Күй аңызы
Құрманғазы күйлері – қазақтың салқар даласын, паң даласын еске салады. Тегеурінді, жорғалаған күйлер жан азығы, көңіл шипасы. Әр адамның өмірбаяны болатыны сынды, әр күйдің өз өмірі, аңызы болары айқын. Ендеше, күйшінің қадау-қадау күйлерінің аңызы мен ақиқаты аралас тарихына көз жіберелік.
«Адай»
Бір сапарында Құрманғазы адай жауынгерлеріне кездеседі. Жауынгерлердің екі мыңдай түрікмен сарбаздарымен майданға шыққалы тұрғанын естіп: – Бұлар өздерінен бірнеше есе көп жауға қалай шабайын деп тұр? Қалай болар екен? – деп биікке шығып ұрыстың бағытын бақылайды. Бұл кезде үш жүз адай әскері бір қатарға тұрып, аттарының құйрығына қойдың терісін (тулақ) байлап, қатар тұрған күйінде қаптап тұрған түрікмендерге қарсы шапқан. Түрікмендерге қатар шауып келе жатқан адай жігіттерінің сүйреген тулағынан үлкен шаң көтеріліп, қою шаңнан олар өте көп болып көрінеді. Түрікмендердің бойын лезде үрей билеп, адайлар жақындағанда кейін қарай бытырай қашқан. Олардың артынан қуып, жеткендерін құлатып, қырған деседі. Мұны мұқият бақылап тұрған Құрманғазы адайлардың тапқырлығына, батырлығына таң қалып һәм арқаланып, сол жерде-ақ «Адай» күйін шығарған екен.
«Ақсақ киік»
Бірде Төремұрат, Нарынбайдың ауылында жүрген Құрманғазы киік атуға шығады. Әлдебір киікке оқталарда
жанындағылардан «Киіктің қай жерінен тигізейін?» деп сұрапты. Сонда күйшінің жолдастарының біреуі осы тигізе қояр деймісің дегендей: «Аяғынан» дей салыпты. Сонда Құрманғазы киікті көздеп атып, дәл артқы аяғына тигізіпті. Киік үш аяқтап ақсаңдап, қаша жөнелсе керек. Қожаңдап «қуамын» деген жігіттерге Құрманғазы рұқсат етпейді. Өзі домбырасын алып сол арада бір күй шертеді. Құрманғазының сырына әбден қанған Төремұрат күйшінің қасына ешкімді жібермей, әбден күйін шертіп болғанда ғана: «Жиенжан, бұл арада тағы бір нәрсе туып қалды білем, атын қойдың ба?», деп сұрайды. Сонда Құрманғазы біраз кідіріп, қуанған емес, күйінгендей келбетпен: – Нағашыеке, жаралының бәрі жаралы, жанның бәрі бірдей, өмір үшін күресте кімге оқ дарымайды. Біздің тұсымызда жаралы жан жалғыз киік пе? Атпайын деп едім, сіздің мына бір жігіттеріңіздің қыздырма сөзімен аттым. Бұл күйімді анау ақсап кеткен киіктей жаралыға арнадым, аты «Ақсақ киік» болсын,– деген екен.
«Қайран шешем»
Бірде күйші Орал түрмесіне тоғытылады. Түрменің Орда түрмесіндей емес, мықты, берік екенін көріп біраз налиды. Бірнеше күн ешкіммен кеңеспей, өзімен-өзі болып, қалың уайым теңізіне батады. Бір күні қысқа серуен кезінде Лавочкин деген тұтқынмен танысады. Ол «ақ патшаға тілі тигені үшін» қамалған орыс еңбекшісі болып шығады. Өзі қазақ арасында жүріп, қазақ тілін жақсы біледі екен.
Лавочкин өз шешесінің талай мейірбанды істерін есіне алып, әңгіме етеді. Құрманғазы болса небір еркеліктер көз алдына елестеп, көрер таңды көзімен атырады. Қатар жатқан Лавочкин де өзімен-өзі сырласып, аунақшып ұйықтай алмай шығады.
Ертеңінде Құрманғазы домбыраның қос ішегінде бір ескерткіш қалдырайын деп күй шертеді. Күйді Лавочкинге тартып бергенде, екеуінің ер мінезі бір сәт кейінге шегініп, жүректері босап, көз жасына ерік береді. Бірақ өмірдің небір өткел бермес асуларынан, асқар белдерінен өткен қайратты жігіттер тез өздерін-өздері жинап алып, күйді қайта-қайта орындап, тыңдап, оның ішінде тек сағыныш ноталары ғана емес, күш-қуат барын, тіпті сартылдап қашып бара жатқан аттың тұяғының сарыны барын естігенде, бірін-бірі тілсіз түсініп, ол сарынның арман даусы екенін сезінеді. Ақыры екеуі ақылдаса келе күй атын «Қайран шешем» деп қояды.