Татулық –тұрақтылық тірегі
Жуырда Тасарық елді мекенінде «Тасарығым – тал бесігім» тақырыбымен ауыл күні кең көлемде аталып өтілді. Мерекелік шараға осы қасиетті жерде туып-өскен азаматтар көптеп жиналды.
Ауылдық клубта өткен салтанатты шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бір ауылда өмір сүріп жатқан тұрғындардың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, қашан да ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін деген тілегін жеткізді.
– Аудан орталығынан шалғай орналасқан Тасарық ауылы қазақы қаймағы бұзылмаған, бір-бірімен тату-тәтті, ынтымағы мен берекесі жарасқан мекеннің бірі. Сондықтан болар ауыл тұрғындарының бірлігі бекем, тірлігі тиянақты. Бүгін біз сіздермен бірге ауыл күнін атап өтіп жатқан керемет шараның куәсі болып отырмыз. Ауыл күнін атап өту барысында көптеген игілікті істерді көзбен көріп жатырмыз. Әрине, мұндай салтанатты шараны ұйымдастыра білу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Тек берекесі тасып, ынтымағы артқан, жастары жалындап тұрған ауылдар ғана қолға алып, абыроймен өткізе алады, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Мұнан соң туған жердің өсіп-өркендеуіне белсене атсалысып, ауыл мәдениетін көтеруге өлшеусіз үлес қосқан бірқатар азаматтарға «Алғыс хат» тапсырып, ризашылығын білдірді.
Бұл күні аудан әкімі Мұхтар Оразбаев елді мекендегі №238 мектептің оқушыларымен кездесіп, шәкірттермен бірге жас көшеттерді отырғызды. Тал егу жұмыстарына ауыл күніне арнайы келген қонақтар да өз үлестерін қосты.
Ауыл күні аясында жаңа мешіт пайдалануға берілді. Осы елден шыққан азаматтар мен ауыл тұрғындарының күшімен салынған имандылық үйінің ашылу салтанатында Қазалы ауданының құрметті азаматы Сержан қожа Берденұлы, аудандық Жанқожа батыр мешітінің бас имамы Берік Сүлейменов, ардагер ұстаз Алмат Сұлтамұратов құттықтау сөз сөйлеп, игі тілектерін жеткізді.
Бұл күні спорттың сан түрінен сайыстар ұйымдастырылды. Оған ауданымыздың әр түкпірінен келген спортшылар бақ сынады. Ұйымдастырушылар жарыс жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтарды табыстады.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат