Парламент депутаттарына көзделген жаза түрлері мәслихаттар депутаттарына да қолданылуы мүмкін
Парламент депутаттарына көзделген жаза түрлерін мәслихаттар депутаттарына да қолдану үшін заңнамаға түзету енгізілуі мүмкін. Бұл жайында Сенат депутаттарына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
«Депутаттың әдеп кодексін әзірлеу қосымша зерделеуді және талдауды талап етеді. Сонымен қатар Үкімет жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы заңнаманы жетілдіру аясында өз міндеттерін орындамағаны және тиісінше орындамағаны үшін мәслихаттар депутаттарының, сондай-ақ тұрақты негізде жұмыс істейтін мәслихаттар депутаттарының жауапкершілігін күшейту мақсатында Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарына қолданылатын жазаға ұқсас жазаның қосымша түрлерін көздейтін түзетулер ұсынады», - деді Үкімет басшысы жауабында.Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Конституциялық заңмен, Парламенттiң және палатаның регламенттерiмен белгiленген депутаттық әдеп қағидаларын бұзған жағдайда палата төрағасының шешiмiмен депутатқа мынадай жазалау шаралары қолданылуы мүмкiн:
- парламенттiк бетке басу;
- көпшiлiк алдында кешiрiм сұрауға мәжбүрлеу;
- Палаталардың бiрлескен немесе бөлек жалпы отырысының бiрiнде сөзден айыру;
- Палаталардың үш бiрдей бiрлескен немесе бөлек жалпы отырысында сөзден айыру;
- Палаталардың бiрлескен немесе бөлек жалпы отырыстарының бiрiнде отырыс залынан шығарып жiберу;
- Палаталардың үш бiрдей бiрлескен немесе бөлек жалпы отырысында отырыс залынан шығарып жiберу;
- бiр күндiк жалақысынан айыру.