Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағдыр тәлкегіне төтеп берген данагөй

Тағдыр тәлкегіне төтеп берген данагөй


Фото:
Кейіпкер мұрағатынан
Ел арасында ғасыр жасаған адамдар ара-тұра кезігеді. Ұзақ жасаудың сырын бірі еңбекке ерте араласып, шыныққаннан десе, бірі жүйкенің мықтылығынан дейді. Қалай болса да, оның түпкі дәлелін ешкім дөп басып таппады.
Қазалы ауданында да ұзақ жасағандар бар. Нақты айтқанда, Әйтеке би кентіндегі №5 ықшам ауданының 12 учаскесінде тұратын Нұрбай Қошанұлы қазір 98 жасқа келді. Әрине, аз жасамаған қария қазіргі кезде көп сөйлесе шаршап қалады. Өзі тұрып жүре алады. Алайда екі-үш жыл бұрынғыдай алысқа сапарлатып, үйді үйге қонаққа баруды азайтқан. Есесіне естіген жұрт қариядан бата алуға өздері келеді.
Нұрбай Қошанұлы «Қарлан қайығы» аталатын «Қызыл әскер» колхозында дүниеге келген. Анасы Төлебике ашаршылық уақытында далада жыңғыл теріп, үйін жылытатын. Сондай қыстың қақаған аязында аяғы ауыр, айы-күні жеткен ол айдалада жан жоқ жерде еріксіз босанып қалады. Бәлкім сол кезде бойына суық дарығаннан ба, дендеген дерттен екі жылдан соң көз жұмады. Әкесі Қошан титықтатқан күйбең тірлікте балаларына қамқоршы болар деген оймен екінші рет үйленеді. Бірақ Нұрбай он жасқа толғанда әкесі қайтыс болады. Ал өгей шешесі оны үйден қаңғытып жібереді. Ас-сусыз далада қалған тұл жетім ағайындарының үйін паналайды. Сол туыстарының барлық үй шаруасын атқарады. Дегенмен олардың да ішерге ас табуы қиындағандықтан он ай паналатқан соң Қазалы қаласында жетімдер үйі ашылғандығын айтып, сонда баруын жеткізеді. Тағдыр тәлкегіне көнбеске амал жоқ. Жылай-жылай күздің уақыты екен, үстінде жалғыз жиде мен жұқа шалбармен шыққан ол бір арыққа құлап, денеге өткен суық ызғардан басы айналып, қалшылдай бастайды. Шарасыз бүктетілген оның ойына «өлген жерім осы болды-ау» деген үрей келеді. Алайда «жыртық үйдің Құдайы бар» демей ме, есекке мінген бір жолаушы оны байқап қалады. Ол жаны аласұра әлсіз баланы күпәйкісіне орап, жылытады. Аузына су тамызып, бір үзім нан береді. Осылайша оны қаладағы жетімдер үйіне жеткізеді. Мұнда ес жиған Нұрбай жақсы кезеңді өткереді. Киімі бүтінделіп, ас-ауқаттан қиындық көрмейді. Жататын орны таза, жылы жерді тапқанына риза болады. Десе де бұл қуанышы көпке бармайды. Араға уақыт салып, жетімдер үйінің жағдайы да нашарлайды. Басшылық балаларды таратуды шешеді. Осы күннен бастап бала тағы да далада қалады. Әр үйге бас сұққан ол, біреудің бұйырғанына жалтақтап, бір үзім нан үшін кез келген жұмысты орындауға әбден ысылды. Есейіп қалған шағы «Еңбек майданына» жарамды адамдарды алып кетуге бұйрық шығады. Бұл уақытта Айша деген жеңгесі қолындағы аурушаң қызын бағатындықтан, оған адам қажет еді. Ал Айшаның тағы бір баласы болса, «Еңбек майданына» алмайтынын естіген соң қайнысының Нұрбай есімді баласы бар екені есіне түседі. Оны тауып, құжаттарын нақтайды. Жасын алты жылға кемітіп әзірлейді. Құжат бойынша әкесі – Жұбаназар, шешесі – Айша деп куәлігін өзгертеді. Себебі соғысқа әкету қаупі туындайды.
Осылайша жаңа шаңырақта егін егумен айналысады. Бидай, жүгері егеді. Еккен егіні бітік шығып, жақсы өнім жинаған. Оны жерден ұра қазып, сонда көміп тастайды. Бір күні малшылар екі қап жүгеріге бір сиыр беретіндігін естіп, ұрадағы егінінен екі қабына сиыр алады. Сөйтіп айран, сүт ішіп, құрт пен ірімшікке қарқ болады. Жеңгесі де өнерден құр алақан емес екен. Тігін тігумен айналысып, шапан пішеді. Киіз басады, алаша тоқиды. Солай жыртықтары бүтінделіп, қарындары тояды. Қалған өнімін де сатып, қараша үй алып, жылы жерге орналасқан олардың жағдайлары жақсара бас­тайды.
Кейін оқу оқып, теміржолға жұмысқа орналасады. Ісіне мығым жігітті қолдағандар табылып, кейін машинисттің көмекшісі болады.
– Қолға құжат алған соң сол кездегі темірдей тәртіп бойынша тәжірибемен алмасу үшін жан-жаққа жіберетін. Сабақ барысында Борис Григориевич Жемчужин деген ұстазым әрі мастерімнің маған көңілі ерек болды. Содан да болар ол ешқайда жібермей, мені алып қалды. «Сен менің жанымда боласың» деп депоға апарды. Мұнда барлық құрал-жабдықтарды қалай қолдануды көрсетті. Сондағы басшылармен таныстырып, оларға тапсырды. Сосын тепловозға апарып, бір күннің ішінде машинист көмекшісі етті. Соның нәтижесінде қырық жыл теміржол саласында тер төктім, – дейді Нұрбай ақсақал.
Қиын да, ауыр кезді өткерген қарт жылдар бойғы жиылған естелік пен іштегі қатқан шерді шығарып сәл шаршап қалды. Батаны ұқсатпай түрлендіріп беретін қария бұл жолы қысқа қайырды.
– Әркез игі ісіңде талабың оң болсын. Өмір жасың ұзақ, еңбекте алда болу нәсіп етсін. Жорытқанда жол болып, Қызыр баба серігіңе айналып, дем берсін. Ғайып ерен, қырық шілтен қолдасын, – деп ақ батасын берді.
Зейнет жасына дейін абыроймен атқарған данагөй ақсақал бүгінде немере мен шөбере арасында құрметке бөленіп отыр.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
18 қаңтар 2025 ж. 45 0

Қара шаңның қасіреті

17 қаңтар 2025 ж. 90

Есірткі туралы ертегі

17 қаңтар 2025 ж. 75

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031