Теміржолшылар назардан тыс қалмаса
Теміржол саласы – ел экономикасының күре тамыры. Ал бүгінде ғасырдан астам тарихы бар Қазалы ауданының бұл саланың өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі зор. Бір ғана Кеңес үкіметі кезінде теміржол саласының білікті мамандарын дайындаған Қазалы көлік-техникалық учелищесінен қанаттанған түлектер сол тұстағы Одақтың сан саласында қызмет етті. Арысы Белоруссия, Украина, Латвиядан келіп оқыған жастар кейін дүниежүзінің әр қиырына аталмыш саланы одан әрі жандандыруға аттанды.
Әрине бұл мамандық пен ауданнан шыққан теміржол саласының түлектері қазірдің өзінде сапалы кадр ретінде жоғары бағаланды.
Дей тұрғанмен аталмыш маман иелері мен ардагерлері кей-кейде аудандағы түрлі шаралардан тыс қалып қояды дейді редакциямызға арнайы келген теміржол саласының ардагері Муапық Құрман есімді ақсақал.
– Қазалы ауданының теміржол саласын күллі Қазақстан, бұрынғы Кеңес Одағының құрамындағы елдер біледі десек артық айтқандық емес. Өзім де осы салада табан аудармастан 45 жыл еңбек еттім. Бозбала болып кіріп, ақсақал болып шықтым. Мен секілді көптеген азаматтар ел кәдесіне жарау жолында қыруар қажырлы еңбек жасадық. Бір қынжылтатыны, теміржол саласын жалпылама мақтап, насихатталғанымен ауданның мәдени-әдеби шаралары мен спорттық додаларынан қалып қойып жатады. Бұл бүгін немесе кеше болып отырған жай емес. Көп жылдан бері осылай.
Бүгінгі таңда аудандағы теміржол мекемелерінде мыңдаған жандар еңбек етеді. Олардың ішінде жастар да, әйелдер де, тіпті ел ағасы болып қалған азаматтар да бар. Ертеректе, осы теміржол мекемелерінің арасында спартакиадалық жарыстар, түрлі өнер фестивалдары өтіп тұратын. Күнделікті қара жұмыста жүрген жандар өздерін бір сәт қоғамның бір бөлшегі ретінде сезініп, серпіліп қалатын. Бойын жазып, айналаға қарап ойын түзейтін. Осының негізінде жас кезімізде бізде түрлі облыстық, республикалық жарыстардың ортасынан табылып, жоғары жетістіктерге жеттік.
Кейінгі уақытта байқауымша, мұның бірде-біреуі көрінбей кетті.
Осы мәселені сіздердің редакцияларыңыз арқылы аудан басшыларына ұсыныс ретінде айтқым келеді, – дейді Муапық ақсақал.
Ал өз кезегімізде ақсақал тілегін біз де назардан тыс қалдырмауды жөн көрдік.
«ҚАЗАЛЫ» редакциясы