Мамандықтың мың сыры: Тегеурінді теміржолшы
Өмірі теміржолмен біте қайнасқан Нағыметовтер әулеті қазалылықтарға танымал десек артық айтқанымыз емес. Себебі бұл отбасының барлық мүшесі осы салада еңбек етеді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Берік Шайдуллаұлы алыс сапардан келген әр тепловозды мұқият тексеріп, жөнделген бөлшектерін айрықша бақылап шығады. Босаған бұранда мен аққан май, сыры кеткен бояу, сынған бөлшек сынды ақаулар қырық жылдан астам болат жолда тер төккен азаматтың назарынан шет қалған емес.
– Май құятыны май құяды, болт тартатыны болт тартады. Әр маман өзіне тиесілі жұмыстарын істеп шығады. Олар болған соң барлығын тиянақтылап бір қарап шығамын. Кемшін тұсы кезіксе, қайта жасатамын. Содан кейін ғана тепловозды шығарамыз, – дейді Берік Нағыметов.
Берік Шайдуллаұлының айтуынша, әкесі және өзімен бірге бір туған бес әпкесі мен інісі осы саладан бақытын тапқандар. Зайыбы Гүлсағира да теміржол саласының маманы.
Бүгінде 44 жыл еңбек өтілі бар Берік Нағыметов жанып тұрған бозбала кезінде слесарьдің көмекшісі болып алғаш еңбек жолын бастаған. Тиянақты ісі және жауапкершілігінің арқасында демде 2-разрядқа дейін көтерілген. Жұмысқа тұрған жылы Архангельск облысында екі жыл әскери борышын өтеп, елге келген соң жұмысын қайта жалғастырған. Сырттай Алматыдағы Тынышбаев атындағы теміржол институтын бітіріп, нағыз маман атанды. Оқу барысында Гүлсағира Шамшаева деген бойжеткенмен сөз жарастырып, шаңырақ көтереді. Гүлсағира осы күні СЧ-40 мекемесінде байланыс бөлімінде аға жетекшілік қызметті атқарады.
Теміржолшылар династиясынан шыққан Берік Нағыметов қырық жылдан астам маңдай тердің нәтижесінде қазір 4-5-разрядқа қол жеткізді. Еңбек еткен жылдары доңғалақ цехының бригадирі болды. Сол цехта шебер атанды. Техникалық бақылау бөлімінде тепловоздардың сапасын тексеру менеджерлігіне орналасып, бүгінгі күнге дейін абыроймен атқарып келеді. Көпжылғы еңбегі ескеріліп, мадақтауға ілінді. Елордадан жеткен құжатта лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны және ҚР теміржол көлігіне қосқан жеке үлесі үшін "Үздік өндіріс шебері" атағы берілген Диплом ұсынылды.
– Ең үлкен әпкем – Аршагүл Қазалы Локомотив жөндеу зауытында есепші қызметінен зейнетке шықты. Оның ізіне ерген апам – Бақытгүл СЧ-40 мекемесінің экономисі болды. Қазір бейнетінің зейнетін көруде. Үшінші тәтем – Дәметкен слесарлік бақылау жұмысының тексерушілігінен еңбек демалысына шыққан. Төртіншісі – Гүлсім Қызылорда байланыс дистанциясының кадр бөлімінде қызмет етеді. Інім – Асқар Қазалы Локомотив жөндеу зауытында тепловоз подшивниктерін қалпына келтіру 5-разряд слесарі. Қарындасым – Нұргүл Қызылорда байланыс дистанциясының техникалық құжат дайындау бөлімінің инженері, – дейді бізбен әңгімесінде Берік Нағыметов.
Ал бауыр еті ұлдары – Қуаныш Алматы теміржол институтын бітіріп, Астанада теміржол жабдықтау бөлімінің маманы. Дархан ТД-20 мекемесінде 2-класс тепловоз машинисі. Нұрдәулет те теміржол саласын меңгерген.
Бала кезде Берік әкесі Шайдуллаға еріп, зауытқа келіп, душқа түсетін. Сол жердегі еңбеккерлердің жұмыс барысын бақылап, қызығушылық таныта бастайды. Кейін мұнда жиі келуді әдетке айналдырады. Осылайша бала арманы толысып, келешекте қандай маман боларын нақты шешеді. Кейін мектептен соң ата-ана ізін басып, зауытқа жұмысқа тұрады. Тынбас адал қызметтің арқасында бірнеше цехты басқарды. Шебер, аға шебер болып, зауыттың барлық салаларында жұмыс істеп, қиын істің сан қырын меңгерген. Ол бүгінде теміржол қатынасының маңызды бөлігі тепловоздың кез келген бөлшегін тайға таңба басқандай тап беріп таниды. Қай жері дұрыс жасалды, қай жерінде ақауы барын қырағы көз және ішкі түйсікпен дөп басады. Жұмыс барысында зауыт еңбеккерлерінің жұмысын қабылдап, дайындалған сапасын тексерген соң қол қойып тапсырады.
– Мәселен, цехта тепловоздың моторын жинап болған соң, оны толықтай тексеремін. Содан кейін ғана тепловозға салуға рұқсат етемін. Доңғалақтар да ауыстырылғанда бастан-аяқ мұқият қарап шығамын. Ең басты бөлшек осі бақыланады және орнына орналасқанша қадағалаймын. Егерде ақау кездессе, қайта жөндеуге жіберемін. Әркез сапалы дүниені салдыруға қамданамыз. Он жеті жасымнан түрлі қызметте тәжірибе жинадым. Алдыңғы буын үлкендердің айтқанын екі етпей істедім. Үйреткенін тез қабылдадым. Оның барлығы жұмыс барысында сапалы іс атқаруыма септігі тиюде.
Қазір техника бақылау бөліміне – мотор, доңғалақ, дизель жинайтын, дайындық, автоматты цехтың барлығы қарағандықтан соларды қадағалау құзырыма кіреді, – дейді ол.
Сегіз қырлы, бір сырлы ағеден азамат алыс жолға шығатын тепловоздың ақауын дер уақытында тапқан кездері де болды.
– Басқа қаланың деполарына барып, ақауларды жойған кез болды. Мақат депосының тепловоздарын жөндеген күндер есте. Аягөз, Павлодар, Түркістан, Матайдағы деполарға іс сапармен бардым. Өткен жылы Әзербайжанның жағдайы нашар бұзылып келген 10 тепловозын алып, толықтай жаңалап шықтық. Тапсырысты Ресейден де аламыз. Қазақстанның барлық облысынан да сұраныстар түседі. Бір айда екі тепловоздан жөндеп тұрмыз. Қажетті құрал-жабдықтарды өзіміз әзірлейміз. Сыртын бояп, сырлап, кабинадағы орындықтарын жаңалап есігінің әйнектерін ауыстырып, мотор жаңадан салынып, өзгертіледі. Осылай зауыт жұмысшылары күн-түн тынбастан толықтай қалпына келтіреді. Әрбір жабдық арнайы қыздырып, құятын цехта бөлшек әзірленеді. Яғни түрлі-түсті металл құю цехында тепловоздың жабдықтары мыс, алюминий металлдарының сынған тұстарын бүтіндеу мақсатында, оны 700-1000 градусқа дейін қыздыратын пеште қайта ерітіп, арнайы қалыпқа құйып шығарады. Май болған бөлшектер ыстық суда жуылады. Зиянды әсердің алдын алу бағытында ағарған беріліп тұрады, – дейді Берік Шайдуллаұлы.
Әкесі Шайдулла депода экипаж цехында тер төкті. Құрметті теміржолшы болды. Еңбек адамы Берік Нағыметов әкесінің еңбегі еленіп, кеудесі орден, медальдарға толғандығын ерекше тебіреніспен жеткізді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА