Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ата есімін ұлықтаған ұрпақ

Ата есімін ұлықтаған ұрпақ

Әрбір адам осы өмірде ізгі іс жасап, сауап алып, ұрпағына, отбасына, әулетіне, тіпті еліне өнегелі із қалдырып кетуге тырысады. Дінімізде үзілмейтін сауаптың бірі – мешіт салу. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол үзілмейтін сауап жайлы өз хадисінде былай дейді: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды».
Ислам дініндегі сауабы үзілмейтін ізгі амалдың бірі мешіт салуды қолға жанның бірі – Қазалының тумасы Жұмақан Байсалбаевтың ұрпағы Мадина Байсалбаева.
Өз заманында жұртына адал еңбек етіп, туған жерінің өсіп-өркендеуіне, ондағы тұрғындардың сауат ашуына зор үлес қосқан Жұмақан Байсалбаев 1882 жылы Қазалы ауданына қарасты Майлыбас елді мекенінде дүниеге келген. Ол Қарабұтақта алғаш ашылған төрт кластық орыс-түзем мектебінде білім алады. 1911 жылдан теміржол торабында еңбек жолын бастайды. Әкесі Байсалбайдан мұсылманша білім алған Жұмақан орыс тілінде жетік меңгеріп алады. Бертін келе құқық қорғау саласына ауысады. Осы салада қызмет етіп жүргенінде ауылдастары болыстыққа сайлайды. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат ең алдымен ұрпақ тәрбиесіне аса мән береді. Ауылда мұсылманша хат танып жүрген балалардың орыс тілін меңгеруіне мұрындық болып, ауылдан мектеп ашады. Бұл мектеп бастауыш мектеп болып салынғанмен, кейін шамамен 7-9 сыныпқа дейін бала оқитын дәрежеге жеткен. Аталған білім шаңырағыннан елге есімі белгілі азаматтар түлеп ұшты. Олардың қатарында Шәкібай Мамытов, Жанділда Жақыпов, Ержан Төлеков, Қызылорда қаласы атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған Жабақ Берденов, Қызылорда қаласындағы автобаза директоры болған Еділ Ыбыраев, облыстық ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары Алдан Балымбетұлы бар. Кейінгі буыннан Самұрат Имандосов, Нәжімедин Мұсабаев, Тастайбек Мұсабаев, Игілік Қожамұратовты мақтанышпен айтуға болады. Білім ошағынан бөлек, медициналық бөлімшенің бой көтеруіне де Жұмақан болыстың ықпалы зор болған.
Атасы туралы естеліктермен бөліскен Мадина Зейнелғабдинқызы ол кісінің халқына деген қамқорлығы мен жұртына деген мейірімділігін ыстық ықыласпен еске алды.
– Менің Байсалбай бабам Меккеге алты ай түйемен жүріп барған қажы болған. Өте білімді кісі екен. Ал одан туған Жұмақан атам туралы көз көргендер жиі айтатын. Елге жасаған жақсылығы көп болды. Соның бірі – ашаршылық жылдарындағы жағдай. Атам отызыншы жылдары ауылдастарынан алтын, күмістен жасалған заттарды, басқа да өтімге жарайтын заттарды жинап, Қарақалпақстанға апарып, тұқымдық бидайға айырбастайды. Елге оралғаннан кейін дарияның жағасына бидай ектіреді. Осылайша ауылдастарын аштықтан аман алып қалған екен. – деп тебірене әңгімесін бастады редакциямызға арнайы келген Жұмақан атаның немересі.
Ел аузында Жұмақан ата жайлы жылы сөздер жетерлік. Жанділда Жақыповтың «Үш Шобан» кітабында Жұмақан Байсалбаев туралы: «Саясаткер, ірі тұлға, халыққа басшы болған, халық үшін еңбек еткен азамат. «Қара түбек» деген жерге егін еккізіп, суару үшін кең арық қаздырған. Ол арық әлі күнге «Жұмақан арығы» деп аталады» деп жазылған. Бұл жинақта Жұмақан Байсалбаевтың ауылдық кеңестің, колхоздың, тіпті Қазалы қалалық кеңесінің төрағасы болғандығы да айтылады. Ал «Ана тілі» газетінде жариялаған мақаласында Нұркен Жандәулетұлы: «Отызыншы жалдардағы қуғын-сүргіннің салқыны Жұмақан да теді. Ақырында туған жерден жырақтап, Жамбыл, Алматы облыстарында қызмет істеуіне тура келеді. Алайда қай жерде жүрсе де адалдығы, кісілігінің арқасында сый-құрметке бөленді. Сауда саласында басшылық қызметтер атқарды» деп жазады.
Бүгінде атасының өнегеге толы ұлы жолын ұрпағы жалғап келеді. Байсалбаевтар Майлыбас ауылдық округіне қарасты теміржол бойындағы «Майлыбас» бекетінде жаңа мешіт салды. Имандылық үйінің ашылу салтанатына Қызылорда облысының бас имамы Абуов Болатбек қажы арнайы келіп, жаңа мешіт халықтың рухани жаңғырып өркендеуіне үлес қосатын, жастарды жақсы бағытта тәрбиелеуге үлкен мүмкіндік беретін орын екенін жеткізді. Бұдан бөлек, аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов және Қазалы ауданының құрметті азаматы Нәжмадин Мұсабаев елді мекен тұрғындарын қуаныштарымен құттықтап, жиылған жамағатқа ақжарма лебіздерін арнады.
Бүгінде бақилық болған Жұмақан Байсалбайұлының ұрпақтары мен оның қызы Мадина Байсалбаева игі істі жалғастырып мешіт құрылысын толықтай аяқтап, ел-халықтың ыстық ықыласына ие болды.
Мадина Байсалбаева 1956 жылы «Майлыбас» ауылында дүниеге келген. Әйтеке би кентіндегі Қ.Сәтбаев атындағы №216 орта мектепті 1973 жылы үздік бітіріп, ауылшарушалық жоғарғы оқу орнында білім алған. Еңбек жолын облыстық ауылшарушалық финанс бөлімінде бастаған. 1977 жылы Көшербай Құлмұратов есімді азаматпен шаңырақ көтеріп, отбасылық өмірге қадам басты. Шаңырақта екі қыз, бір ұл өмірге келді, олардан бес немере сүйді. Бауыржан Көшербайұлы қаржы және экономика маманы, Ляззат Көшербайқызы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Денсаулық сақтау саясаты және менеджмент кафедрасының меңгерушісі, Қауымдастырылған профессор. Гүлзат Көшербайқызы Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Экономика ғылымдарының магистрі «Қаржы, Салық және салық салу» және Қайнар Университетінің Әлеуметтік ғылымдарының магистрі «Психология».
Жолдасы Көшербай Құлмұратов 1968 жылы Бекарыстан би ауылындағы Ү.Түкітбаев атындағы №24 мектептің түлегі. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтының Алматы қаласындағы филиалында «Астықты сақтау және өңдеу технологиясы» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Алғаш еңбек жолын Торғай облысы, Қима ауданында астық қабылдау мекемесінің директорының орынбасары болып бастаған. Одан кейін Жалағаш астық қабылдау мекемесінің директоры, Қызылорда өндірістік астық өнімдері басқармасының директоры қызметтерін абыроймен атқарды. 1994 жылдан өмірінің соңына дейін жеке кәсіпкерлікпен айналысын. Ел ағасына айналған азамат Арал экологиялық апат аймағында кәсіпкерлк саласында жаңа жұмыс орындарын ашып, жастарды осы салаға баулыды.
– Жолдасым өмірінің соңғы жылдары «Майлыбас» ауылының тұрғындарымен етене араласып, тұрмыс-тіршілігімен танысуға ден қойды. Ауылда мешіт салуды ойластырдық. Қаладағыдай имандылық үйінің ауылдық жерлерде де бой көтергенін қалады. Көп жұмыс жасады. Себебі, мешіт салуға тұрғындар саны аз деп рұқсат бермеді. Орталық діни басқармаға жазып, бір жыл жүріп, дәлелдеген сәтте жолдасым өмірден өтті, – деп Мадина апай мұңайып қалды.
Алайда «Орнында бар, оңалар» демей ме? Жолдасы Көшербай Құлмұратовтың қолға алған игі бастамасын Мадина Зейнелғабдинқызы жалғады.
– Майлабасқа мешіт салуымыздың себебі – сонау қиын-қытсау заманда осы ауылда мектеп, медициналық пунк ашқан, халқымды ашаршылықтан қайтсем аман сақтап қаламын деп, тер төккен атамыз Жұмақан Байсалбаевтың есімін ел жадынан өшірмеу еді. Аллаға шүкір, ол күнге де жеттік. Мешіттің мән-мағынасы «сәжде, құлшылық жасайтын орын» дегенді білдіреді. Ал шариғатымыздағы мәні: Аллаға иман келтірген мұсылмандар жиналып намаз оқитын, өзге де құлшылықтарын жасайтын қасиетті мекен. Сонымен қатар, мешіт – көңілі жабырқау жандар пана тауып, өмірден тауқымет көріп қиналып жүрген адамдар демеу көретін қайырымдылық пен ізгіліктің ордасы. Ең бастысы, құлшылық үйінде пенденің жүрегі тыныштық табады.
Сондықтан Аллаға иман еткен мұсылмандар мүмкіндігінше мешіт салуға ерекше ден қойған және бұл сауапты істі айрықша ықыласпен орындауға тырысқан. Өйткені, мұсылман қауымын бірлікке үндеп, ізгі істерге ұйытуда мешіттің рөлі ерекше.
Жер бетіне жіберілген пайғамбарлардың өмір тарихына қарайтын болсақ, олардың бірінші кезекте қасиетті істі, яғни мешіт салуды қолға алғанын көреміз. Ислам тарихына зер салып қарайтын болсақ, Мекке мүшіріктерінен қысым көріп, Мәдина қаласына қоныс аударуға мәжбүр болған Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең әуелі қолға алған қасиетті ісі мешіт салу болған. Міне, біздің де көздегеніміз – елдің қажетіне жарасақ деген мақсатымыз орындалды. Мен қатты қуаныштымын, – дейді Мадина Байсалбаева.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

19 тамыз 2023 ж. 245 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031