«Ұлы дала жорығы» марафоны көшпенділердің мәдени кодын айқындайды

Салтанатты іс-шараның ашылуында «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев бүгінгі айтулы дода Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылған 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының прологы болатынын атап өтті.
Сонымен қатар партия Хатшысы «Ұлы дала жорығы» марафонының символдық маңыздылығын атап өтті. Мәселен, биылғы жарыс осыдан 5 мың жыл бұрын адамзат баласы алғаш рет жылқы малын қолға үйреткен тарихи Ботай елді мекенінен бастау алды. Дәл осы жерден түрлі елдерден келген шамамен 85 шабандоз 500 шақырым жолды жүріп өтіп, көшпенділердің мәдени кодының бірегейлігін көрсетеді.
Өз кезегінде Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесін шабандоздармен қатар, арғымақтардың да төзімділігі мен шыдамдылығы сынға түсетін нағыз дала жарысы деп атап, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шабандоздар 3-7 қыркүйек аралығында Лобаново ауылынан Астанаға дейін 500 шақырым қашықтықты жүріп өтеді. Марафон әрқайсысы 100 шақырымнан тұратын 5 кезеңге бөлінген. Дүбірлі додаға қатысушылар мен көрермендер ежелгі түріктердің қасиетті және тарихи орындарын аралауға мүмкіндік алады.

