Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғани туған топырақ

Ғани туған топырақ

Ұзақ жылғы әдебиет пен өнер саласындағы тарихи тұлғалардың өмірбаянын, туған топырағы мен өскен ортасын зерделеген тұстағы тәжірибемнен аңғарып, көңілге түйгенім, осы төңіректе әу-баста жіберілген кемшілік атаулы бір автордан, екінші авторға кідіріссіз көшіп, қайталанатыны еріксіз қынжылтады. Басты себеп – ізденбеуде, дайын асқа тік қасық болуда жатыр. Бұл турасындағы жанды мысалды алыстан іздемей-ақ, Сырдың саңлақ сүлейі, Қарасақал Ерімбет шайырдың (1850-1911 ж.) өмірбаян дерегінің кейбір тұстарының кейінгі күнге дейін дәлдігі мен ақиқаты сақталмай бұрмаланып келуі дер едім.
Айталық, Қазақ ССР Ғылым Академиясы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты әдебиетші ғалымдарының дайындауымен жарық көрген «Айтыс» (Екінші том. А. «Жазушы», 1965 ж.)кітабының 657-і бетінде Қарасақал Ерімбет 1844 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында туған делінген. Ақын өмірбаянына қатысты әу-басында жіберілген олқылық араға отыз сегіз жыл салып, Қазақ Ұлттық энциклопедиясының бесінші томында (2003 ж.) қайталанды. Ерімбеттанушылардың кейінгі зерделеуіне сүйенсек, шындыққа жүгінсек шайыр 1850 жылы туып, 1911 жылы өмірден өткендігі (баласы Құлахметтің бертіндегі жазбасына сай) мәлім болды. Айтпағымыз, бұл бағытта нақтылық пен дәлдіктің ауылынан бір сәт те алыстамауымыз керек.
Алдағы 2025 жылы туғанына 175 жыл толатын Ерімбет шайырдың өмірбаянындағы осы бір әттеген-ай ізі жерлесіміз, бауырымыз, Күншығыс және Орта Азия жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев (1902-1925 ж.) ағамыздың дүниеге шыр етіп келген, туған топырағын нақтылау барысында да анықталып отыр. Мысалы, әр жылдары жарық көрген энциклопедиялық еңбекте 3.06.1902 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданында дүниеге келген (ҚСЭ) А. 1976 ж. 8 том, ҚҰЭ. А.2004 ж. 6 том) делінген. Осы бір сарындылық Қызылорда облыстық «Сыр елі» энциклопедиясында (А. 2005 ж.) қайталанады. Дәлдігі мен нақтылығы басым түседі деген, Қазалы ауданының 70 жылдығына орай жарық көрген тарихи-танымдық «Ортаймаған қазаны – қасиетті Қазалы» кітабында (А. «Атамұра», 1998 ж.) «Ғани 1902 жылы 3 маусымда Қызылорда облысы, Қазалы ауданында (Қазалы уезі) өз есімімен аталатын ауылда Ғ.Мұратбаев ауылында дүниеге келген», – деп көрсетіледі.
Әйтсе де кейінгі жылдары БАҚ-да Ғанимен бір дәуірде ғұмыр кешкен, жақын туыстарының нақтылыққа құрылған деректері жарық көре бастады. Соның бірі Шиелі кенті тұрғыны, жастар жетекшісінің немере ағасы Ағыбай Салықбаевтың сонау 1970 жылы қағазға түскен, «Ғани «Арғымақ» жайлауында туылған» атты сұхбаты жергілікті тілші С.Құрмановтың (С.Құрманаев. Авт) авторлығымен «Қазалы» газетінде (19.09.2012 ж.) ақын, журналист Ж. Мәкеналының түсіндірмесімен жарық көрді. Ғани ағамыздың туғанына 110 жыл толу құрметіне орайластырылған аталған сыр- сұхбат көп жайттан хабардар етеді. Ата-санақ шежіреге жүгінер болсақ, Маябақ аталығының Қожетінен туған Салықбайдан Ағыбай, ал Мұратбайдан Ғани тарайды. Ғанидан төрт жас үлкендігі бар (1898 ж.т.) Ағыбай ағамыз етжақын інісі 1925 жылы 15 сәуірде Мәскеуде дүниеден озғанда елден жоқтаушы болып барған, топырақ салған адамның (жанында Ғанидың жұбайы Бақытжанмен жақын туысы Ерімбетұлы Құлахмет бар) бірі. Сол Ағыбай ағамыз бұл естелігін 71 жасында тілшіге былайша жайып салған: «Мұратбайдың ең сүт кенжесі Ғани 1902 жылы бидай орағы кезінде бұрынғы Қазалы уезінің Қарақұм өңіріндегі «Арғымақ» деген жайлаудағы төбеде туылған. Ал, мен сол кезде төрт жаста едім. Азын-аулақ өзіндік дәулеті бар Мұратбайдың ұлды болғанда бәйге беріп, ат жарыстырып, той-томалақ жасаған не жасамағанын жастығымнан болса керек, біле бермейтінмін», – дей келіп, бертінде дертке ұшыраған Ғани інісінің хал-жағдайын сұрап, 1925 жылдың наурызында Мәскеуге барғанын, жанында болғанын баяндайды. Ізінше дендеген сырқаттан көз жұмған Ғанимен қоштасуға Мәскеуге барғанын хабардар етеді. Ұқыпсыздық салдарынан Ғанидың көптеген құжаттары, фотосуреттері, жазған хаттарының жоғалып, қолды болғанын да айтады. Ағыбай ағамыз бертінде дүниеден озған. Кейінгі ұрпақтары Шиелі кентін мекендейді.
Хош делік! Шығыстың шамшырағы атанған Ғанидың немере ағасы Ағыбай қарияның тарихи дәлдік үшін аса маңызды бұл ақпаратын ұзақ жыл ұстаздық еткен, тарихшы, өлкетанушы Үргенішбай Қуат ағамыз Ғ.Мұратбаевтың туғанына 120 жыл толуына орай зерттеуден туындаған «Ғани ғұмырбаянына қатысты кейбір деректер» мақаласында («Сыр бойы», №116, 4.08. 2022 ж.) «Өмірден өткен Қарасақалдың көнекөз қарияларының айтуына қарағанда, Ғанидың кіндік қаны тамған туған топырағы осы күнгі Арал қаласынан елу шақырым жердегі Тоқабай елді мекенінің шығыс жақ бетінде жатқан «Арғымақ төбенің» маңайы. Бұрынғы «Жіңішке құм» кеңшарының директоры Қоңырбай Рыстығұлов ағамыз 1986 жылы «Арғымақ төбеге» бөктерлес жатқан құмды бұйрат қойнауындағы Қаракөз деген су қайнары атқылаған нулы жерде жаңа қора (баз) салдырып, Ғаниға аталас туыс болып келетін Қожақ деген ақсақалға бір отар қой бағуды бекітіп береді. Елдік шежіре, тарихты жетік білетін зерделі басшының бұл шешімі Ғаниды еске алудың бір мүмкіндігі болған. Біздің ата-бабаларымыз көшпенді заманда осы жерлерді қоныс еткен. Ғани да осы жерде туған еді», – деп айтып отыратын.
Байқалып отырғандай, ел мен жер тарихының білгірі Үргенішбай замандасымыз жоғарыда сөз болған Ағыбай ақсақалдың айтқанын толықтырумен қатар сол құнды деректі көзін көрген, дәмдес болған, білікті шаруашылық басшысы Қоңырбай ағамыздың қисынды дәлелдерімен жетілдіріп, байытып отырғаны қуантады. Бүгінгі таңда жалықпай зерттеуден, ізденуден туған құнды жарияланымдар арқылы қазіргі Ғанитанушылар қатарын толықтырып отырған жергілікті қаламгер жақында әлеуметтік желі арқылы (уатсап) жолданған «Арғымақ төбе» бейне көрінісіне орай білдірген ой пікірі: «Ия, біздер бұл мекенді «Арғымақ төбе» дейміз. Ылдиында Мұратбай болыстың бір ғасыр бұрынғы Қаракөз деген қыстауының орны сақталған. Осы жерді Қоңырбай аға маған көрсеткенде әу басында сулы бұлақ болған дейтін. Әрі қарай жағалай беретін болсақ, Орысбай жазығы (Мұратбайдың туысы Автор), Бектас пен Құлыс базы, Қаратаз, Жандос, Төртім батыр моласы т.б. жер атаулары болып кете барады. Ұзындығы 12 шақырым құрайтын Жанту тақыры, қасында Ұябай кесенесі бар. Бәрі де Қарасақал аталығының қоныстары болған», – деп жоғарыдағы деректемелік мәліметті толықтыра, нақтылай түседі. Ізденімпаз ағамыздың бұл айтқанына риза болған өз басым сол мезетінде телефон арқылы ризашылық алғысымды жеткізген едім. Ізінше «Арғымақ төбе» жайлауы көрінісіне орай білдірген (16.09.23 ж.): «Болашақта осы төбеге Ғани ағаның дүниеге келу құрметіне арналып, ескерткіш белгі орнатылса құба құп болар еді», – деген ұсынысты ағамыз өз басының толықтайқолдайтынын жеткізгені тағы бар.
«Өлмеген құлға келер жаз» дегендей халқымыз аман, жеріміз тыныш болған жағдайда көзді ашып-жұмғандай мерзімде, яғни үш жылдан соң (2027 ж.) Ғани ағамыздың туғанына 125 жыл толады. Республикамыз бен облыстарымыздың шартарабында да аталып өтер осы игі шараның ауқымында жалынды жастар жетекшісінің кіндік қаны тамған атақты «Арғымақ төбеге» Арал ауданы әкімдігі мен ағайын-туыс6 жұрағаты көмегімен еңселі де көрікті ескерткіш белгі орнатылса нұр үстіне нұр болар еді. Өткен жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегінде білімділігі мен зеректігінің арқасында күн көсемі сәулетті Қазақстан мен күллі Күншығыс жастар қозғалысы оларды білім мен еңбекке, өнерге шақырған тоқ қала Ташкентті паналаған жүздеген аш-жалаңаш жетім балаға қамқоршы бола білген, ұлтымыздың мақтан тұтар оғыланы Ғанидай арысымызға халықтық құрметтің көрінісі саналатын алдағы қойылар ескерткіш белгіге: «Бұдан 125 жыл бұрын қазыналы Қарақұмның «Арғымақ төбе» жайлауындаШығыстың шамшырағы Ғани Мұратбаевтың (1902-1925 ж.) кіндік қаны тамған», – деген айшықты жазу жазылса елдіктің ерен әрі тағылымды көрінісі саналар еді. Алдағы жылы (2025 ж.) Ғани ағамыздың дүниеден озуына жүз жыл толуына орай зиярат етуге ниет білдіргендер оның Мәскеудегі Ваганьков зиратындағы қабіріне туған мекені «Арғымақтөбенің» топырағын алып баруды ескерсе сауап болар еді. Ия, алдағыны Алла білетінін де қаперден шығармағанымыз жөн-ақ!
Сөз соңында айтпағым, белгілі бір шаруамен Алатаудың етегінен айдынды Аралға барған сапарымда (қыркүйек, 2023 ж.) көптен бері көкейде жүрген іске жәрдемін тигізген, өтінішімізді жерге қалдырмай «Арғымақ төбе» беткейін арнайылап барып, фотосуретке түсіріп, әлеуметтік желіге салуға жәрдемдескен Тоқабай ауылының байырғы тұрғыны болған, озат шопан Ерғали ағаның қызы Аида мен оның отбасына, елгезектік танытқан ұлына айтар алғысымыз зор. Болашақта да бір бірімізді осылайша қолдап, қуаттай жүрейік! Бұл ұсыныс пікіріме Сіздер қалай қарайсыздар, қадірменді оқырман! Бұл тілегімізді жергілікті билік өкілдері мен жанашыр жандар да қаперіне алар деген ойдамын. Мың шыж-быждан, көпірме көп сөзден бір берекелі іс артық дейді аталарымыз. Өлі риза болмай, тірі байымасын естен шығармайық, ағайын!

Қараша ҚАРАМАН,
журналист.
18 маусым 2024 ж. 589 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031