ рухы халқымен мәңгі бірге бола береді, – деді облыс әкімі.
Одан әрі маңызды басқосуды Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет жүргізді. Іс-шарада Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы және ұлт-азаттық көтеріліс (жаңа мұрағат деректері негізінде)», Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Молдахмет Қаназ «1856-1857 жылдары Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бастаған Сырдария шаруаларының көтерілісі. Себебі. Барысы. Бағалануы. Батырдың тағдыры» тақырыбында баяндама жасады. Ғалымдар ұсынған тың деректерге орай қатысушылар ой-пікір өрбітті.
Сонымен қатар Парламент Сенатының депутаты, тарих ғылым­дарының кандидаты, доцент Наурызбай Байқадамов, журналист, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Көбегенұлы сөз сөйледі.
Тарих – тағылым. Сондықтан мұндай тұлғалардың өмірі уақыт өткен сайын кейінгі ұрпақты бірлікке, татулық пен ынтымаққа жетелеп отыратыны анық. Өйткені ел басына күн туған заманда етігімен су кешкен, қазақ жерінің тұтастығы жолында жан алысып, жан беріскен бабалардың ғибратқа толы өмір жолы – жастарға үлгі-өнеге. Жаугершілік замандағы батырлардың ел қорғаудағы ерліктерін жастар санасына, халық жадына берік ұялату – аға ұрпаққа сын. Елдің тәуелсіздік алып еңсесін тіктеуі Жанқожадай бабалар рухымен қауышуды, оларға деген құрметті бұрынғыдан да арттыра түсетіні ақиқат.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
22 қазан 2024 ж. 37 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 43

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930