Дүйсенбайдың дара болмысы
«Қазіргі жастар сурет салуға, қолдан бұйымдар жасауға қызықпайды» деген қалыптасқан стереотипті жоққа шығарған көрініс бізді қызықтыра түсті. «Ұстаз – мейірлі, шәкірт – пейілді» дейтін жолдар бар ғой, соның ұйқас үшін айтыламағанын көзіміз көріп, көңіліміз сенді. Үлкен ортада болғанында, шығармалары шетелдіктерді шаң қаптыратын шынайы талант иесі ауылдан ұзамай-ақ шеберлігін шыңдай алған мақтаулы маман. Әңгімеміз Қазалы ауданының Қожабақы ауылында тұратын Дүйсенбай Сәрсенбаев есімді азамат туралы болып отыр.
Терең ой, айналаны қабылдау түйсігі, көзбен көрген, ой сезінген көрініс қазіргі фотоқұрылғылар дамығанға дейін ұрпақтан-ұрпаққа қолөнер арқылы жетті. Қандай жаңашыл өнертабыстар өмірге келіп, қолданысқа енсе де, суретші, мүсінші жасаған бұйым қашан да құнды, қымбат. Осындай өміршең салаға жастарды жетелеп, олардың тұнық әлемін тазалық пен тереңдікке баулып жүрген жанмен өткен көрмелер мен өнер бәйгелерінде жиі ұшырасатынбыз. Талант иелерінің томағасын сыпырып, қасиетті өнерді қастерлеп жүрген Дүйсенбай Сәрсенбаевпен жақында жүздесудің сәті туды.
Шағын ауылдағы №25 мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін азамат туралы алдымен сол білім ошағын басқарып отырған басшыдан сұрап-білдік. Мақсатымыз туралы естіген директор мұнымызды құптайтынын жеткізді. Ұғынғанымыз, тәжірибелі маман, қызметкер, өз ісінің шебері болуымен бірге, жауапты, кішіге қамқор, үлкенге үлгі болатын қасиетімен де сыйлы.
«Қазіргі дайын дүниеге үйренген шыдамсыз буынды технология, бейнелеу өнері сабағына қалай қызықтыруға болады?» болды алғашқы сұрағымыз.
«Әр адам бөлек жаратылыс. Өзіне тән бейімділігі, қабеліттілігі болады. Ал оны дамыту, дамытпау өз еркінде. Мамандығымды сонша жақсы көретінім, табиғат берген ұшқынды оята алғаныммен байланысты болар», – деп ойлаймын деп бастады сөзін.
Рас-ақ, өзі айтып тұрған дүниені түсінбейтін мұғалімнің дәрісіне оқушы қалай қаныға алсын? Әр адам өзінің қолынан келетін, жаны рақат алатын іспен айналысса, өмір сүру, ел дамуындағы қарқын бүгінгіден басым болар ма еді деген ой қиялдан қылың бергені.
Қазақта «өнер дарыған» деген теңеу бар. Бұл қалыптасқан, дамытқан қабілеттен бұрын бойда қанмен келген қасиеттің болатыны туралы айтылған тұжырым.
Бала Дүйсенбай кішкентайынан алғыр, ұсынықты болып өсіпті. Қолы босай қалса, тегіс жерге өзіне ұнаған бейнені салу, бір затпен екінші затты байланыстыру сынды қызығушылығымен дараланады. «Ердің жақсы болмағы – нағашыдан» демей ме, нағашысы Бақберген ұстаны ауыл-аймақ тегіс таниды. Ұсталық ұрпақтарына түгел берілген ісмер жанды алыс-жақыннан іздеп келетіндер қатары көп болатыны әлі көз алдында. Ал ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, өнертуындылары әлемдік мамандардың озық пікіріне ие болған Қайырбай Зәкіров те Бақберген ұстаның бауырының баласы болып шықты.
«Сурет салуға болмайды. О дүниеге барған соң бәрі сенен жан сұрайды» дейді екен әкесі Дүйсенбайға. Небәрі 5-сыныпта өмірден озып кеткен әкесінің қазасынан соң, бұл тежеуді талапты балаға айтатын адам болмайды. Барлығы тілектестік танытып, қолдап-қолпаштай бастайды. Мектептегі мұғалімдердің сүйікті шәкірті көрнекілік құралдары, қабырға газеті, «мектеп айнасын» салуға уақыт табатын. Кейде түні бойы ұйықтамай, өзіне артылған жауапкершілікті толық бітірісімен, сабаққа тартатын уақыт та болыпты.
Мектепті бітірген соң, Астрахан қаласында әскери борышын өтейді. Әскердегі екі жыл да сурет салу, жазу жазумен өтеді. Елге оралған соң, 1986-1994 жылға дейін сол кездегі Энгельс совхозында көркемдеуші-суретші деген қызметпен еңбек жолын бастайды.
Совхоз тараған жылдары ауылдағы мектепте бейнелеу өнерінен дәріс беретін маман жоқтығын айтып, басшылық жұмысқа шақырады.
Қызмет ете жүріп, жоғары білім алады. Қ.Жұбанов атындағы мемлекетік университеттің бейнелеу сызу мамандығын алған ол «Қылқалам», «Шебер қолдар» үйірмелерін ашып, шәкірттерді шыңдайды.
Сабақ беріп жүрген күннің бірінде мектеп директорның оқу ісі жөніндегі орынбасары Күләш Балғабаева бойында қабілеті барын айтып, технология пәні мұғалімі мамандығын да меңгеруге ұсыныс білдіреді. Ұзамай Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінен кәсіптік оқыту факультетін еңбек мамандығы бойынша бітіреді.
Бейнелеу өнері, сызу пәндері тоқтап қалғанда, екінші мамандығы бойынша қызметін жалғастыра береді.
Мектепте бейнелеу, технология деп бөліну болмайды. Санаулы пән мұғалімі бірлікте жұмыс істеп, ортақ абыройға күш жұмылдырады.
Өзі туралы насихатты қаламайтын шығармашыл жан оқушылары алған асуға балаша шаттанады. Еңбегі еш кетпегеніне, суретшілік, ұсталық өнердің ұмыт қалмағанына қуанатын болса керек.
Қожабақылық Айжан есімді келіншек бірде аулада жасалған аққаладан Дүйсенбай В.И.Лениннің мүсінін сомдап, онысы әлеуметтік желіні шулатқанын айтты.
Әріптестерінің айтуынша, аудандағы ауқымды шараның ешбірі Дүйсенбай Сәрсенбайұлының қолөнер бұйымынсыз өтпейтін көрінеді. Әке жолын қуған ұлы Дәурен аниматор-суретші мамандығын алған. Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектепте мұғалім. Жеткен жетістіктері өз алдына мақала болуға жеткілікті. Шәкірті Нұрдина Қуантай аймақ, ауданға танымал комикс өнерінің шебері. Республикалық Төлеген Айбергенов байқауының аудандық, облыстық кезеңдерінде бас жүлдені қанжығалаған. «Қазақстан – менің жарқын болашағым» облыстық байқауында, тағы басқа да түрлі байқаулар жүлдегері. Облыс жұртына таныс Гүлмаржан Темірхан, Нұрдәулет Сәлимағамбет, Шәкизада Жетес, Ақбаян Кенжебекқызы, Әлижан Жақсылық бейнелеген туындылар жоғары бағаларға ие болып, көпке үлгі ретінде ұсынылған.
Дүйсенбай Сәрсенбаевтың жарыстардан бос қайтпаған шәкірттерінің бірімен сөйлесудің сәті туды.
«Өзім бақ сынаған аудандық, облыстық, республикалық байқаудан бас жүлдемен оралуымда ұстазымның үлкен үлесі, сеніміме қанат бітірген терең ойлылығы себепкер болғанын айтпауға болмады.
Медицина мамандығын таңдадым. Ұстазым бойыма дарытқан дағдылар мұнда көп көмегін тигізді. Босай қалсам, сурет саламын. Одан рухани азық аламын, шаршағанымды ұмытамын. Таныстарым: «Мынандай таланпен қалай суретші болмағансың?» деп таңданыстарын танытып жатады. Мен оларға: «Біздің ауылда бәрі сурет салады» деп жауап беремін», – дейді Дариға Кенжебекқызы.
Технология жан-жақтылықты қажет ететін сала. Алдымен баланың зейінін аудару үшін ұйымдастырушылық қабілет қажет. Көргеніне ғана сенетін, қабылдайтын толқынды ұстаздарының, оның шәкірттерінің қолынан шыққан үлгілер қызықтырмай қоймайды. Есептеу, кескіндеу, техникалық қауіпсіздік тағы бар. Осының бәрін терең таныған адам ғана нәтижеге қол жеткізе алады.
Ауылдан шыққан «шедеврларға» тапсырыс беріп, кеңсесіне, үйіне алдыруға ықыластылар әрдайым табылады екен. Ешқандай сурет өнерінен хабары жоқ менің өзімді көркі көз қарықтыратын шығармалар қызықтырмай қоймады. Бір-біріне ұқсамайтын айтар ойы, терең мазмұны бар туындылар тұтас кітап сынды иіріміне тарта түседі. Құдды көрме дерсің. Іштей «осының барлығын бағамдайтын білімім болғанда ғой» дедім.
«Қазір оқушыны дайын дүниені көшіру, дәстүрлі табиғат көріністерін кескіндеу қызықтырмайды. Әлеуметтік тақырыпқа әуестіктері басым. «Қазақта суретшілік өнері кенде қалған» деген пікірге мүлде келіспеймін. Талапты бала қай кезде де табылады. Тек оларды тану, дамыту, бағыттауға күш салсаң, жеткілікті», – дейді бізбен әңгімесінде.
Бұл бір күнде шын жүйрікке қайда да тұсау жоқтығын түйіндедік. «Баламды қайда беремін?» деп жат әрекеттен бойын алыстатқысы келген ата-ана алаңына суретшілікке баулудың керемет ұсыныс екенін ұғындық.
Алда қандай жоспарлары барын сұрағанымызда суретші: «Шығармашыл адамдар жоспарға таңылмайды. Ізденіс, шабыт болашақтағы бағытымызды айқындайды», – дейді.