Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ағаштың көлеңкесі көпке сая

Ағаштың көлеңкесі көпке сая


«Адамның ең жақсысы ‒ басқаларға пайдалы болғаны, ал амалдардың ішіндегі Аллаға ең сүйіктісі ‒ адамдардың жүрегіне қуаныш сыйлау» делінген қасиетті Хадис шәріде. Асыл дінімізде кемелдіктің көрінісі мұсылманның басқаларға пайдалы, көркем істер еткені деп айтылған. Осыдан бір жыл бұрын Майлыбас елді мекенінде имандылық үйі ашылған ақжолтай хабарды жазып, сүйіншілеген болатынбыз. Қасиетті шаңырақ бүгінде үміт еткен үдеден шығып, көпшілік ғибадат етіп, ғибрат алатын орынға айналды.
Жақында Жұмахан ата имандылық үйінде ауыл азаматтарына ас беріліп, мешіт маңында орналасқан медресе шәкірттерінің жиған білімі мен өнері қалың жамағатқа ұсынылды.
Салтанатты шараға қатысқан республикалық «Жалаңтөс баһадүр» қорының президенті ­Нажмадин Мұсабаев шағын ауылдан шығып, шарапаты көпке тиген Жұмахан Байсалбаевтың өнегелі өмірі мен азаматтың айбыны туралы естелікпен бөлісіп, осындай елге еңбегімен танылған жастар көптеп шығуына тілектестік білдірді.
Мешіт аты берілген Жұмахан Байсалбаев еліне елеулі, халқына қалаулы тұлға болған тұғырлы азамат. Өзі өмір сүрген кезеңде туған жеріне тамыр жайып, ондағы жандарды сауаттандыруға көп үлес қосқан.
Жазушы Жанділда Жақыповтың «Үш Шобан» кітабында кездесетін: «Саясаткер, ірі тұлға, халыққа басшы болған, халық үшін еңбек еткен азамат. «Қаратүбек» деген жерге егін еккізіп, суару үшін кең арық қаздырған. Ол арық әлі күнге «Жұмахан арығы» деп аталады» деген жолдар тұлғалық сипатын анықтатады. Кітапта Ж.Байсалбаевтың ауылдық кеңестің, колхоздың, тіпті Қазалы қалалық кеңесінің төрағасы болғандығы да айтылады. Нұркен Жандәулетұлы «Ана тілі» газетінде жариялаған мақаласында кейіпкерімізге отызыншы жылдардағы қуғын-сүргіннің салқыны тигендігі туралы дәйек келтірген. Салдарынан ол кісінің Жамбыл, Алматы облыстарында қызмет істеуіне тура келгендігі туралы мағлұмат беріледі. Қай жерде жүрсе де, азамат атына сын келтірмеген ол жаңа жерде сауда саласында басшылық қызметтер атқарды.
1882 жылы Қазалы ауданына қарасты Майлыбас елді мекенінде дүниеге келген ол Қарабұтақта алғаш ашылған төрт кластық орыс-түзем мектебінде оқиды. Әкесі Меккеге алты ай түйемен жүріп барған қажы Байсалбайдан мұсылманша білімді игереді. Талапты жас орыс тілінде жетік меңгереді.
«Әке көрген – оқ жонар» дегендей Жұмахан ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, ел сенім артқан азамат болғанын көнекөз қариялар айтып кеткен.
«Атам ашаршылық болған отызыншы жылдарда жерлестерінен сатуға жарайтын алтын, күмістен жасалған бұйымдар мен өзге заттарды жинап, Қарақалпақстанға апарып, тұқымдық бидайға айырбастапты. Елге оралғаннан кейін ел адамдарына дарияның жағасына бидай ектіріп, ауылдастарын аштықтан аман алып қалыпты», – дейді ұрпақтары.
Жұмахан Байсалбайұлы 1911 жылдан теміржол торабында да тер төгеді. Құқық қорғау саласында да еңбек етеді. Жан-жақты білім мен тәжірибені жинаған Жұмаханды ауылдастары өз орталарынан болыстыққа ұсынады.
«Болыс болдым мінекей» деп, билікті шамадан тыс пайдалану мүмкіндігі болса, адамгершілікке мүдде тоғыстырады. Парасат иесі мұсылманша білім алып жүрген балалардың орыс тілін меңгеруіне күш салады. Ауылдан мектеп ашылуына белсене кірісіп, мақсатын жүзеге асырады.
Алғаш бастауыш сынып балаларына білім беретін ошақ кейіннен 7-9 сыныпқа дейін бала оқитын мектепке айналады. Тарихқа үңілсек, осы жерден елге есімі таныс Шәкібай Мамытов, Жанділда Жақыпов, Жабақ Берденов, Ержан Төлеков, Еділ Ыбыраев, Алдан Балымбетұлы, Самұрат Имандосов, Нәжімедин Мұсабаев, Тастайбек Мұсабаев, Игілік Қожамұратовтар шыққан. Ауылдастары Жұмахан Байсалбаевтың ауылдағы емдеу мекемесінің жұмысын бастауына бастамашы болғанын мақтанышпен айтады.
Жұмахан Байсалбайұлының қызы Мадина Байсалбаева мешіт салу ісі кәсіпкерлік көшін өрге сүйреген азамат Көшербай Құлмұратовтың бастамасы екенін атап өтті. Жолдасының жете алмай кеткен мұратын жұбайы мен балалары жүзеге асырғанын жеткізді.
– Мешіт салу мақтан не босқа ақша шашу емес, жақсылыққа жұмылдыратын бірден-бір амал деп ойлаймын. Өздеріңіз білесіздер, ғимарат салу ісіне мүмкіндік болғанымен, рұқсат алу оңайға соққан жоқ. Біздің мақсатымыз имандылық шараларынан өзге жас ұрпақты түзу жолға бағыттап, жат ағым жетегінде кетпеуіне атсалысу болды. Мұндағы шәкірттердің қызығушылығын көріп, көңіліміз қуанып отырған жағдаймыз бар. Бастама жалғасын табады. Сенім білдірген баршаңызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді ­Мадина Байсалбаева.
Айта кету керек, мешіт құрылтайшысы Алматы қаласында тұрғанымен, мұндағы жағдайды үнемі жіті назарда ұстап, оған атсалысып отырады. Әйтеке би кентінде тұратын Марғұлан Нұрланұлы деген арнаулы діни білімі бар маманға қосымша ақы төлеп, ауыл қарадомалақтарын діни сауат ашуға жұмылдырған.
Шарада медреседен білім алып жатқан жастар Құран аяттарын айтудан жарысқа түсті. Сондай-ақ толық адам болу сипаты, ата-ананы құрметтеу, қонақ күту, тамақтану әдемі, білімге құштарлықты арттыру сынды әдет-ғұрыптар ұстанымдарынан сыр шертіп, түрлі тақырыптық сұрақтарға жарыса ­жауап берді.
Ұйымдастырушылар тарапынан көп сүрені жаңылмай жатқа айтқан Өркен Өміртай атты балаға «iPhone» телефоны сыйға тартылса, өзге қатысушылар да ақшалай сыйлықпен марапатталды. Шәкірттердің бірқатары мен оларды баулыған ұстаздарына аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетовтің Алғыс хаты ұсынылды. Талапты жастар Ақерке Бөкенбайқызы, Әліби Жұбаныш сынды балалар өнеріне де көпшілік сүйсінді.
Жиналған жұртшылық мешіт аз уақытта шағын бекеттің көркіне көрік қосып, қайырымдылық шараларға бастау болып, дінаралық және ұлтаралық татулықтың ордасына айналып үлгергенін қуанышпен жеткізді. Сондай-ақ Жұмахан Байсалбаев, Көшербай Құлмұратовтың жүріп өткен жолы жастарға үлгі етіліп, аруақтар рухына Құран бағышталды.
«Ағаштың көлеңкесі көпке сая» дейді халқымыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Расында, мүмін-мұсылман мешітке келсе, Алла Тағала: «Пендем Мені зиярат ете келіпті, оның сый-сияпаты менің құзырымда, мешітке келген адамға жәннаттан басқа сыйлыққа еш риза емеспін», – делінген. Яки, қасиетті орынға келген кісі – Алланың қонағы. Көпшілік осындай бақытына жетелейтін ауыл мешітінің әрдайым жамағатқа толып, оларды Жаратушы нұрына бөленуін нәсіп еткей деп тарқасты.

Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ
24 тамыз 2024 ж. 224 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031