Төл газеттегі «Түнгі вахта»
Аудандық газеттің журналисі болу – мамандық емес, бұл ерекше диагноз. Олардың жұмыс күні редакциядағы ескі шайнектің қайнауынан басталып, газеттің жаңа санын түнімен даярлаумен аяқталады. Шайнегі қайнаймын дегенше мақаланың қамына кіріскен олар бас ала алмай сол күйі шайсіз қалады.
Кез келген республикалық немесе шетелдік журналист белгілі бір салаға, якисаясат, экономика, спортқа маманданады. Аудандық газеттің тілшісі ше? Ол –көпсалалы, әмбебап маман.Дүйсенбіде– аудандағы егін жинау науқанын бақылайтын агроном.Сәрсенбіде – жаңадан ашылған балабақшаның тәрбиешісі мен құрылысшысы.Жұма күні – мәдениет саласының жанашыры.Ал сенбіде аяқ асты футболдан аудандық құраманың бас бапкері не төрешісі болып шыға келеді. Құпия статистикаға жүгінсек, аудандық газет журналистерінің 80 пайызы өз ауданындағы барлық тракторшылар мен ауыл әкімдерін жақсы таниды. Олардың телефон кітапшасындағы «Су құбыры басқармасы» не «аудан әкімдігі»деген контакт «туған туыстардан» да маңыздырақ.
Республикалық БАҚ-тағы әріптестері «сенсация», «эксклюзив» деп жүгіріп жүргенде, аудандық тілшінің басты сенсациясы – аудан орталығындағы жарықсыз қалған үш көше немесе 100 жылдық мерейтойын тойлап жатқан батыр ардагер. Олардың жұмысындағы ең басты қару – бақылау мен дипломатия. Егер ауыл ақсақалы сұқбат беруден бас тартса, онымен бір кесе шай ішіп, әңгімесін тыңдамай, тілшінің мақаласы шықпайды.
Қазіргі заманның аудандық журналисті– екі майданның сарбазы. Бір жағынан, қағаз нұсқаның «иісін сақтайтын» классикалық газетті шығару керек. Екінші жағынан, Telegram, Tik Tok, Instagram-ға жедел жаңалықтар шығару міндеті тұр. Осылайша, олар инстаграмдағы видеоға «лайк» жинап жүріп, параллель түрде редакцияның үстеліндегі ескі компьютерді жөндеп отырады.
Жоқтан бар жасап, өзі фотограф, өзі оператор, өзі монтажер болған журналистердің алтын ережелері бар.Егер ауданға маңызды қонақ келсе, ең бірінші түсірілетін кадр – «Қонақ пен әкімнің маңдайлары бірдей жарқырап тұрған сәт». Газетке оларды жас етіп көрсету, костьюм, жейдесі мен галстугі дұрыс тұруы– басты міндет.Одан соң тақырып қоюға келгенде өлеңдетіп, әндетіп кететіні бар. Ондай тақырыптарды оқыған кезде кез келген аудан тұрғыны газетті сүйіспеншілікпен парақтай бастайды.Бас тақырыпты жазғанда «ғаламдық масштабтағы мәселе» секілді көрінеді, бірақ оның астында әдетте көрші ауылдың мәселесі жатыр.
Аудандық газет журналисі көшеде жасырынып жүре алмайды. Кез келген аялдамада немесе дүкенде оны тоқтатып алып: «Балам, газетке ауыл көшесін қашан асфальттайды деп жазасыңдар?» деп сұрайды. Себебі олар үшін журналист – аудан әкімі мен халық арасындағы «тірі байланыс» іспеттес.Әзілмен айтқанда, тілшілердің ең қиын сәті – «Не жазсам екен?» деп қабырғаға қарап отырғанда емес, «Бұл ақпаратты қалай мақтанға айналдырсам екен?» деп бас қатырғанда басталады. Олардың ең сүйікті кейіпкері – «ауылдың еңбекқор диқаны» мен «көпбалалы ана». Оларға сұқбат бермеген адам – ауданда жоқ адаммен тең.Аудандық газет – бұл жай ғана қағаз емес, бұл – ауданның «тірі энциклопедиясы». Ал ондағы журналистер – күн мен түннің, өсек пен шындықтың арасында жүретін, кез келген тақырыптан «май» тауып жейтін ерекше қауым.Олар жаңалықты ауадан да таба алады. Егер ауылда сиыр жоғалса – бұл «ауыл шаруашылығындағы дағдарыс», егер кемпірдің тауығы жұмыртқаламай қалса – бұл «экологиялық ахуал».
Бізде «жұмыс күні 9-дан 6-ға дейін» деген ұғым жоқ. Біздің кесте – «газет шыққанша» және «газет шыққаннан кейін» деп бөлінеді. Газеттің жарық көретін күндері – біз үшін нағыз «соғыс майданы». Таңертең – жиналыс, түсте – далалық жұмыс, ал кешкісін – макеттеу мен верстка. Көпшілік ұйқыда жатқанда, біз редакциядағы ескі компьютерлердің экранына телміріп отырамыз. Түнгі сағат 12-де немесе 1-де редакцияның терезесі жанып тұрса, демек, біз «кезекті нөмірді» дүниеге әкеліп жатырмыз. Бұл – біздің өміріміздің бір бөлігі. Түннің ортасында жазылған мақала әрқашан өткір, әрқашан шынайы шығады. Өйткені сол уақытта «редактордың түзетуінен» гөрі, «ішкі дауысыңның» әмірі жүреді. Түнгі сағат 1-де редакциядан шығып бара жатқанда, ғимарат сыртындағы жалғыз камераға қарап күлеміз. Ол камера біздегі жоқ байлығымызды емес, біздің жауапкершілігімізді күзетіп тұрғандай. Іштегі ескі техникалар мен қолданбайтын фотоаппараттарға көз жүгіртсең, бізге «сендер қажетсіңдер» деп жымыңдайтындай.
Иә, бәріміз ғаламтор дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Әлемде жаңалықтар секундына мыңдап таралуда. Бірақ аудандық газетті ашып, өз ауылының тыныс-тіршілігін, көршісінің жетістігін немесе таныс ағайынның суретін көру – мүлде бөлек эмоция. Бұл – тарихтың қолға ұсталатын бөлігі.Біздің басты байлығымыз – қолдағы қаламымыз. Ал айлық мәселесіне келсек... иә, біз «бай» емеспіз.Бірақ біздің жазған әрбір жолымыз – ауданның тарихы. Ал тарихты ақшамен өлшеу мүмкін емес!
Мереке құтты болсын, аудан журналистері!
Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ













