Қара тізімде болсаңыз кредит тарихын қалай жақсартуға болады?

Қазақстандықтардың 20 пайзыынң несие тарихы бұзылған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл деректерді Бірінші несие бюросы (БНБ) жариялаған болатын. Сарапшылардың есептеуінше, елімізде 9 миллионнан астам адамда белсенді несиелер бар. Несие төлеуде қиындықтар мен мерзімін өткізіп алу кез келген адамда болуы мүмкін, ал бұл ақпарат несие тарихына бірден әсер етіп, оны ұзақ уақытқа дейін бұзуы мүмкін. Бірінші несие бюросының (БНБ) бас директоры Руслан Омаров tengrinews.kz-ге берген сұхбатында несие тарихын қалай жақсартуға болатыны жөнінде бірнеше кеңес ұсынды.
Несие тарихын тексеру маңызды
Алдымен жеке несие есебін алып, оны мұқият зерттеу қажет.
Несие тарихында қандай мәселе бар екенін түсіну керек. Проблемалар әртүрлі болуы мүмкін: төлемнің кешіктірілуі, алаяқтық (қасақана немесе кездейсоқ), техникалық себептерге байланысты несие бюросына қарыз алушы туралы дұрыс емес ақпараттың берілуі. Бұл сирек кездесетін жағдай, бірақ цифрлар шатастырылуы мүмкін. Сондықтан әрбір азамат өзінің несие тарихын тұрақты түрде тексеріп отыруы қажет, – дейді Руслан Омаров.
Несие рейтингі мен оны жақсарту жолдары
Егер несие тарихында мәселе бар екені анықталса, келесі қадам – жеке несие рейтингін (ЖНР) алу. 700 ұпай және одан жоғары рейтинг қаржы ұйымдарынан несие алу үшін жеткілікті саналады.
Егер ЖНР жеткіліксіз болса, несие тарихын жақсарту үшін бірнеше әрекет жасауға болады. Әрбір қарыз алушының несие тарихы жеке сипатқа ие. Біреудің көптеген несие карталары бар, енді біреудің мерзімі өткен төлемдері кездеседі. Несие рейтингін есептейтін жүйе сізді несие үшін қауіпті қарыз алушы ретінде тануы мүмкін. Егер адамда 100-ге жуық тұтынушылық қарызы болса, оларды қысқартуға немесе бір үлкен несиеге біріктіруге болады. Бұл қаржылық міндеттемелерді басқаруды жеңілдетеді, – деп түсіндіреді Омаров.
Егер төлем жүктемесі жоғары болса, банкке жүгініп, төлем кестесін қайта қарастыруға болады.
Қазіргі уақытта қаржы ұйымдары қарыз алушыларға көмек көрсетуге дайын. Егер адам өз қарызын реттеуге күш салмаса, жағдай тек нашарлай береді, – дейді сарапшы.
Несие тарихына қатысты "қара тізім" бар ма?
Руслан Омаровтың айтуынша, Бірінші несие бюросы (БНБ) қарыз алушылардың "қара тізімін" жүргізбейді.
Мемлекетте алаяқтар мен заңсыз әрекет ететін адамдарға қатысты "қара" және "сұр" тізімдер болуы мүмкін. Бірақ біз тек қарыз алушының несие тарихында проблема барын көрсетеміз. Біз ешқашан қарыз алушыны "жаман" деп атаған емеспіз, тек оның белгілі бір несиеде кешіктірулері бар екенін көрсетеміз, – деп түсіндірді Омаров.
Сарапшының айтуынша, кейбір қаржы ұйымдары несие тарихының нашарлығына қарамастан, агрессивті несие саясатына байланысты несие бере алады.
Қарыз алушыларды қайта қалпына келтіру
БНБ деректеріне сәйкес, соңғы жылдары Қазақстанда 2,8 миллион несие шарты қайта қаралған, бұл шамамен 2 миллион қарыз алушыға қатысты. Олардың ішінде 1,4 миллион адам жаңа несие алуға қол жеткізсе, 300 мың қарыз алушы жаңа несиесін 3 айдан астам мерзімге кешіктіріп алған.
Руслан Омаровтың айтуынша, халықтың қарыз жүктемесін азайту шараларының нәтижесінде онлайн микронесиелер беру айтарлықтай төмендеген.
Онлайн микронесиелеу саласында үлкен өзгерістер болды. PDL (қысқа мерзімді қарыздар) портфелі шамамен 40%-ға қысқарды. Қарыз алушылар саны мен несие шарттары да азайды. Бұл қаржы реттеушісінің микронесиелердің үлесін төмендетуге бағытталған жұмысының нәтижесі. Себебі бұл несие түрі азаматтар үшін қымбатқа түсетін. Мұндай қарыздар қажет, бірақ олар бұрынғыдай үлкен көлемде берілмейді, – деп түйіндеді Омаров.