Шайтанның тойына тап болған Сақымбай ата
Тылсым дүниенің таусылмас құпиясы мен ашылмаған сыры көп емес пе? Біреуді жын ұрыпты, біреуді жын арбапты, енді біреулер әруақпен тілдесіпті немесе сайтанды көріпті деген сынды жан тітіркендірер жайттарды көзбен көріп, басымыздан өткермесек те, ара-кідік естіп жатамыз. Бүгін мен ұзынқұлақтан емес, өзімнің әжемнің ауызынан естіген шынайы оқиғаны Сіздерге баян еткім келеді.
...Сақымбай ата ол кезде жиырмадан енді асқан бозбала шағы еді. Бала кезінен-ақ еңбекқор болған-мыс. Таңнан кешке дейін бір тынбайтын. Қора жайғау, мал бағу, шөп тасу ̶ бәрін өзі-ақ тыңдыра беретін... Сол атамыз бір күні көрші ауылға шөп орып келуге шығады.
Сөйтіп, көнетоз арбасын жаман есегіне жегіп, түс ауған уақытта аттанады. Екі ауылдың арасы біршама қашықтықта орналасқан. Содан таулардың арасымен жүріп отырып діттеген жеріне де жетеді. Бірден жұмысына кірісіп, яғни малға бірнеше күнге азық болатындай етіп шөп орып, арбасына артып, бетін жауып қояды. Өзі сол жерде жатып, кішкене тынығып, қайта жолға шығады.
Бұл кезде күн ұясына батып, айналаға қараңғы түсе бастаған. Атамыз «түннің құрсауында қалып қоймайын» деп жолды қысқартпақшы болып, бағытын өзгертіп, басқа жолмен жүре бастайды. Бір кезде күн бұлттанып, даланы соқыр тұман басады.
Айдалада жалғыз өзі қалып қалған атамыз не алға, не кері кетерін білмей, ортада тұрып қалады. Әлдебір дауыстар естілетін сияқты. Атамыз сырттай сыр бермесе де, іштей үрейлене бастайды. Кенет қыздардың сыңғырлаған дауысы естіледі. Бара-бара жақындай түседі. «Әй, жігітім», ̶ деп екі қыз атамыздың алдына кесе-көлденең тұрып алады. Бірінен-бірі асқан хас сұлудың өздері. Алғашында атамыз сұлулығына тоймай, екеуіне кезек-кезек қадалып қалады. Бірақ артынан лезде есін жиып: «Түнделетіп жүрген қандай қыздар? Аяқ астынан қайдан шыға келді», ̶ деп секем алады.
Бірақ қос ару ойын әп-сәтте өзгертіп салады. Бірден сөзге тартып: «Өзің жап-жас болып, қорықпай ен далада не істеп жүрсің? Жас болсаң да батыр екенсің. Біз сені бағанадан бері бақылап отырмыз. Әне, көрдің бе», ̶ деп сұқ саусақтарымен той болып жатқан жерді нұсқайды.
Ата таңырқап қалады. Осыдан бірнеше минуттар бұрын адам тұрмақ, иттің дауысы естілмеген жерде... «Бұл қалай болды» деп аң-таң болады. Бірақ, қыздар тағы да ойын оқып тұрғандай дереу сөзге бұрып жібереді. «Осыдан бірнеше күн бұрын осында қоныс аудардық. Сіз жаңа тұман басып байқамаған боларсыз. Алайда біз Сізді қонақ етпей, үйіңізге жібермейміз», ̶ деп сықылықтап күледі.
Бұл уақытта тұман сейіліп, жол көріне бастаған еді. Атамыз қыздарға риясыз сенеді. Сөйтіп, жастықтың буымен бе, әлде қыздардың сұлулығы арбады ма, әйтеуір атамыз қос сұлудың соңынан жас балаша ілесіп, той-думан болған үйге келеді.
Расында, ет асылып, дастарқан жасалған. Кіріп-шығып жатқан адамдар. Атамызға төрден орын ұсынып, бір кісідей күтеді. Соңында қымзыға әбден мас болып масайраған атамыз, есін білмей отырған жерінде қалғып кетеді.
Бір кезде көзін ашса таң атқан. Айналасы тым-тырыс. Кешегі шуылдаған адамдардың қарасы да көрінбейді. Жерге қараса, малдың жапасы, қиы, әр жерде шашылған ағаштар. Сөйтсе, кешегі көргені қыз бейнесіндегі шайтан, жындар екен. Атам үйіне жеткен бойда, сол күні-ақ молдаға барып, денесін тазартқан екен.