Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әже өнегесі – ұрпаққа ұлағат

Әже өнегесі – ұрпаққа ұлағат

Қазалы қаласындағы №3 «Өрімтал» бөбекжай-балабақшасында «Балбөбек» ересек тобының тәрбиешісі Айжан Жолмырзаеваның ұйымдастыруымен «Жылулық көзі – әжеде» тақырыбында шеберлік сағаты өтті.

Балабақшада тәрбиеленушілерге отба­­сылық, ұлттық құндылықты наси­­хаттауға, бала бойына сіңіруде, болашақ ұрпақты тәрбиелеуде ана­ларға әлеуметтік және кез келген шығар­машылық білім бастамаларында қолдау көрсету мақсатында «Әжелер мектебі» клубы ашылған болатын. Осы орайда тақырыптық кездесулер, пайдалы шеберлік сағаттары және тағы басқа іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады. Тағылымы мол, мағынасы зор әрбір шараның айтар ойы, көпшілікке берер тәрбиесі зор.
Айжан Рғызбайқызының ұйытқы болуымен өткен «Жылулық көзі – әжеде» атты шеберлік сағаты да балаларға ерекше әсер қалдырды.
– Мақсатымыз – ананың қызына беретін үлгі-өнегесі туралы түсіндіру, ананың бесік жыры арқылы ұрпағын адамгершілікке, адалдыққа, ізгілікке, инабаттылыкқа баулу жолдарын көрсету. Ұмыт болып қолданыстан шығып бара жатқан салт-дәстүрлер мен жөн-жоралғыларды, ұлттық құн­дылықтарды қайта жандандырып, жас ұрпаққа насихаттап, үлгі етіп, тәрбие беру. Ата-бабамыз қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Олардан дөрекі сөйлемей, ізетті, ұстамды болуды талап еткен. «Қыз өссе – елдің көркі» деп қазақ халқы ежелден қыз баланы аялап, мәпелеп, ерекше құрметтеп, оның нәзік те ақылды болып өсуіне мән берген. Сондықтан бүгін біз қонақ ретінде «Ғибрат» әжелер клубының мүшелерін шақырып отырмыз, – дейді Айжан Рғызбайқызы. Алдымен тәрбиеші шараға жиналғандарға қазақ отбасындағы әженің орнын ерекше атап, отбасының ғана емес, тұтас әулеттің ұйытқысы, ағайын-абысындардың бір­лігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі екендігін тілге тиек етті. Тәрбиеленушілерге тарихта өшпес аты қалған дана апа-әжелердің есімін таныстырып, тәлім-тәрбиесін түсіндірді.
Бұдан соң Сараш және Сәндігүл әже келіні Айдана немерелері Әминамен «Шашақ» жасауды көрсетті. Бақыткүл және келіні Мереке, немерелері Айару мен Аруназ тұмарша тіге отырып, оның қасиетімен таныстырды. Тақия туралы Зинабай әже немерелері Айша мен Нұрайға тақия тіге отырып, оны әсемдеуді үйретті. Дана және Дәулет әжелер, немересі Нұрсаямен бірге ұршық иіріп, Күлаш пен Күлшара әже келіні Айтгүл немересі Балназыммен ши тоқып, оның шығу тарихына тоқталды. Шаштың сәні – шашбаудың қалай жасалатындығын Жанабике әже келіні Салтанат немерелері Нұрай мен Медина көрсетті.
– Шашақты кейде «Үй тұмар» депте атаған. Қазақтың ежелден келе жатқан шашағы әрдайым киіз үйге ілініп тұратын болған. Түстері сан алуан түрлі болғандықтан ол әрі сұлулық беріп, әрі тіл-көзден аман сақтап тұрған. Әр шашақтың басында түйілген «Бақ түйіні» бар. Бұл үйіңізге кірген бақ кетпесін дегенді білдіреді. Дәл осы қазақ шашағы казір қолданыстан қалып бара жатқан соң, ата-бабамыздың өнеріне құрмет ретінде әрбір шаныраққа арналған үй тұмарды ойлап шығардық. Бұл үзілмеген жіптен жасалады. Ғұмырыңыз ұзақ болсын дегенді білдіреді. Бір шашақтан тарауы ұрпағыңыз көп болсын, басы буылуы отбасыңыз бір болып, ынтымақты болсын дегенді білдіреді, – деді Сараш әже.
Тұмарша жасаған Бақыткүл әженің айтуынша, тұмарша ежелден келе жатқан қазақ халқының зиянды тылсым күштерден, тіл-көзден сақтайды деп сенген бұйымның бір түрі. Тұмар сөзінің негізгі этимологиясы көне түрік тілінен «туған жер» деген мағнаны береді. Яғни көне түркілер тұмарға туған жердің топырағын салып жүрген. Тұмарды қорғану үшін ғана емес, тіпті әшекей бұйым ретінде де қазақ әйелдері ежелден пайдаланған. Оның күміспен, әдемі, бағалы тастармен әшекейлеген. Әйел киімінің зергерлік бұйымдар кешенінің элементтерінің бірі кеуде әшкейлері болған. Тұмаршаның ішіне теңіз және өзен қабықтары, үкі қауырсындары, қой мен түйе жүндері немесе қағазға жазылған дұға, құран аяттары сақталған.
– Негізінде ши тарту ерте заманда тамыз айының аяғында, мал аяғы баспаған жерлерден әбден бойлап өскен кездерде тартылған. Шиді таңертең немесе жаңбырдан кейін тартады, мұндай кезде шидің түбі жібіп суырылғыш болады. Тартып әкелген шидің қабығын аршиды, содан кейін көлеңке жерге қойып кептіреді. Ерте заманда ши тарту, оны кептіру, аршу науқан сияқты ауыл азаматтарының бәріне ортақ жұмыс болған. Ши тартуға ауылдың қыз-келіншектері мен ер-азаматтары жиналып, орталарынан бір бас мал шығарып сойып, қымыздарын дайындап, домбыра, қобыздарын алып ұйымдасқан түрде кіріскен. Қазақтың «Ши тарту» биі, «Ши шымылдық» дейтін ұлттық ойындары содан қалған. Шиді күнделікті тұрмыста қолданған. Ши сырт көрінісіне қарай ақ ши, ораулы ши, шым ши болып бөлінеді. Олардың әрқайсысын өз орнымен әр түрлі мақсатқа пайдаланылады. Қабығынан тазартылған Ақ шиді көбінесе құрт, ірімшік жаю үшін қолданған. Әр түсті жүнмен, жібекпен оралған Шым ши киіз үйдің сәнді жиһаздарының бірі болып табылған. Ал өн бойы тұтас емес әр жерінен аралатып оралған шиді Ораулы ши деп атайды. Бұны ою-өрнекпен әсемдеп ораған. Шидің жерден өсер жағы жуан, бас жағы жіңішке болады, сондықтан шиді орау кезінде, тоқу кезінде екі ұшын кезектестіріп отыру қажет. Ши тоқу үшін арнайы қолдан жасалған қарапайым станоктар пайдаланған, – деді ши тоқып отырған Күлаш пен Күлшара әжелер.
Немересінің шашын сәндеп, шашбау таққан, Жанабике әже оның тарихымен таныстырды. «Шашбау – қыз-келіншектер шашына тағатын сәндік әшекей бұйым. «Қызға қырық үйден тыю» – деп, қыз баланың тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған ата-бабамыз қызына таққан әшекейінің де мән-маңызына ерекше көңіл бөлген. Қазақ қыздарының басына үкілі сәукеле кигізіп, құлағына сырға тағуы, саусағына сақина, беліне белдік буынып, шашына шолпы қадауы олардың парасатының биіктігін, эстетикалық талғамының жоғарылығын танытады. Ал осы қымбат әшекей бұйымдарды тағудың өзіндік қағидасы бар. Шашбау өрілген бұрымның ұшын бекітетін сәндік бұйым. Ол шаштың ажарын аша түседі. Шашбауды күмістен қақтап жасайды және түрлі-түсті асыл тастарды орнатады. Моншақ тізілген ұзын күміс шынжырлы бауы бар түрлері де жиі тараған. Шашбау жасалған материалына байланысты алтын шашбау немесе күміс шашбау деп аталады», – деді.
Балабақша тәрбиеленушілерінен құралған «Сымбат» би тобы мың бұрала билеп, қошеметке бөленді. «Ғибрат» әжелер ансамблі әсем ән орындап, кешті балабақша меңгерушісі Рабиға Қарымсақова қонақтарға алғысын білідіріп, қорытындылады.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
30 қараша 2024 ж. 55 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031