Уақытпен үндескен «Қазалы»
«Қазалы» газеті – ауқымы кең, тамыры терең, мазмұны бай басылымдардың бірі. Ол өзінің эстетикалық талғамы, заманауи безендірілуі және тартымдылығымен қалың жұртшылықты баурап келеді.
Журналистика – асқан жауапкершілікті, үлкен жүректілікті қажет ететін мамандық. Өйткені бұл сала «жүрдім-бардым» жұмыс істеуді көтермейді, үздіксіз ізденісті талап етеді. Менің өзім де жарты ғасырдан астам уақыт бойы аудандық газетке қалам тербеп, осы саланың ыстық-суығын бірге кештім.
Жасыратыны жоқ, өткен ғасырда біз ескі жүйе мен қалыптасқан идеология аясында ақпараттандырдық. Ал қазіргі дәуір мүлдем бөлек. Бүгінде бәрі ғаламтор арқылы, жаңа технологиялардың көмегімен жедел іске асырылады. Газет беті де заман ағымына сай құбылып, өмірге жаңадан келген шағын және орта бизнес, кәсіпкерлік, сондай-ақ туған тарихымызды зерттеу сияқты бұрын-соңды болмаған тың тақырыптармен толығып келеді.
Қаламы қарымды тілшілер – газеттің драйвері.
Бұл ретте басылымның белді тілшілері – Алтын Қосбармақова, Ұлболсын Талапбаева және Айнұр Қазмағамбетова, Арайлым Жүсіпова, Айнұр Әлилердің жазған мақалалары бірінен-бірі өтеді. Оқырманды баурап алады деуге толық негіз бар. Сонымен қатар, ел ауыл өмірінің тынысын дөп басатын Кемал Көпжасар, Құдайберген Есекей, Жеткербай Махамбетов, Айнұр Әлімбаеваның да тұшымды дүниелерін ерекше атап өткім келеді. Осындай авторларларды газет жұмысына жиірек тартып, жазып тұрса, басылымның деңгейі бұдан да биіктей түсері анық.
Кейінгі кезде газет тек аудан тынысымен шектелмей, әлемде болып жатқан ғажайып құбылыстар мен жаңалықтарды да қалың оқырман қауымына дер кезінде ұсынып отыратын болды. Бұл – үлкен ізденістің жемісі.
Баршамызға белгілі, қазір адамдар әлеуметтік желіні жақсы пайдаланады. Соның салдарынан газет-журнал, әдеби кітап оқу дегенді ұмытып бара жатқандаймыз. Меніңше, бұл – үлкен қателік. Байырғы мерзімді басылымның орны мен жөні қашанда бөлек. Сонау қиын-қыстау заманда қараңғы халықтың көзін ашып, санасын ояту үшін жанқиярлықпен газет шығарған Алаш азаматтарының еңбегін қалай ұмытуға болады?
Біз шалғайдағы «Тасарық» ауылында тұрамыз. Ауылда мен, сосын Әмірбек пен Таланбай деген еңбек ардагерлері – үшеуміз үнемі аудандық газетке жазылып, оны жібермей оқып отырамыз. Егер газетіміз пошта арқылы 5-10 күн кешіге қалса, тағатымыз таусылып, іздеп шығатынымыз да бар. Себебі біз үшін аудан айнасының орны ерекше.
«Қазалы» газеті редакциясының барша ұжымын, шығармашылық мүшелерін төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір шаңыраққа амандық, отбасылық бақыт және шығармашылық шабыт тілеймін. Қаламдарыңыз ұштала берсін, ақпарат айдынында еңбектеріңіз жана берсін!
Әнуар ӘБДІМҰРАТ,
Ардагер-ұстаз.
Тасарық ауылы.













