Сыр сүлейі Ерімбет
Ақ жарылқап жеткен биылғы 2025 жылы Сырдың саңлақ шайыры, XIX ғасырдың басындағы қазақ жазба әдебиетінің қалыптасып, өркендеуіне (өсиет, терме, жырымен, жұмбақ айтысымен, қисса-дастанымен т.б) сүбелі үлес қосқан, қазыналы Қазалы топырағының перзенті шайыр Ерімбет Көлдейбекұлының туғанына 175 жыл толады. Осы айтулы мерейтойдың әлқиссасы мен беташары есебінде өңір шежіресі мен айнасы – «Қазалы» газеті оқырмандарына ақынның немере інісі, Көлдейбек атаның Адайынан өрбитін Арызымбетұлы Самұрат (1912-1984 ж) ағаның шайыр атасы туралы сонау 1947 жылы жазып, тиісті ғылыми мекемелерге (М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер иституты т.б) өткізген. Алайда мерзімді басылымда жарық көрмеген, мұрағатында ұзақ жыл сақталған «Ерімбет Көлдейбекұлының қысқаша өмірбаяны» атты құнды жазбасын ұсынып отырмын. С.Арызымбетов ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты. Биологияның негізгі терминдеріне арналған «Орысша-қазақша ауыл шаруашылық» сөздігінің («А.Казполиграфиздает» баспасы, 1952 ж) авторы. Ұлт пен тіл, әдебиет жанашыры. Туған тілінің жоғын жоқтап, өткір мәселені Мәскеудің Кремліне, тіпті әлемдік Біріккен Ұлттар Ұйымына дейін көтергені үшін билік тарапынан қуғындалған. Шайыр атасының ел аузында жүрген біраз өлең-жырын, жыр-дастанын қағазға түсіріп, әдебиет институтының сирек қолжазбалар қорына өткізген. Ағамыздың сол құнды дүниесі бүгінгі таңда қажетімізге жарады. Еткен еңбегі, төккен тері ескерусіз әрі ұмыт қалмағанына шүкір, тәубе дейміз.
Газет оқырмандары арқылы аудан жұртшылығына жеткізетін ақжолтай хабарымыз: шайыр атамыздың биылғы 175 жылдық мерейтойына Мәдениет және спорт министрлігінің (қазіргі Мәдениет және ақпарат минстрі) 24.02.2023 жылғы №60 бұйрығымен бекітілген. «2023-2025 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесін бекіту туралы» іс-шарасына енгендігі, жауапты орындаушы Қызылорда облысының әкімдігі екендігі атап көрсетілген құнды құжаттың қолымызға тигендігі. Демек бұл маңызды, рухани шара бұрынғыдай аудандық деңгейде қалып қоймай, республикамызды қамтуына Үкімет тарапынан ыстық ниет танытылуда. Ендігі серпінді құлшыныс пен берекелі іс-әрекет сіз бен біздің азаматтығымызға сын екенін ұмытпағанымыз абзал. «Шеңгел де өз жерінде гүлдейтінін» қаперден шығармаған жөн, ағайын, туыс, бауырлар!
Ақын Ерімбет Көлдейбекұлының қысқаша өмірбаяны
(1850-1912)
Ақын Ерімбет Көлдейбекұлы кіші жүздегі Әлім тайпасының Қарасақал руынан, оның ішінде Сарбас аталығынан шығады. Өзі 1850 жылы туып, 1912 жылы май айының 25 күні, 62 жасында Қазалы уезіндегі, Қуаңдарияның бойындағы Қызылжар деген жерде қайтыс болған. Қабірі сол Қызылжарда. Туып-өскен жері осы күнгі Қызылорда облысының, Қазалы ауданының бұрынғы 18 ауылы.
Әкесі Көлдейбектен бес бала туған: Адай, Атымтай, Ақтантай, Қосбамбет және Ерімбет. Яғни Ерімбет ең кенжесі. Нағашысы атақты Жанқожа батырдың ағасы Ақмырза батыр. Көлдейбек орта дәулетті, мал баққан қара шаруа болған. Негізгі қонысы Қызылқұмдағы Жаңадария мен Қуаңдарияның бойы, кейде, Қызылқұмның арғы шеті – Дәуқара дейтін жерге дейін көшіп барады екен.
Баласы Ерімбет мал бағу жасына жеткеннен кейін, әкесі оған өз қойын бақтырып, 16 жасқа жеткенше Ерімбетті қойдан шығармайды. Туа біткен жігер мен талантты Ерімбет өмірдің шыңына тартады, ол жасынан өнерді, білімді аңсайды. Келе-келе бұл ойын шет-шебірлеп әкесіне де білдіреді, бірақ баласының бұл арманына әкесі құлақ аспайды. Әкесі балаға қаталдау, суық кісі болады. Ақыры, қойшылықтан босанудың жайбарақат жолын таба алмағандықтан, ол енді оның басқа жолын іздейді.
Бір күні кешке таман қойларды ауылға айдап жіберіп, оқу іздеп Ерімбет жалғыз өзі Хорезм жұртына қашады. Әуелі сол жақта жүрген үлкен ағасы Адайдың қолына барып, одан әрі, Әмударияның арғы жағындағы Шеккі Хазреті деп аталатын үлкен медресеге барып кіреді. Сол медреседе Араб молда деген кісіден оқиды. Сонда үш жыл оқып, арабша хат таниды. Сол кездегі шығыстың көркем әдебиетін өздігінен көп оқи бастайды. Бірақ медреседе үш жылдан артық оқуға тұрмыс жағдайы көтермейді: киім, тамақтан аса кемтаршылық көреді; әкесінен ешбір жәрдем болмайды. Ақыры болмағасын, оқудан шығып, ел ішіне кетеді. Онда алдымен Қызылқұмдағы Бұхараға қарасты, ел жайлаған құдықтарда отырған Шөмекей тайпасының атақты байы Аманды деген кісіге барып, мектеп құрады, оның балаларын оқытады.
Сол кезде ол байдың бойжеткен Қаным атты қызы болады. Ерімбеттің осы қызбен сөзі жарасып, оны алмақ болады, қыз да тимек болады. Бірақ екеуінің қосылуына, Ерімбеттің «жалғыз атты кедейлігі» және қызды басқа бір жердің айттырып қойғандығы кедергі болды. Ақырында қыз былай дейді: «Әкем жас күнімде мені, Әлімнің Шекті деген руының байы Нұрпейіс дегеннің баласына атастырып, құда болып қойған еді. Ал жақында мені алуға сол құда, күйеу келеді. Менің әкем халық ішінде инабаты бар, басты адамның бірі. Сондықтан сен мені Шектілер ұзатып алып шыққаннан кейін, жолшыбай алып қашасың, әйтпесе, оның бер жағында, әкемнің жүзін төмен қаратып, менің рұқсатсыз үйден шығып, сенімен кетуім әкеме де және халқыма да ар-намыс болады». Ерімбет қыздың бұл айтқанына көніп, құда, күйеудің келуін күтіп жүре береді. Кешікпей олар да келеді. Сол кезде рұқсат алып, молдалықтан босап, сырттағы елдерде, қыздың ұзатылуын күтіп жатады.
Бір күні қызды ұзатып, құда, күйеу жолға алып шығады. Мұны естіп, бұлармен қаралас, жолдың бір жағымен, құда, күйеуге көрінбей Ерімбет жүріп отырады. Ауылдан үш қонып шыққан соң, кешке таман құда, күйеу намаз оқуға аттарынан түседі. Сөйтеді де ұстап тұру үшін аттарын ұзатып келе жатқан келіншекке береді. Құда, күйеу намазға кірісіп, бастарын жерге тигізген кезде, келіншек екі атты қосарға алып, құда күйеуді жаяу тастап, Ерімбеттің келе жатқан жағына қарай елеусіз түрде жүріп кетеді. Қырқадан, асудан Ерімбетпен қосылып, екеуі Бұхар тауына қарай қашпақ болып мақұлдасады.
Сол қашудан бірнеше күнде Бұхар тауының еліне келеді. Сонда Алаша руындағы Көздембай деген кісінікіне барып паналайды. Манағы құда, күйеу қыздың тіккен отауын артқан түйелермен Сыр бойындағы еліне келеді. Жесірінің кеткеніне ар қылып, Нұрпейіс бай ағайындарын жиып, қырық адам іздеуші шығарады. Жолға әбден күтініп шыққан қуғыншылар жесірін іздеп, Бұхар тауына келеді. Келе жатқан қуғыншының хабарын естіп, Көздембайдан рұқсат алып, Ерімбет Хорезм жағына қашады. Ерімбеттің басқа жаққа қашқанын естіп, қуғыншылар оның ізінен қалмайды.
Ақыры, Хорезмге қарасты Дәуқара деген жерде ұстап, Ерімбетті байлап, сабайды. Үрпіне ши жүгіртіп, ақірет көрсетіп, өлтірмекші болады. Бірақ сол жердегі ел адамдары араға түсіп, Ерімбетті байлаудан босатады, мал бермекші болып, бітім сөйлеседі. Алайда жесір иесі мал алуға көнсе де, Ерімбеттің әкесі Көлдейбек – мал беріп, балама қатын әпермеймін, деп мал беруге көнбейді. Ақырында, болмағасын, айыбы деп шамалы мал алып және жесірін алып, Шектілер еліне қайтады.
Ерімбет сүйген жарынан айрылып әрі ақірет, азап көріп, әрі солардың қайғысына шыдап жүре алмай, жалғыз атпен Сыр бойына кетеді. Сол кезде Қазалы уезінің Қалыңбас болысына Жанарыстан Жайықұлы деген кісі болыс екен. Ерімбет сол кісіге песірлік етеді. Сол сияқты би, болыстармен өзінің қызметінің арқасында бірге жүре береді. Бір сайлауда халық биі болып сайланады. Бірақ екі жылдан кейін билікті тастап, Қармақшыға қарайтын бес болыс елге арық ақсақал болып кетеді.
Бұл кісінің алғашқы байсалдап өлең жазғаны: Қаным қызды алып қашып барып, Көздембайдікінде жатқан кезі. Сол кезде Көздембайдың Жекей атты жеті жасар жалғыз қызы бар екен. Сол Жекейді өзімен айтыстырған етіп, өлеңнің екі жағын да өзі айтады. Бірақ кейін, Ерімбет Жекей қызбен айтысыпты-мыс деген ел аузында аңыз қалады. Содан кейінгі басты жазған шығармалары: «Атымтай жомарт», «Сәдуақас сақи», «Ақтам сахаба» дастандарын және толғаулардан жазғаны – «Аңдыла сөз», «Шәй», «Бұл дүние», «Полат темір», «Бұлбұл», «Толғама көңлім», «Баймақан», «Әзберген-Діліш», «Жолданды», «Ащы су», «Айтпаймын», «Байғабыл», «Құттыбай», «Омармен айтысы», «Петербордағы мешіт», «Біреу көрдім», «Бір су көрдім», «Қыпшақбай», «Жалғасбай», «Беташар» толғауы», «Кәрілік», «Мірғалым», «Батсайы», «Бір тойда», «Жұмбақтар», «Өлеңмен жаз», «Оқудағы баласы Мақамбетке жазғаны» т.б. Бұлардан басқа тағы да, арғы заманнан алып, өз заманындағы ұрпақтарға шейін талдау айтып келетін, қазақ тарихынан алынған, қара сөзбен жазылған үлкен тарихи-шежіресі бар және ел аузында жүрген ұсақ өлеңдері де бар.
Ерімбет көбінесе ұзақ өрелі шығармалар, оның ішінде, әсіресе замана-тұрмыс жағынан алынған ұзақ толғаулар және көлемді дастандар жазған адам және оларды өз қолымен жазып, қағаз жүзіне түсіріп отырған. Бұл кісінің өлеңдері қолжазба түрінде, ауызекі және жыраулар арқылы Сыр бойы мен бүкіл Арқаға, Хорезм жұртына және жалпы айтқанда, бүкіл қазақ еліне көп тараған. Бұл айтылған жерлерде Қарасақал Ерімбет ақынның атын білмейтін адам шамалы болар.
Ерімбеттің замандас, тұстас ақындары өте көп, оның ішінде әсіресе, XIX ғасырдың екінші жартысының аяқ кезіндегі ақындар көбірек кездеседі: Базар жырау, Молда Жүсіп, Бұдабай, Омар Шораяқұлы тағы басқалар.
Ерімбеттің жоғарыда аталған шығармаларының да біразы әлі жиналмаған, ал жалпы ұсақ өлеңдері тіпті аталмай отыр. Оларды жинауға мүмкіншілік бар. Бірақ оны құнттап, қолға алу керек.
Ерімбеттің өзіне мал бітіп, бай болған адам емес. Тек осы ақындықтың арқасында, әділдік, адалдығының арқасында және ақыл мен талантының арқасында және қатар жүрген басты адамдардың арасында абыройлы болып, халық аузына ілінген адам.
Самұрат АРЫЗЫМБЕТОВ,
немере інісі, шайыр мұрасының жанашыры.
Ұсынушы: Самұрат ағамыздың сонау 29.01.1947 жылы жазғанын сол қалпында ұсынғанды жөн санадық. Ерімбеттің үлкен ұлы Махамбеттің дерегі бойынша қағазға түсірілгені айтылады. Шайырдың бір топ өлең-жырлары, дастаны мен қысқаша өмірбаяны ҚР ҰҒА орталық ғылыми кітапханасы қолжазба қорына, кітапханаға өткізілген.
Қараша ҚАРАМАН,
өлкетанушы журналист, Ерімбет мұрасын жинақтап, зерделеуші.