Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұғыры таудай тұлға

Тұғыры таудай тұлға

Тарихқа үңілсек, Сырдың бойы ақнайзалы батыр мен қара қылды қақ жарған биге толы болған. Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршыларына қарсы шыққан Жанқожа Нұрмұхаммедұлы, жаужүрек мың баланы бастаған Сартай Байжанұлы мен үш жүзге пір болған Мүсірәлі Сопы-Әзіз сынды азаматтар бар. Бұлардың қатарында еліне еңбек етіп, қиын-қыстау күні көмек қолын созып, артында алтыны емес өшпестей аты қалған – Мәметек баба мен Найзағұл бидің де ойып тұрып алар орны ерек.

Бұрынырақ Мәметек баба өз заманында Ресейге кіре тартып, сауда керуендерін жасақтап, алыс-жақын шетелмен сауда-саттық жасаған және даланың саяси өміріне белсене араласқан. Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайдың «Елең-алаң» романында Әбілхайыр ханның Ресей патшалығына қосылған ұлан-асыр тойына үш жүздің белді азаматтары шақырылғаны айтылған. Аталған тойға кіші жүзден Мөңке би, Мойнақ би, Мәметек би мен Айдаралы би бастаған шектілер тобы барған. Романда жазылғандай Мәметек бидің құрметтілер қауымында болып, аталған сапарға аттануы оның дүйім қазақ ішіндегі алар орны мен абыройының асқақтығын көрсетіп тұрса керек. Барша қазаққа құрметті болған Әбіш Кекілбайұлының нақты дерек, дәлел мен дәйекке сүйене отырып қана қалам тербейтіні белгілі.
Бұдан бөлек, үлкен мәселелерді шешу үшін арнайы Орынбор мен Орскіде сауда үйін ашқаны да айтылады. Үмбет би мен қатар өмір сүрген Жанқожа батырдың көзі көрген, заманының ірі тұлғаларының бірі болған Найзағұл баба Мәметектің шөбересі. Ата жолын жалғаған ол бір шеті Қарақалпақ, Хиуа, бір қиыры Ресеймен, Қырым, Сібір мен Алтайды аралаған көзі ашық адам.
Бақ пен дәулеті қатар жүрген Найзағұл баба халыққа жомарттығымен, сахилығы, мырзалығымен де танымал болған. Атасы Тілеу мырзадан тәлім алған Найзағұлдың қолының ашықтығы бүгінге дейін айтылып жүр. Ауылға қонған қонаққа ат мінгізіп, жас отау құрғандарға қалың мал беріп, ел басынан ауыр күн өткізгенде де барын аянып қалмаған тау тұлғалы азамат болған. Бүгінде бабаның осынау игі ісі ұрпақ санасынан өшпеген. Керісінше, оның әрбір ел үшін жасалған ісі насихатталып келеді. Өткен сенбіде қос атаның ұрпақтары жиналып, үлкен ас беріп, кейінгі буынға мұра етіп, «Тағзым еттім ата-баба рухына» атты бабалар тарихынан сыр шертер кітаптың тұсауын кесті.
Ұлыларды ұлықтауға арналған жиында баба ұрпақтары оның жүріп өткен сара жолы жайында сөз қозғады. «Тағзым еттім ата-баба рухына» кітабының авторы, Найзағұл бабаның шөбересі – Сражан Мүсірепова жиын барысында барша көмек қолын созған азаматтарға алғысын білдірді.
– Бұл менің көптен көкейде жүрген арманым десем де болады. Найзағұл баба туралы деректер, естеліктер бізден кейінгі ұрпақтың санасынан өшпеуі үшін, жадында мәңгі қалуы үшін дүниеге келген жазба бұл. Баршаңызға шексіз алғысымды білдіремін. Әсіресе жазбаның жарық көруіне, фото және басқа да деректерді табуға септігін тигізген ағайын-туыс, бауырларыма рақмет!
Баба жайлы жазған зерттеу жазбаларын, мақаласын берген Болат Жолтаевқа шексіз ризашылығымды білдіремін.
Мәметек бабаға ескерткіш орнатып, музей ашуға басшылық жасап, қаржылай демеушілік жасаған бауырымыз Темірхан Бердалыұлы, Серікбай Қабылұлына және басы-қасында жүрген Мәметек ақсақалдарына алғыс айтамын. Сонымен қатар Арандыға мешіт салуға ықпал еткен Берік Жомартұлы, жазбаны қолға алғалы өзінің зерттеу жұмысы, жинағын берген Ғалия Аманқызы, Гүлжанат Әжібайға Алланың нұры жау­сын деймін.
Ғылыми көзқарасын білдірген тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжасқа, Қорқыт ата атындағы уни­вер­ситеттің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, «Тарих және қоғамдық ғылымдар» академиясының академигі Бақытжан Ахметбекке, об­лыстық музейдің ғылы­ми хатшысы, мәдениет саласының үздігі Асхат Сай­лауға көптен көп рақмет! – деді кітап авторы С.Мүсірепова.
Мұнан соң ақсқалдар бата беріп, ақ ниетін, лебізін білдірді. Бабаның атын шығаруда атсалысқан барша азамат­тарға бәрекелді десіп, тарқасты.
Қазақта ас берудің де өзіндік тағы­лым-тәрбиесі мол. Бұл жолы да солай болды. Жиналған жұрт тақымы ерден кетпеген, тоқымы терден кеппеген батыр, би бабамызды дәріптеп, олардың атын, рухын асқақтатты.

Серік АҚМЫРЗА

29 қазан 2024 ж. 184 0

Ана сүтінің маңызы

21 сәуір 2025 ж. 64

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930