Сыр өңірін тербеген руханият көші: «Кітап керуені» Қазалыға табан тіреді
Бүгінгі таңда әлемдік қоғамдастықта елдің бәсекеге қабілеттілігі тек табиғи ресурстармен немесе экономикалық көрсеткіштермен емес, адами капиталдың сапасымен, яғни халықтың интеллектуалдық деңгейімен өлшенеді. Ал зерделі ұлт қалыптастырудың, интеллектіні дамытудың ең басты құралы – кітап екені даусыз. Осы орайда, Қазақстанда соңғы жылдары мемлекеттік деңгейде кітап оқу саясаты мен баспа ісін дамытуға ерекше серпін беріліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы бұл бағыттағы жұмыстарға жаңа серпіліс әкелді.
Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған «Кітап керуені» мәдени-ағартушылық акциясы осы мемлекеттік саясаттың аймақтағы жарқын көрінісіне айналды. Сыр өңірінің бірнеше елді мекендерін аралап, оқырман қауыммен мазмұнды кездесулер өткізіп келе жатқан рухани көш Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылында, Қармақшы ауданының Дүр Оңғар ауылында және Арал ауданының Қамыстыбас ауылында болып, бұл жолы батырлар мекені – қасиетті Қазалы жеріндегі Үрмәш Түктібаев ауылына табан тіреді.
Керуеннің құрметті қонақтарын қарсы алу рәсімі өнегелі дәстүрге сай, ауылдан шыққан батыр тұлғалар мен ел мақтаныштарының рухына тағзым етуден басталды. Кеңес Одағының Батыры Үрмәш Түктібаев, ел ардақтылары Әбдіразақ Қаналиев, Байжігіт Әбдіразақов және композитор Батырхан Нұрымбетовтің атынан дайындалған тағылымды монологтер оқылып, олардың ерлік жолы мен өнегелі ғұмыры көркем сөз арқылы қайта жаңғырды.
«Әжелердің сәлемі» әнімен өрілген қарсы алу рәсімінен соң, аспанға «Кітап керуені» эмблемасы бар 50 әуе шары ұшырылып, мәдениет мерекесінің шымылдығы ресми түрде ашылды.
Шараның салтанатты бөлімінде Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Сапар Көзейбаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Абай Дидаров, Алға ауылдық округінің әкімі Алмас Бегалиев және Қазалы ауданы әкімінің орынбасары құттықтау сөз сөйлеп, бұл шараның ауыл тұрғындары мен өскелең ұрпақтың рухани дамуына қосар үлесі зор екенін атап өтті.
«Оқитын ұлт» жобасы – саясат пен инфрақұрылымдық өзгеріс алғышарты.
Бұл күні сөз сөйлеушілер мен зиялы қауым өкілдері атап өткендей, Президент Ұлттық құрылтай отырыстарында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесін бірнеше рет басты назарға шығарған болатын. Бүгінде елде қабылданған «Оқитын ұлт» тұжырымдамасы аясында ауқымды реформалар жүзеге асырылуда.
Бұл жүйелі саясат жетекші бағыттарды қамтиды.
Алғашқысы – кітапханаларды жаңғырту. Ескі үлгідегі кітапханалар қазір заманауи коворкинг орталықтарына, зияткерлік пікірталас алаңдарына айналуда. Әсіресе, ауылдық жерлердегі кітапханалардың материалдық-техникалық базасын жаңарту қолға алынған.
Мазмұндық сапа мен цифрландыру: Әлемдік бестселлерлер қазақ тіліне жедел аударылып, балалар әдебиетіне басымдық берілуде. Сонымен қатар, Ұлттық электрондық кітапхана қоры, Kitap, Kitapal сияқты отандық платформалар арқылы цифрлық оқырмандардың да сұранысы қанағаттандырылып келеді.
Ү.Түктібаев ауылында өткен «Кітап керуені» аясында да көпшілікке қазақ және әлем әдебиетінің үздік туындылары, балалар әдебиеті, тарихи-танымдық шығармалар мен сирек кездесетін кітаптар көрмесі ұсынылды. Ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары бұл көрмені ерекше ықыласпен тамашалады.
Еңбек еленді, оқырмандар ұлықталды
Шара барысында кітап оқуды насихаттауға, оқу мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар кітапхана мамандары Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында Әйтеке би кенті, Басықара, Тасарық ауылдық кітапханаларының кітапханашысы Гүлжамал Тоқмырзаева, Жанат Жүсіпова, Эльмира Жолтаева бар.
Сондай-ақ кітапханамен тығыз байланыс орнатып, рухани қазынаны серік еткен ауыл тұрғындарына арнайы номинациялар мен қаржылай сертификаттар табысталды.
Қазалы қаласындағы М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлбарам Жауғашарова «Үздік оқырман» атанса, аудандық Отбасын қолдау орталығының қызметкері Қайыржан Тілеуқабыл «Ең белсенді оқырман» деп танылды.
№16 мектеп-лицейдің қызметкері Нұрғазы Смағанбетов «Кітап жанашыры», Лақалы ауылы, №93 орта мектептің 9-сынып оқушысы Жаншуақ Сағитжан «Үздік жас оқырман», Ардагер ұстаздар әулеті – Бәйменовтер отбасы «Үздік оқырман отбасы» бағамына ие болып, ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Фестиваль аясында ақын-жазушылармен кездесу кеші, кітап талқылаулары мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Мәдениет саласының ардагері Болат Жолтаев кітаптың адам өміріндегі мәні туралы келісті ой қозғап, ризашылығын білдірсе, ақын, ұстаз Сағыныш Мұхитқызы мен Гүлбарам Жауғашарова өз шығармашылықтарынан өлеңдер оқып, кештің көрігін қыздырды.
Кітап оқу саясаты сәтті жүзеге асып жатқанымен, алда әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Алдағы уақытта ауылдық жерлердегі кітап дүкендерінің тапшылығын жою, отандық авторлардың қаламақы жүйесін жетілдіру және әлеуметтік желілердің бәсекелестігі жағдайында балалар назарын кітапқа аударудың жаңа әдістерін табу – басты міндет болып қалмақ.
«Егіздер ауылы» аталатын, өзіндік өнегелі дәстүрі бар бұл берекелі мекенде өткен «Кітап керуені» ауыл оқырмандары үшін ұмытылмас, әсерлі кездесу болды. Өйткені кітап оқу – уақыт өткізудің ермегі емес, ұлттың интеллектуалдық қауіпсіздігінің кепілі. Бұл іс тек мемлекеттің емес, әрбір отбасының жауапкершілігі болғанда ғана ұлт келешегі кемел болмақ.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА












