Президент мәслихат депутаттарының біліктілік деңгейін жоспарлы түрде арттыру қажеттігін айтты
Сурет: akorda.kz
2024 жылғы 3 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының екінші республикалық форумында депутаттар азаматтармен тікелей араласып, қоғамды өз жұмыстары туралы жан-жақты хабардар ете алуы керектігін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Тоқаев жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі институты ретінде мәслихаттардың тиімділігі олардың депутаттарының кәсібилігіне тікелей байланысты екенін атап өтті.
"Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт. Сондықтан оның тиімділігі депутаттардың кәсібилігіне тікелей байланысты. Біліміне білігі сай депутаттар корпусын жасақтауға, ең алдымен, оларды ұсынған партиялар мүдделі болуы керек. Бүгін мәслихат депутаттарының біліктілігін жетілдіру туралы ұсыныс айтылды. Мәслихат депутаттары қызметінің тиімділігін арттыру үшін бұл бағытқа ерекше назар аудару қажет. Бұған Мемлекеттік басқару академиясын тарту керек. Партиялар өз депутаттарының біліктілігін жетілдіру мақсатында Академиямен ынтымақтастық орнатқаны жөн деп санаймын. Әрине, бұл жұмысты аймақтың ерекшеліктерін, халық қалаулыларының кәсіби және қоғамдық-саяси тәжірибесін ескере отырып ұйымдастыру қажет."Қасым-Жомарт Тоқаев
Сонымен бірге депутаттар халықпен тікелей байланыс жасай білуге және өз жұмысы туралы қоғамды жан-жақты хабардар етуге тиіс, — деп қадап айтты президент.
"Мойындауымыз керек, бұл істе көзге көрініп тұрған кемшіліктер бар. Атап айтқанда, мәслихат депутаттарының сайлаушылар алдындағы есебі көбіне формальді түрде өтеді. Мұндай кездесулерге тыңғылықты дайындалып, сапалы өткізуге ерекше мән берген дұрыс. Саясат дағдыларын меңгеру, адамдармен сөйлесе алу және ашық диалог кезінде өз ұстанымын дәлелдей білу өте маңызды".Президент
Осылайша мәслихаттар жария саясаткерлердің жаңа толқынын қалыптастыратын орынға айналады, — деді мемлекет басшысы.
"Сонымен қатар мәслихат депутаттары азаматтар көтеретін мәселелерді бақылауда ұстауы қажет. Жергілікті атқарушы органдарға ықпал ету үшін өз өкілеттіктерін барынша пайдалануға тиіс. Үнемі сындарлы пікірталастар өтіп, нақты шешімдер әзірленетін Мәжілістен үлгі алу керек".Мемлекет басшысы
Бүгін, 2024 жылдың 3 қазанында Астанада "Аманат" партиясының бастамасымен ұйымдастырылған барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумы өтуде.
2024 жылдың 29 маусымында "Аманат" партиясынан барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының бірінші республикалық форумы өтті. Оның жұмысына 3 мыңға жуық адам қатысты, оның 2,5 мыңы жергілікті өкілді органдардың Аманат депутаттары немесе елдегі барлық мәслихаттар депутаттарының 77 пайызға жуығы.