Мерейлі отбасы – мықты мемлекеттің тұғыры
Елімізде отбасы ұғымын дәріптейтін, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында түрлі игі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Солардың бірі республикамызда дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының өткізілуі. Аталмыш байқау арқылы халқымыздың талай өнегелі де мерейлі отбасылары марапатталып, мәртебе биігінен көрініп келеді.
Біздің ауданымызда мәуелі әулетке айналған мерейлі отбасылардың қатары қалың. Олар бүгінде бүтін бір елдің үлгі-өнеге алар жанұясына айналған. Отбасылық құндылықтарды қастерлеп, салт-дәстүрді берік ұстанған, ұрпағына тағылымды тәрбие берген осындай ардақты жандар қай кезде де мақтануға тұрарлық.
Сәрсенбіде аудандық Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында «Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық байқауының аудандық кезеңдегі жеңімпаздары марапатталды.
Шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев байқаудың үздігі атанған отбасыларды құттықтап, лебізін білдірді.
– Қазақ халқы қашанда отбасын сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың киелі ошағы санаған. Сондықтан әрдайым көзінің қарашығындай қорғап, ар-намысын сақтауға, тәрбиелеуге, өз ұрпағының елге адал қызмет етуіне аса мән берген.
Елімізде 2014 жылдан бері отбасы құндылықтарын нығайту, отбасы мәртебесін көтеру мақсатында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Ал биыл аталмыш байқауға ауданымызда 25 отбасы қатысты.
Қазылардың шешімімен жеңімпаз атанған отбасыларды шын жүректен құттықтай отырып, облыстық кезеңде де үздіктер қатарынан көрінуге тілектестігімді білдіремін, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң Мұхтар Әуесұлы байқауға қатысқан бірқатар отбасыларды аудан әкімінің «Алғыс хаты» және түрлі номинациялармен марапаттап, сый-сияпат табыстады.
Қазалы ауданы бойынша іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша бас жүлде Смағұловтар отбасына бұйырды. Ал Бөлебаевтар отбасы бірінші орын иегері атанды. Сол секілді екінші орынды Сахитовтар және үшінші орынды Жұбаназаровтар отбасы иеленді.
Аталмыш отбасылық байқаудың бас жүлде иегері атанған мерейі артқан – Смағұловтар отбасы. Өнеге өрбітер отбасының өмір-дерегіне тоқталар болсақ. Бекарыстан билік Смағұловтар отбасының отағасы бір ғасыр ғибратты ғұмыр кешкен Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған, Қазалы ауданының құрметті азаматы Қабақ Смағұлұлы. Ол өзінің жарымен 10 баладан 22 немере, 32 шөбере және 2 шөпшек сүйіп отыр. Осылайша тамырын тереңге жайған бәйтерек ел-жұртқа үлгілі отбасылардың бірі болып отыр.
Ал бірінші орынды иеленген Бөлебаевтар отбасына келер болсақ, әулет отағасы Бекқожа Бөлебаев – ауылшаруашылығы саласында елеулі еңбек етіп, аталған салады көптеген жетістіктерге жеткен. Еңбек ардагері өмірден өсте де өмірлік жары алтын құрсақты ана Запурамен артында қалған 14 баладан 62 немере, 79 шөбере сүйген. Бүгінде Бөлебаевтар барша аудан тұрғындарына сыйлы да құрметті, танымал отбасы.
«Мерейлі отбасы» аудандық отбасылық конкурста екінші орынды еншілеген Сахитовтар жанұясы. Барша жұртқа қара дүкенімен беліглі Жәлен Ерімбеттен тараған отбасының отағасы Сахитов Талант өз ісінің маманы, жауапкершілігі мол, адамгершілігі зор, өзгеге қайырымды, мейірімді, өсіп-өнген отбасында, яғни педагогтар отбасының тәрбиесін бойына сіңірген. Оны өз балаларына дарытып отырған үлгілі әке, шығармашыл. Еліміздің өсіп-өркендеуіне үлесін қосып жүрген елге сыйлы азамат. Бозкөл ауылдық мәдениет үйінің, мәдени ұйымдастырушысы. Жалпы еңбек өтілі 22 жыл. Жәлен Ата мұражайының жетекшісі.
Бүгінде жұбайы Мұқанова Ақтолқын Бозкөл ауылдық мәдениет үйінің қызметкері, 4 бала, 1 немере тәрбиелеп отырған бақытты жанұя.
Отбасылық конкурста үштікті қорытындылаған Жұбаназаровтар отбасы. Отағасы Нұрбай Қошанұлы 1928 жылы «Қызыләскер» колхозында дүниеге келген. 30-жылдардағы нәубетте әке-шешесі мен бауырлары қайтыс болып, 5 жасында жетім қалған. Қазалыдағы жетімдер үйін паналап, қала берді кісі есігінде жүрген.
Соғыс жылдарында үлкендермен бірге канал қазып, қамыс орып, құрылыста кесек басып ауыр жұмыс жасаған. Соғыстан соң теміржол училищесінде оқып, 1951-1991 жылдары 45 жыл теміржол саласында еңбек еткен.
1954 жылы Жахима Жолымбетқызымен бас қосып, 6 баланы тәрбиелеп, өсірген. 96 жасқа келген қария бүгінде балаларынан немер, шөбере сүйген мәуелі бәйтеректей өсіп-өтген әулеттің абыз ақсақалы атанып отыр.
Салтанатты шарада байқауға қатысқан басқа да өнегелі отбасыларға түрлі номинациялармен қатар сый-сияпаттар табысталды.
Өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жыл сайын ұйымдастырылып отырады.
Шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын бұл байқаудың маңызы ерекше. Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Ендеше әрбір жанұя мерейлі, мәртебесі биік болса, қазақ елінің де абыройы асқақ болары анық.
Айта кетейік, байқауда бас жүлде және бірінші иегері атанған, яғни Смағұловтар мен Бөлебаевтар отбасы Қызылорда қаласында өтетін облыстық байқауға қатысуға жолдама алды.
Серік АҚМЫРЗА